Қара қоян жылы еліміздің бірқатар өңірлерін үлкен әбігерге салып отырған жайы бар. Әсіресе қытымыр қыстың өте жайсыз тигені соншалық, азын-аулақ мал өсіріп, бала-шаға нәпақасын айырып отырған ауылдықтар қазіргі уақытта не істерлерін білмей, дағдарып қалған сыңайлы. Өйткені ала жаз бойы қамдаған жемшөп қоры түгесіліп, жергілікті билік орындарынан көмек сұрауға мәжбүр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар және Уәлиханов аудандарына жұмыс бабымен барғанда тұрғындар осы мәселені көтеріп, тиісті басқарма басшыларының және серіктестік жетекшілерінің қатысуымен жедел кеңес өткізілді. Онда Ғауез Торсанұлы мал азығының тапшылығын шешуді тапсырып, шөп және сабанмен жедел түрде қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. Біз облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметімен хабарласқанымызда екі ауданға 180 орама шөп, 246 орама сабан, 189,7 тонна жем жеткізілгенін, өңір шаруашылықтарынан көмек асар әдісімен жалғасып жатқанын білдік.
Қазақтың ырымында қоян жылы өте ауыр жыл саналған. Соңғы екі ғасырдағы ауыртпалық халық жадында сақталып қалған. 1867-68 жылдары – “жалпақ қоян жұты”, 1879-80 жылдары – “үлкен қоян жұты”, 1891-92 жылдары – “кіші қоян жұты”, 1915-16 жылдары “тақыр қоян немесе аққоян жұты” болып, негізгі күнкөріс – төрт түлік шығынға ұшыраған. 1916 жылға дейін қазақтың сайын даласында 3 млн. 174 мың жылқы, 10,5 млн. қой жайылып жүрсе, “тақыр қоян жұтынан” кейін жылқы – 1 млн. 892 мың, қой 2,5 млн. басқа дейін кеміп кеткен. (“Қазақ жылқысының тарихы” энциклопедиясынан). Бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамында табиғат апатының зардабын алдын ала болжаған ел ақсақалдары мұндай жағдайда малға беретін шөп, пішен қорын алдын ала, күні бұрын ұйымдастырып, дөңбек сүйреткімен қар мен мұзды аршып, малды тебінге шығарып, амалын тауып отырған. Ал бүгінгідей озық технологияның қарыштап дамыған заманында ауа райының қуаңшылық, бұрқасын, сірескен көк мұз сияқты қолайсыз құбылыстарына қарсы әрекет етудің, қиындықтарды еңсерудің мүмкіндіктері мол. Өкінішке қарай, Ақжар және Уәлиханов аудандарында жемшөп тапшылығы 2023 жылы байқалса да, округ әкімдіктері оған жете мән бермеген тәрізді, жағаны жайлауға жіберген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев БАҚ өкілдеріне берген қысқаша сұхбатында 2024 жылы қыстан қысылмай шығу үшін 940 мың тонна шөп, 211 мың тонна пішен, 216 мың тонна сүрлем, 867 мың тонна сабан, 818 мың тонна жем әзірлеу қажеттігін айта келіп, құрғақшылық кесірінен жоғарыда аталған аудандарда мәселелер туындап отырғанын ескерткен. Облыс тұрғындарының қораларында 64084 бас мал болса, жемазықпен 47 пайызы ғана қамтылған. Өкінішке қарай, оған дер кезінде құлақ асқан жан табылмаған секілді. Бұл бір. Екіншіден, елді мекендер маңында жайылымдық және шабындық жерлер жеткіліксіз, күтім жоқтығынан құнарынан айрылған. Үшіншіден, қарапайым халықтың табысы жемшөптің қымбаттау қарқынына ілесе алар емес.
“Шаруашылықтың бағымында 500 жылқы, 1300 қой бар. Жемшөп қоры жеткілікті. Меңгесерліктердің шөбі таусылған білем, менен 6 тіркеме сабан алып кетті. Бір жақсысы, егіс алқаптарында сабан көпенелері сол қалпында тұр. Естуімше, Ақжар ауданында тыңайтқыш ретінде турап тастайтын көрінеді. Бұған жедел түрде тыйым салған жөн. Уәлиханов ауданына 24 орама сабан тегін жіберілді. Шөптің бағасы аспандап тұр. 250 килограм орама шөптің құны – 12-14 мың теңге. Адамдар оны ақшаға да таппай жүр. Шөп бағасының өсуі мал басының азаюына әкеп соқтырары анық. Әрине, қытымыр қыстың ортасында жаңбыр жауып, одан кейін күн күрт суытып, жайылымдардың мұздаққа айналуы салдарынан жылқы тебіндеп, жайыла алмай қалды. Бірақ қолдан келер қайран жоқ деп қарап отыруға болмайды. “Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла”, – деп бабаларымыз текке айтпаған. Істің көзін тауып, ұтымды түрде ұйымдастыра білсе, табиғаттың кез келген жағымсыз көрінісіне тосқауыл қойып, тығырықтан шығуға болады”, – деді әңгімелескенімізде Мамлют ауданындағы “Арқалық” ЖШС-ның директоры Нағашыбай Барлыбаев.
Қызылжар ауданы Архангелка ауылындағы ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев малсақ жандар мал азығын жаздыгүні қамдап алуға қанша ұмтылса да, жерлердің елді мекен іргесіне дейін жыртылып тасталғанын, шабындықпен жайылымдар әлдекімдердің иелігінде кеткенін, олар мал өсірмеген соң мал азығын дайындамайтынын, ал ауыл шаруашылығы бөлімдері мен жергілікті әкімдіктер жалған статистикалық есепке үйір екенін жеткізді.
