«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әр рөлім қымбат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Театр – хас сұлудың көз жа­сындай мөлдір өнер”. Әрбір сахна­гер өзіне берілген рөлді көзінің қарашығын­дай көріп, аялауы керек. Өңіріміз­дегі қазақ өнерінің қара­ша­ңырағы – Сәбит Мұқанов атын­дағы облыстық қазақ сазды-драма театрының та­балдырығын 2013 жылы аттаған күннен бастап Ғ.Мү­сіреповтің “Қыз Жібегінде” Дүрия­ның, Б.Нушичтің “Қарапайым ада­мында” София­ның, Софоклдың “Эдип патша­сында” Иокастаның, Д.Исабеков­тің “Өйтпесе Мағжан бола ма?” туындысында Мәдина­ның, С.Мұ­қановтың “Шоқанында” Айжанның рөлін сомдадым. Әр рөлдің өз қызығы мен қиындығы болды.

Түркі тілдес халықтардың жа­рық жұлдызы Мағжан Жұма­баевтың “Шолпанның күнәсі” (Режис­сері Баатырбек Шамбетов) спектакліндегі Шолпанның рөлі ар­қылы көрермендердің құрметіне бөленгенімді мақтаныш тұтамын. Бұл – менің шығармашылығым­да­ғы негізгі рөлдердің бірі. Сәрсен­бай мен Шолпан есімді ерлі-зайыптының қосылғандарына үш жыл болса да, араларында бала жоқ. Есесіне кіршіксіз таза се­зім бар еді. Көрші-қолаң, ағайын-туыстың әңгімесі оларды қызық­тыр­майтын. Шолпан тіпті жарат­қаннан “Бала бере көрмеші!”, – деп тілейтін. Кейін “Бала берші!”, – деп жалынатын болды. Басын сәж­деге қойып, күндіз-түні Құдайға жалбарынды. Арада нәрестенің болмауына – Сәрсенбайдың бе­деулігі себеп. Қайғыдан құса боп жүрген отбасы осылай 8 жылын өт­кізеді. Күндердің күнінде Шолпан­ды жаман ойлар мазалайды. Арам­дықтың арбауына түскен әйел Сәрсенбай жоқ кезде 18 жас­тағы Әзімбай есімді қайын інісімен көңіл қосады. Бұл жағдай жарты жыл бойы қайталанады. Сөйтіп, Шолпанның құрсағына бала біте­ді. Ақ төсегінің арамдалғанын білген Сәрсенбай Шолпанды соққыға жығады. Осылайша, Шолпанның ба­ласы шетінейді, ал өзі келесі күні қайғыдан қан жұтып, қаза та­бады.

Шолпанды сахнаға алып шығу оңай болды деп айта алмаймын. Мағжан ақын жазған Шолпан сияқ­ты қуану, мұңаю, қайғыдан қан жұту, арпалысу қажет болды. Әйел затының өмірлік мұраты дү­ниеге сәби әкелу, жан-жарын ба­қытты қылу. “Шолпанның күнәсі” – спектаклі – психологиялық драма. Кейіпкердің ойын, қиналысы мен жан тебіренісін алпыс екі тамы­рыңнан өткізіп, уайым-қайғысын сезіну үшін қажымас қайрат қажет. Бұл қойылым арқылы нәзік жандарға тәннің сұлулығынан жанның сұлулығы маңызды екенін жеткізе алсақ, актрисаның миссиясын орындай алғанымыз. Шығарма­шы­лық топ осы мақсатқа жетті де­ген пікірдемін.

“Талантқа бәрінен бұрын ба­тыл­дық керек”, – деп атақты сах­нагерлер айтқандай, өнер шыңына шығу үшін өзіңді табанды­лықпен танытуға тиіссің.

Театр ұжымы 2023 жылдың шілде айында Грузия мемле­ке­тінің Озургетти қаласында өткен Но­дар Думбадзе атындағы IV ха­лықаралық театр фестиваліне қатысты. Біз әзірлеген “Кукарача” қойылымы “Ең үздік интерпре­тация” аталымында үздік деп танылды. Инга рөлін сомдаған ма­ған қазылар алқасы ризашылықтарын білдіріп, “Үздік шетел актри­сасы” аталымының жеңімпазы деп таныды. Кеңестік дәуір кезін­дегі сабақтасып жатқан қалың оқи­ғадан сыр шертетін қойылымдағы өз рөлімді сахнаға шығару үшін алты-ақ күн дайындалдым. Қай рөл болмасын, өз ерекшелігімен ел есінде қалады. Дәріханада жұ­мыс істейтін, өжет мінезді, өз күнін өзі көріп жүрген 19 жасар Инга – театр қоржынына олжа салған кейіпкер. Ол Кукарачаны жақсы көреді. Майдан даласында мед­бике болып жүріп қайтыс болады. Бұл рөлдің бір қиындығы сахнада демалуға мұрсат жоқ. Муртало бо­лып та, Инга болып та ойнау керек.

“Сараң” спектакліндегі Элиза­ның рөлі де жаныма жақын. Әкесі оны қалталы азаматқа тұрмысқа бергісі келеді. Ал ол болса өз сүй­генімен қосылып, бақытты болуды армандайды. Элизаның образы ар­қылы махаббатқа ештеңе де тос­қауыл бола алмайтынын жеткізуге тырыстым.

Менің ойымша, кез келген ма­ман иесі өзінің жұмысын махаб­батпен атқарса биіктерді бағындырары сөзсіз. Қазақ қызының өмірдің түрлі саласында: өнерде, спортта, әскери қызметте жүрге­ніне қуанамын. Өнерде, со­ның ішінде театрда жүрген қыз-келіншектердің еңбектері қандай құр­метке болсын лайық. Шынайы өнер­ге шөліркеп келген көрер­мен­ге қуаныш сыйлау – шын бақыт.

Жанар НАСЫРОВА,

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp