«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨТЕРЕМ МАЛ КӨКТЕМГЕ АМАН ШЫҚСА ИГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қара қоян жылы еліміздің бір­қатар өңірлерін үлкен әбігерге салып отырған жайы бар. Әсіре­се қытымыр қыстың өте жайсыз ти­гені соншалық, азын-аулақ мал өсіріп, бала-шаға нәпақа­сын айырып отырған ауылдық­тар қазіргі уақытта не істерлерін білмей, дағдарып қалған сы­ңай­лы. Өйткені ала жаз бойы қам­да­ған жемшөп қоры түгесіліп, жер­гілікті билік орындарынан көмек сұрауға мәжбүр. Об­лыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар және Уәлиханов ауданда­ры­на жұмыс бабымен барғанда тұр­ғын­дар осы мәселені көтеріп, тиіс­ті басқарма басшыларының және серіктестік жетекшілерінің қатысуымен жедел кеңес өткізіл­ді. Онда Ғауез Торсанұлы мал азы­ғының тапшылығын шешуді тапсырып, шөп және сабанмен же­дел түрде қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. Біз облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметімен хабарласқанымызда екі ауданға 180 орама шөп, 246 орама са­бан, 189,7 тонна жем жеткізілге­нін, өңір шаруашылық­та­рынан кө­мек асар әдісімен жал­ғасып жатқанын білдік.

Қазақтың ырымында қоян жы­лы өте ауыр жыл саналған. Соң­ғы екі ғасырдағы ауырт­палық халық жадында сақталып қалған. 1867-68 жылдары – “жал­пақ қоян жұ­ты”, 1879-80 жыл­дары – “үлкен қоян жұты”, 1891-92 жылдары – “кіші қоян жұты”, 1915-16 жыл­да­ры “тақыр қоян немесе аққоян жұ­ты” болып, негізгі күнкөріс – төрт түлік шығынға ұшыраған. 1916 жылға дейін қазақтың са­йын даласында 3 млн. 174 мың жылқы, 10,5 млн. қой жайылып жүр­се, “тақыр қоян жұтынан” кейін жылқы – 1 млн. 892 мың, қой 2,5 млн. басқа дейін кеміп кеткен. (“Қа­зақ жылқысының тарихы” эн­циклопедиясынан). Бұрынғы дәс­түрлі қазақ қоға­мында таби­ғат апатының зарда­бын алдын ала болжаған ел ақ­сақалдары мұндай жағдайда мал­ға беретін шөп, пішен қорын ал­дын ала, кү­ні бұрын ұйымдас­тырып, дөңбек сүйреткімен қар мен мұзды ар­шып, малды тебін­ге шығарып, амалын тауып отырған. Ал бү­гінгідей озық тех­нологияның қа­рыштап дамыған заманында ауа райының қуаң­шы­лық, бұрқа­сын, сірескен көк мұз сияқты қо­лайсыз құбылыс­та­рына қарсы әре­кет етудің, қиын­дықтарды ең­серудің мүм­кін­дік­тері мол. Өкі­нішке қарай, Ақжар және Уәли­ханов аудан­дарында жемшөп тапшылығы 2023 жылы байқал­са да, округ әкімдіктері оған жете мән бер­меген тәрізді, жағаны жайлауға жіберген. Об­лыстық ауыл ша­руа­шылығы жә­не жер қатынас­тары басқарма­сының басшысы Мейрам Меңді­баев БАҚ өкілде­ріне берген қысқаша сұхбатын­да 2024 жылы қыстан қысылмай шығу үшін 940 мың тонна шөп, 211 мың тонна пішен, 216 мың тон­на сүрлем, 867 мың тонна сабан, 818 мың тон­на жем әзір­леу қажеттігін ай­та келіп, құр­ғақшылық кесірінен жоғарыда аталған аудандарда мәселелер туындап отырға­нын ескерткен. Облыс тұрғын­дарының қорала­рында 64084 бас мал болса, жемазық­пен 47 пайызы ғана қамтылған. Өкінішке қарай, оған дер кезінде құлақ асқан жан та­былмаған секілді. Бұл бір. Екін­шіден, елді мекендер маңында жайылым­дық және шабындық жерлер жет­кіліксіз, күтім жоқтығынан құна­ры­нан айрылған. Үшін­шіден, қарапайым халық­тың табысы жемшөптің қымбат­тау қарқы­нына ілесе алар емес.

“Шаруашылықтың бағымын­да 500 жылқы, 1300 қой бар. Жем­шөп қоры жеткілікті. Меңге­серліктердің шөбі таусылған бі­лем, менен 6 тіркеме сабан алып кетті. Бір жақсысы, егіс ал­қаптарында сабан көпенелері сол қалпында тұр. Естуімше, Ақ­жар ауданында тыңайтқыш ре­тінде турап тастайтын көріне­ді. Бұған жедел түрде тыйым сал­ған жөн. Уәлиханов ауданына 24 орама сабан тегін жіберілді. Шөп­тің бағасы аспандап тұр. 250 ки­лограм орама шөптің құны – 12-14 мың теңге. Адамдар оны ақ­ша­ға да таппай жүр. Шөп баға­сының өсуі мал басының азаюы­на әкеп соқтырары анық. Әрине, қытымыр қыстың ортасында жаң­быр жауып, одан кейін күн күрт суытып, жайылымдардың мұз­даққа айналуы салдарынан жылқы тебіндеп, жа­йыла алмай қалды. Бірақ қолдан келер қайран жоқ деп қарап оты­руға болмайды. “Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла”, – деп баба­ларымыз текке айтпаған. Істің көзін тауып, ұтымды түрде ұйым­дастыра білсе, табиғаттың кез келген жағымсыз көрінісіне тосқауыл қойып, тығырықтан шы­ғуға болады”, – деді әңгімелес­ке­німізде Мамлют ауданындағы “Арқалық” ЖШС-ның директоры Нағашыбай Барлыбаев.

Қызылжар ауданы Архангел­ка ауылындағы ақсақалдар ал­қа­сының мүшесі Әлім Төлебаев малсақ жандар мал азығын жаз­дыгүні қамдап алуға қанша ұм­тылса да, жерлердің елді мекен ір­гесіне дейін жыртылып тастал­ғанын, шабындықпен жайылым­дар әлдекімдердің иелігінде кет­ке­нін, олар мал өсірмеген соң мал азығын дайындамайтынын, ал ауыл шаруашылығы бөлім­дері мен жергілікті әкімдіктер жалған статистикалық есепке үйір еке­нін жеткізді.

“Жемшөптің бағасы күйіп тұр­ғандықтан, қолында малы бар ауылдағы ағайын осы жайт­қа қатты алаңдайды. Меніңше, мал азығын дайындауға мем­ле­кет тарапынан бақылау қажет. Әйт­песе, осындай көріністер жыл­да қайталана береді. Был­тырлары Қазақстанда жемшөп өндірісі 12 пайызға қысқарған. Бір шаруа қожалығына заңсыз берілген 145 гектар шабындық­ты қайтару үшін бір жыл бойы сот­тасып келеміз. Бұдан бөлек, 290 гектар жайылымның облыс орталығы­ның бір тұрғынына беріліп кетке­ні анықталды. Жер қатынастары бөлімі осындай берекетсіздік­терді жоюға дәр­­менсіз”, – дейді Әлім Әйіп­ұлы ашынған үнмен.

Аққайың ауданы Ленин ауыл­дық округінің әкімі Қайрат Ба­бақовтың айтуынша, қыс ор­та­сында табиғат аяқасты құ­бы­лып, нөсер жаңбырға ұласуы – сирек кездесетін құбылыс. Со­ның салдарынан тебінде жүрген Қамбар ата түлігінің күйі кетіп, биелер іш тастаған. Жылқы иелерінің көбі қысқа азық-қорын жасамағандықтан, оларға өте ауыр тиіп отыр. Малдың шығын­сыз болмайтыны түсінікті. Бірақ қылқұйрықтылар тебіндейтін жер­лер жоқтың қасы. Себебі қар­дың қалыңдығы жарты метрге дейін жетеді. Жекенің жыл­қысы қораға қамалған. “Табиғат­тың қолайсыз құбылыстары үдей түссе, жағдай күрделеніп кетуі мүмкін. Аталарымыз “қоян­ның кіруінен шығуы ауыр бола­ды”, – деп айтып отыратын. Ал­да­ғы уақытта ірілі-ұсақты фер­мер­­лер қоян жылынан сабақ ала оты­рып, сапалы жемшөп қорын әзір­леуді басты бағдар етуі қа­жет”, – деді округ әкімі. Прези­дент Қа­сым-Жомарт Тоқаев өңірге жа­саған сапарларының бі­рінде “Үкімет әкімдермен бірле­сіп, жемшөптің қымбаттап кету мәсе­лесін шешуі керек. Бұл – кә­сіп­керлер үшін басты тежеуші факторлардың бірі. Бүгінде жем­шөп бағасы ауыл тұрғындары шығынының үштен бір бөлігін құрайды”, – деп атап көрсеткен еді.

