Жер дүниеге шуақ шашып, сұлулығымен айналаға нұр сепкен арулар мен қыздардың мейрамы жақындап келеді. Наурыздың алғашқы мейрамында барлығымыз ардақты әжелерді, аяулы аналарды, жарымызды, әпке-қарындастарымызды, қыздарымызды құттықтап, сый-құрметке бөлейміз. Олардың жүзіндегі күлкі, жүрегіндегі қуаныш айналаны нұрландырып, дүниені жарық етеді. Бүгінде үш қыз тәрбиелеп отырған мен үшін де халықаралық әйелдер мерекесі үлкен маңызға ие. Бұл күні мен де өміріме мән беріп, көңілімнің шуағына айналған қыздарымды құттықтауға асығамын.
Қазақ қашаннан қыздың тәрбиесіне, отбасындағы орнына ерекше мән берген. Өйткені қыз – болашақ ана, отау иесі. Сондықтан да оның бойына балауса шақтан еңбекқорлық, мейірбандық қасиеттерін сіңіруге тырысқан. Қазақ топырағында қыз баланы қашаннан ырыс-құттың, берекенің белгісі санаған. Сондықтан да оны қадірлеп, төрге отырғызған. Қыз бала нәзіктіктің, тазалықтың символындай болған соң оны еркелеткен. Бойжетіп келе жатқан балаға ауыр сөйлеп, дауыс көтеру де – ұлттық тәрбиеге жат. Үлкендер қай кезде де айтарын жұмсартып, қыздың мерейін асыра сөйлеген. Қарап отырсақ, ауыз әдебиетімізде де қыз балаға қатысты түрлі аңыз-әңгімелер, ырым-тыйымдар көп. “Қыздың жолы жіңішке”, “Қызы бар үйдің ізі бар” деген бабаларымыз өз қыздарын мәпелеп, аялап өсірген. Бұрымдыларға ер азаматтан төмен деп қарау да бертін шыққан түсініктер. Тарихымыздағы Домалақ, Зере, Айғаным, Ұлпан аналарымыз да әйел адамның қазақ қоғамындағы орны бөлек болғанын көрсетеді.
Қызы бар үйге құт кіріп, берекесі артады. Менің үш қызым да үйіміздің шуағы болып, көңілге шаттық сыйлап келеді. Үлкен қызым Сағыныш он бірге келді. Ортаншым Айша – онда. Екеуі де мектеп оқушылары. Кішкентайымыз Аяла әлі бір жасқа толған жоқ. Сәбиіміздің тәтті қылықтарына қуанып, қызықтап келеміз. Қай кезде де әкесі мен қызының арасындағы қарым-қатынас ерекше болады ғой. Әкенің қызына көңіл бөлуі, жол көрсетуі оның болашағына әсер етеді. Сондықтан мен де қыздарыммен мейлінше көп уақыт өткізіп, жақын болғым келеді. Олардың әр жетістігіне қуанып, талабына қолдау көрсету – менің міндетім. Мінез-құлқының қалыптасып, ертеңгі күнге бағыт алуы үшін әке рөлі маңызды екенін түсінемін. Кейде қыз баланың басқалардан гөрі әкесіне жақын болып, оған еркелеп, сырын ашып жататыны бар. Өйткені қандай ер адам болсын қызын көргенде мінезі жұмсарып, көңілі елжіреп кетеді. Жұмыстан үйге келіп, қыздарымды көргенде барлық шаршағанымды ұмытып, көңілім сергіп қалады. Олардың “Әкетайлап” алдымнан шыққаны бар уайымымды ұмыттырып жібереді. Балаларымның қуанған жүздері, ойнап-күлгендері өмірімнің ең бақытты сәттері сияқты. Үш бірдей қызға жақсы әке болу да – үлкен міндет. Сондықтан оларға жақсы тәрбие беріп, ертеңін жарқын ету жолында барымды салып жүрмін.
Халқымыз қыз дүниеге келгенде “Кестетігерім келді”, “Шырақжағарым келді” деп сүйіншілеген. Менің де қыздарым дүниеге келген сәттегі қуанышым әлі есімде. Әйел адамға берілген ең үлкен мәртебе – ана болу десек, ер адамның да абыройын әке болудан ауыр ештеңе көтере алмайтындай. Мен үшін қыздарым үшін әке болу жер жүзіндегі барлық атақ-дәрежеден қымбат. “Қыз – жат жұрттық” деп қанша айтқанымызбен, үйдің бұрымдылары қанша алысқа кетсе де өз ата-анасын құрметтеп, қамқорлығын аямайды.
Ата-ана үшін ең қиыны – қыз тәрбиесі. Бойжеткеннің ибалы, әдепті, сыпайы, көргенді болып өсуі – үлкендерге сын. Осының бәрін баланың бойына еркелетіп, мәпелеп отырып сіңіре білу – жауапты міндет. Бала тәрбиелей отырып ата-ана өзін де тәрбиелейді. Дүниеге қыздарым келгелі бері өзімнің де өзгеріп, олар үшін нағыз ер азаматтың үлгісі болып келе жатқанымды байқаймын. Егер олар болмаса өмірім басқаша өрілуі мүмкін еді. Қасымда үш қызым, үш періштем барда өмірде өзімді бақытсыз сезінген емеспін.
Біздің күнделікті қарбалас өмірімізге нұр шашып тұрған әйел заты. Олардың мейірімі, қолдауы, жылы сөзі, махаббаты бізге күш беріп, келер күнге жетелеп келеді. Сондықтан да бізге тірек болып келе жатқан әйелдерге жылы сөзін арнап, мейіріміне бөлеу әр ер азаматтың міндеті. Әйел бақытты болса, үйдің де берекесі артып, қуаныш молаяды. Ал бір қолымен әлемді тербететін ардақты аналардың алдында өзін бала сезінбейтін кім бар екен?
Меніңше, халықаралық әйелдер күні мерекесі әйел затын құттықтап, жылы сөзімізді арнау үшін белгіленгендей. Біз оларды тек мерекеде ғана құттықтамай күн сайын алақанымызда аялап, жүректен шыққан сөзімізді арнауымыз керек.
Данияр ХАМЗИН.
Қызылжар ауданының тұрғыны.