“Жемшөптің бағасы күйіп тұрғандықтан, қолында малы бар ауылдағы ағайын осы жайтқа қатты алаңдайды. Меніңше, мал азығын дайындауға мемлекет тарапынан бақылау қажет. Әйтпесе, осындай көріністер жылда қайталана береді. Былтырлары Қазақстанда жемшөп өндірісі 12 пайызға қысқарған. Бір шаруа қожалығына заңсыз берілген 145 гектар шабындықты қайтару үшін бір жыл бойы соттасып келеміз. Бұдан бөлек, 290 гектар жайылымның облыс орталығының бір тұрғынына беріліп кеткені анықталды. Жер қатынастары бөлімі осындай берекетсіздіктерді жоюға дәрменсіз”, – дейді Әлім Әйіпұлы ашынған үнмен.
Аққайың ауданы Ленин ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақовтың айтуынша, қыс ортасында табиғат аяқасты құбылып, нөсер жаңбырға ұласуы – сирек кездесетін құбылыс. Соның салдарынан тебінде жүрген Қамбар ата түлігінің күйі кетіп, биелер іш тастаған. Жылқы иелерінің көбі қысқа азық-қорын жасамағандықтан, оларға өте ауыр тиіп отыр. Малдың шығынсыз болмайтыны түсінікті. Бірақ қылқұйрықтылар тебіндейтін жерлер жоқтың қасы. Себебі қардың қалыңдығы жарты метрге дейін жетеді. Жекенің жылқысы қораға қамалған. “Табиғаттың қолайсыз құбылыстары үдей түссе, жағдай күрделеніп кетуі мүмкін. Аталарымыз “қоянның кіруінен шығуы ауыр болады”, – деп айтып отыратын. Алдағы уақытта ірілі-ұсақты фермерлер қоян жылынан сабақ ала отырып, сапалы жемшөп қорын әзірлеуді басты бағдар етуі қажет”, – деді округ әкімі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапарларының бірінде “Үкімет әкімдермен бірлесіп, жемшөптің қымбаттап кету мәселесін шешуі керек. Бұл – кәсіпкерлер үшін басты тежеуші факторлардың бірі. Бүгінде жемшөп бағасы ауыл тұрғындары шығынының үштен бір бөлігін құрайды”, – деп атап көрсеткен еді.
Солтүстігі мен солтүстік-шығысында Ресейдің Омбы, шығысында Павлодар, оңтүстігінде Ақмола облыстарымен шектесетін, аумағы 12,88 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан Уәлиханов ауданының жер бедері далалы, жазықты болып келетіндіктен, астықтан гөрі мал өсіруге қолайлы. Қазір ауданда 32579 ірі қара, 29744 қой, 21751 жылқы бар.
Ауданда мұз құрсанған даладан шөп тауып жей алмаған 150-дей жылқы шығынға ұшыраған. Биелердің арасында құлын тастағандары да аз емес. Қамбар ата түлігін қыс бойы тебінге жіберіп үйренген адамдар аштан бұратылып, әбден жүдеген тай-жабағыларды қолға ұстайын десе, ол үшін шөп дайындалмаған, қора салынбаған. Тіпті фермерлердің өздері табиғаттың дүлей күшіне, қоян жылының ауыртпалығына еш қайран қыла алмай отыр. Техникалары ескі, лизингпен алуға қалта көтере бермейді. Күші келгендері шөп-сабанды Павлодар, Ақмола облыстарынан тасымалдап жеткізген. Өңір басшысының шұғыл тапсырмасынан кейін жергілікті агро құрылымдардан көмек келе бастаған.
Қайрат ауылдық округінің әкімі Ержан Битниевтің айтуынша, Жасқайрат және Қайрат ауылдарында 415 адам тұрады. Негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік мал.
“9 ақпанда бет қаратпайтын боран, ұйытқи жел соғып, оның соңы жылымық қар аралас жаңбырға ұласып, малды да, жанды да әбден титықтатып кетті. Ауылдардың малы қыста көбіне Түбек деген жерде бағылады. Шөбі шүйгінді әрі ық. Алайда табиғаттың аяқасты құбылуынан жер тоң болып қатып қалды, жылқының тебіндеуі қиынға соқты. 100-ге жуық көтерем тай-жабаның өлексесі табылды. Олардың нақты иесін анықтау мүмкін емес, өйткені чип салынбаған. Іш тастаған мал көп. 250-дей жылқының қай жаққа ығып кеткені белгісіз. Іздестіріп жатырмыз, әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Былтырғы қуаңшылық салдары да ауыр соқты”,– дейді ол.
Ауданның тиісті бөлім жетекшілерімен, мамандарымен телефон арқылы хабарласқанымызда, әр нәрсені сылтауратып, сұрағымызға жауап беруге құлықсыз екендіктерін байқатты. Жылқы жұтап, шығынға ұшырап жатқан кезде құзырлы мекемелердің үні естілмеуі түсініксіз. Соған қарағанда, ресми орындардың сөзі мен ісі қабыспай жатыр ма деп қалдық. Ауданда суармалы жерлерді игеру жолға қойылмаған. Тайынша ауданына қарасты “Астық-STEM” ЖШС жаңбырлатқыш қондырғы арқылы жоңышқа егіп, бітік өнім алып жүр. Бұл тәжірибені неге қолданбасқа? Кей мал иелері тек сабанды ғана талғажау етіп отырғаны ойландырмай қоймайды. Өйткені “Қазгидромет” мамандарының болжамы аса қуанта қоймайды. Көктем әдеттен кеш келмек. Бір ай ішінде қыс мезгіліндей суық ауа райы, қар, боран, жиі көктайғақ, тұман болады деп күтілуде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.