Солтүстігі мен солтүстік-шы­ғысында Ресейдің Омбы, шы­ғы­сында Павлодар, оңтүстігінде Ақ­мола облыстарымен шекте­се­тін, аумағы 12,88 мың шаршы шақы­рым аумақты алып жатқан Уә­ли­ханов ауданының жер бе­дері да­ла­лы, жазықты болып ке­летін­дік­тен, астықтан гөрі мал өсі­руге қо­лайлы. Қазір ауданда 32579 ірі қа­­ра, 29744 қой, 21751 жылқы бар.

Ауданда мұз құрсанған дала­дан шөп тауып жей алмаған 150-дей жылқы шығынға ұшыраған. Биелердің арасында құлын тас­тағандары да аз емес. Қамбар ата түлігін қыс бойы тебінге жібе­ріп үйренген адамдар аштан бұ­ра­тылып, әбден жүдеген тай-жа­­бағыларды қолға ұстайын де­се, ол үшін шөп дайындал­ма­ған, қо­ра салынбаған. Тіпті фер­мер­лердің өздері табиғат­тың дү­лей күшіне, қоян жылы­ның ауырт­палығына еш қайран қыла ал­май отыр. Техникалары ескі, лизинг­пен алуға қалта көте­ре бер­­­мейді. Кү­ші кел­­­гендері шөп-сабанды Пав­­ло­дар, Ақмола облыстары­нан та­сы­­малдап жеткізген. Өңір бас­шы­­сының шұғыл тапсырма­сы­­нан ке­йін жергілікті агро құ­ры­лым­дардан көмек келе бас­таған.

Қайрат ауылдық округінің әкі­мі Ержан Битниевтің айтуын­ша, Жасқайрат және Қайрат ауыл­дарында 415 адам тұрады. Не­гіз­гі күнкөріс көзі – төрт түлік мал.

“9 ақпанда бет қаратпайтын боран, ұйытқи жел соғып, оның со­ңы жылымық қар аралас жаң­бырға ұласып, малды да, жанды да әбден титықтатып кетті. Ауылдардың малы қыста көбіне Түбек деген жерде бағылады. Шөбі шүйгінді әрі ық. Алайда та­биғаттың аяқасты құбылуынан жер тоң болып қатып қалды, жыл­қының тебіндеуі қиынға соқты. 100-ге жуық көтерем тай-жабаның өлексесі табылды. Олар­дың нақты иесін анықтау мүмкін емес, өйткені чип салынбаған. Іш тастаған мал көп. 250-дей жыл­қының қай жаққа ығып кет­кені белгісіз. Іздестіріп жатыр­мыз, әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Былтырғы қуаңшылық сал­дары да ауыр соқты”,– дейді ол.

Ауданның тиісті бөлім жетек­шілерімен, мамандарымен те­лефон арқылы хабарласқаны­мыз­да, әр нәрсені сылтауратып, сұрағымызға жауап беруге құ­лық­сыз екендіктерін байқатты. Жылқы жұтап, шығынға ұшырап жат­қан кезде құзырлы мекеме­лердің үні естілмеуі түсініксіз. Со­ған қарағанда, ресми орындар­дың сөзі мен ісі қабыспай жатыр ма деп қалдық. Аудан­да суармалы жерлерді игеру жол­ға қойыл­маған. Тайынша ау­да­нына қа­расты “Астық-STEM” ЖШС жаң­бырлатқыш қондырғы арқылы жоңышқа егіп, бітік өнім алып жүр. Бұл тәжірибені неге қол­данбасқа? Кей мал иелері тек сабанды ғана талғажау етіп отырғаны ойландырмай қой­май­­ды. Өйткені “Қазгидромет” ма­ман­да­ры­ның болжамы аса қуан­та қой­май­ды. Көктем әдеттен кеш кел­мек. Бір ай ішінде қыс мезгілін­дей суық ауа райы, қар, боран, жиі көк­тайғақ, тұман болады деп күтілуде.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp