«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР ҚОЛ БАСТАП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1757-1758 жылдар Абылай бас­таған қазақ әскерлерінің жоңғар қалмақтарынан азат бол­ған жерлерді қайтарып, қазақтарды қайта қоныстандыру шаралары­мен өткен еді. Бірақ шығыстағы алпауыт Қытай мемлекеті “бұл жерлер жоңғарлардың ата қоны­сы, ал жоңғарлардың түбіне жет­кен біз – қытайлар, ендеше жер де қытайдікі” деп есептеп, өздері иемденгісі келді. Бұл арада жоңғар тағына таласушылардың бірі Қалдан Сереннің жиені Әмір­сананың қылығын да естен шығармайық. Ол әуелі Қытай үкіметіне өзі барып берілді де, жоңғарды қыра бастағандықтан ашық қарсы шығып, соққы жеп, жеңе алмайтын болған соң, Абылай қалмақ тұтқынында екі жыл отырғанда достасқаны есі­не түсіп, қазақ даласына Абылай сұлтанға қашып келіп, пана тап­ты. Абылай болса осы ала­уыз­дықты әдемі пайдаланды. Әмір­санаға қолдау көрсетіп, ежелгі жауымыздың іштей бүлінгенін пайдаланып, өзіне-өзін айдап салды.

Қытай үкіметінің Әмірсананы ұстап бер, әйтпесе күш қолда­намыз деген қоқан-лоққысына ашық соғыспен жауап бермесе де, сүйреткіге салып, уақыттан ұтты. Бұл жағдайлар Қытай және Ресей архивтерінде айнадағы­дай сайрап тұр. Мысалы, 1757 жылғы 9 қыркүйекте Абылайға Қытай елшілері кездеспек ниетін білдіреді. Орысқа бодандық шартының өзін бірде орындап, бірде орындамай отырған Абы­лай Қытайдың елшілерін екі ай зарықтырып барып қабылдайды. Шынында қабылдамауға да ша­ра жоқ еді. Қытайдың Еркесары және Ну Сан деген елшілерімен жүргізілген келіссөзге Абылай: “Әмірсана Ресейге өтіп кетіпті”, – деп, сүйрете жауап береді, Қы­тайдың тілегін орындамайды.

Абылай сұлтанның айласын аңғарып қалған Қытай импера­торы қазақ даласына үш жақтан әскер енгізіп, соғысты бастап жібереді. Баянаула тауында басталған ұрыстар қазан айы туып, күн суытқанға дейін Қу, Кент, Қарқаралы тауларында, Нұра өзенінің жағасында жал­ғасады. Құжаттарда Абылай сұл­танның жасағынан басқа қан­жығалы қарт Бөгенбай, Жауғаш батыр, Өтеген батырлардың есім­дері аталады. Қожаберген ба­тырдың қолына Әмірсана бас­таған қалмақ жасақтары қосы­лып соғысады. Осы соғыста Абы­лай сұлтан ауыр жараланады. “Жарасы ауыр болғандықтан ордасына жете алмай, Байжігіт мырзаның ауылына қонып қа­лыпты”, – делінген архив құжа­тында.

Тиісінше Ресей үкіметі Абы­лайдың және оның қолбасшы батырларының ізін күн сайын бақылап отырады. Ондағысы қазақ жұрты Қытаймен бітісіп, орыстың шеңгелінен шығып кете ме деп қауіптенгендік еді.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің та­қырыбына тікелей байланысты шағын кіріспемізді осымен тоқ­татайық. Айтпағымыз – Ресейдің әкімшілік, барлау қызметтері қал­дырған Қожаберген, Құлсары, Құлеке, Қошқарбай, Дат, Тұр­сынбай, тағы басқа батырларға байланысты жазба деректер туралы.

Жоңғар басқыншыларынан босаған Шығыстағы қазақтың жер­леріне Қытай қызыға бас­тағанын сезген Абылай қалың қолды Ертісті бойлатып жібере бастайды. Және де ашық бетпе-бет айқас емес, әдеттегідей жай көш шеруі, мал жайып бара жат­қандай саяхатпен аттандырады. Ертістің сыртынан келіп тұрған Қытай әскеріне қыр көрсете, зор тегеурінмен жылжып отырды.

1757 жылғы қыркүйектің 30 жұлдызында Ертіс бойындағы Железинка бекінісінің (1717 жылы салынған) поручигі Тау­шев премьер-майор Кондыревке мынандай рапорт түсіреді: “26 қыркүйек күні сағат бірге қарай Ертістің Қыр жағынан қаптаған қалың әскер көрінді. Олардың кім екенін біліп келуге қарусыз үш адам жібердік. Анау әскерден алты адам келді, екеуінің мыл­тығы бар. Аудармашы татар Есім Мұратов арқылы тілдестік. Олар: “Біз Абылай сұлтанның Қожа­берген батыр бастаған әскеріміз. Мың түндікпіз, бүкіл малы­мызбен Есілден шығып, Ертісті өрлеп көшіп келеміз… Бұл жерде екі күн еру боламыз да, өзен бойымен жоғары қарай Осмо­рожыск бекінісіне, одан әрі кете­міз. Артымызда он мың әскер­мен Құлсары батыр келе жатыр”, – деді… “Одан әрі сөйлескеніміз жоқ. Қазақтар бізден Әмірсана жайында сұрады. Захарин (орыс шекарашысы) оларға: “Әмір­сананы көргеніміз жоқ. Естуі­мізше, Ертістен өткенде біздің бір қазақ-орыс екеуі батып ке­тіпті” – деді”.

Екінші құжат 1757 жылы қа­занның 2 жұлдызында жазылған. Онда Преснов бекінісінің капи­таны Белоусов қазақ тұтқынынан қашып шыққан қалмақтың үш еркегі мен бір әйелден алынған жауап келтірілген. Аударма­шы­сы тобыл татары Қатауыл. Оның айтқаны мынау: “Аты-жөні Бан Сүн Церен, 28 жаста, жоңғар қал­мағы. Тұтқында болғанына үшін­ші жыл. Қыпшақ ұлысы Өтел би деген қазақтың қолында бол­ған. Түнде екі атпен қашып шы­ғып, Преснов бекінісіндегі орыстарға келіп паналаған. Өтел бидің тұрағы көлдің басында, Есілдің бойында, Қалмақ өткелінен ат­пен бір күндік жерде”.

Осы арада басын ашып ала­тын бір мәселе Өтел би деген Қо­жабергеннің ағалары: Өтеулі, Өтегелді, Өтеғұл, Өтен, Өте­містердің бірі емес пе? Бірақ руы қыпшақ деп атапты. Екінші сұрақ Қалмақ өткелі деген Есілдің қай тұсында? Жер жағдайын біле­тіндер бұған назар аударсын.

Тұтқынның жауабында қа­зақтардың қолына қалай түскені де жазылған. “Қожаберген деген қолбасы он шақты түндік қал­мақтарды тұтқынға алды. Басқа­сын білмеймін. Ертіс бойында Қытай әскерлері мен қазақтар таяу тұр. Бірақ қытайлар орыс­тардан қорқады, қазақтарға тиіс­пейді. Қалмақтар Қытайдан қа­шып, орыстарға бодан болғысы келеді. Бірақ қазақтар оларды Ертістен өткізбей тұр”.

Міне, жазба құжат дегеннің осындай қымбат қасиеті бар. Қал­мақтың тұтқын жігіті Қожаберген есімін бізге қалдырды. Сонымен бірге бұдан екі жүз елу жыл бұрынғы қазақ, қытай және қал­мақ қатынастары жөнінде де нақты мәлімет алып отырмыз. “Естіген – өтірік, көрген – шын­дық” деген осы.

Ал енді екінші тұтқын Ора­зым­бет Әшірметов (қашқарлық, 21 жаста) Торғай өзенінің бо­йында Мұрат Гляжев деген қа­зақтың қолынан қашып шығып­ты. Бұл да өзінше сауатты. Берілген сұрақтарға орай: “Қытай әскерлері туралы естідім. Қазақ төресі Абылай қытайлармен татуласыпты, олардың бастық­тарына сый тартыпты, қытайлар Абылайға сый беріпті. Ал Абы­лай өзі өткен айда Қанжығалы Бөгенбай батырдың үйіне бір қонып кетіпті”, – деп сайрап отыр.

Үшінші құжат сол жылы Қо­жаберген көшінің Ертіс бойынан қайтпағанын, Кереку маңынан ұзай, қыстап қалғанын көрсетеді.

1758 жылғы 23 наурыз. “Кіші Керей ұлысының көсемі Қожа­бергеннің Кереку бекінісінде ұсталған алты адамын қайтар­дық, олардың ішінде Керей бо­лысының қазақтары Құдай­берді Сағындық, Табал Ырысбай, Те­бен Сағындық, Баймырза Ала­ман және Алтай болысынан Керейбай Кәрімжанов пен Үдәл Қаражанов тыйым салынған шепке кіріп, мал жайғаны үшін ұсталған болатын”.

Төртінші құжат осы оқиғаға байланысты жазылған. Онда: 1758 жылы 2 наурызда Кіші Ке­рей болысының билеушісі Қо­жаберген ұлысынан Қаңғалық Қонысбай және Мәңгей Қоныс­бай Кереку бекінісіне қарусыз келді делінген. Осы құжатта Полпоқ Қойбас, Потоянбол Утюль Қойбас (Өтел болуы мүм­кін.-З.Т.) деген ұшырасады. Әри­не, кісі аттары қате жазылған ғой. Солардың ішінде Қонысбай аса бір бетті адам болса керек: “Кі­сілерімізді бермесеңдер, шауып аламын”, – деп орыс шекара­шыларына айбат танытады. Оны өзін қамамақ болған орыс әскер­леріне: “ Мені ұстап, қамасаңдар, ертең артымнан жиырма, тіпті жүз адам іздеп келіп, сазай­ларыңды береді”, – деп қорқыт­қаны қағазға түсірілген.

Сол 1757 жылдың күзінде Қо­жаберген, Құлсары батырлар­дың қолдарымен Құлеке батыр­дың үш мыңдай әскері де Ертісті бойлап, Железинка тұсынан өткені де қағазға түскен. Бекініс прапорщиктері Демьянов пен Табрекеев қасына Өтегенов деген солдатты тілмаштыққа алып, әскерден жөн сұраған. Сонда олар: “Біз Абылайдың әс­керіміз”, – дейді. Қожаберген ба­тыр орыстардан: “Қытай әскер­лерінің қазақтармен соғысатын ниеті бар ма?” – деп сұрайды. Әмірсананың қайда екенін білгісі келеді. Өздері енді сегіз күн жү­ріп, Ертіс бойының Ақтас деген жерінде Абылайға қосылатынын айтады.

Міне, ел амандығын, жер бү­тіндігін күзеткен аталары­мыздың жорықты күндерінің алыстан жеткен жаңғырығы осындай.

Ұлы көсем Абылайдың екі оттың ортасында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргізген мәмі­легерлік еңбегін толық түсіну үшін архив құжаттарына жүгінген дұрыс. Тек келіссөз ғана емес, тамыр басып, сес көрсетіп, қазақ әскерлерінің қытайлармен қақ­ты­ғысып қалатыны да бар.

“Әмірсананы қуып келе жа­тырмыз” деген желеумен қазақ жеріне үш бағыттан енген қытай әскерінің ортаңғы қосынын Құ­дайберген батыр бөгейді, оң қанатқа Абылайдың өзі ішінде болған өз әскері қарсылық көр­сетеді. (Қытайша жазылып, сақ­талған құжаттар қате жазылуы мүмкін-ау, ал Құдайберген дегені кім екен? Сол Қожабергеннің өзі емес пе?-З.Т.)

Бірақ Абылайдың амалы мен айласы асады. Байқамай, жа­ңылысып соқтыққан болып, ше­кісіп барып бекіседі. Қытаймен тіл табысады. Шынында жоңғар­дың жолы бір басқа, қытаймен соғысса, қазақ опа таппас еді ғой. Бұл да шындық.

Қытайдың қалың қолы Ая­гөзге жеткенде Абылай елшілік ниетпен алдынан шығып, әскер­басыларға барып жолығады, Қытай патшасына арнаған хатын тапсырады. Хатта Абылай бүкіл қазақ атынан “Қытайға ел бо­луын тілейтінін, бейбіт байла­ныс­тарға бейіл” екенін көрсет­кен. Осы сәттен-ақ қазақ-қытай қатынасы оңалып сала береді. Ал орыс патшасы Абылай сұл­танның ізін бағып, әр қимылын аңдап отырса да, Қытайдан қаймығып, қазаққа тісін батыра алмады.

Ізін бағып демекші, орыстың іштен барлау қызметі Құлеке батырдың Қытайға елшілікке барғанын, Құлсары батырдың ауылы қайда көшіп, қайда қон­ғанын, Қожаберген батыр қосы­ның қозғалысын аңдып, біріне-бірі хабарлап отырғаны құжат­тардан көрініп тұр. Сенбейді-ау, қазаққа, сенбейді!

Бұл тізімге архивтерде аты кездесетін көрнекті тұлғалар ретінде Абылай сұлтанның не­мере інісі Сұлтанмұхаммет (Сұл­танмәмет) сұлтан, қыпшақ Қошқарбай батыр, уақ Арыстан батыр, қарауыл Көшетай мырза, атығай Құдайберді, Құлсары батырдың ұлы Оңдағұл (Ан­дағұл) батыр, тағы басқа батыр­лардың аттарын қосуға болады. Бұлардың әрқайсысы туралы қолда бар мәліметтерді кезегі­мен жарыққа шығару ойымызда. Әуелі әруақ риза болсын де­гендік, екіншіден, бүгінгі ұрпақ­тың есіне салу ниеті ғой. Әдетте батырлар есімі аталғанда ауыз­ша сақталған өлең шумақтарын еске аламыз, олар көбіне қисса-дастан, аңыз-әңгіме кейіпкер­лері болып, кейде нанымды, кейде нанымсыз көрінеді. Осы жүрген тірлігіміздің, мақтан тұтар Тәуелсіздігінің тамырына терең үңілетін болсақ, ең алдымен батыр бабаларымыздың бейне­сін тірілтсекші.

Сөз соңында бір-екі ескертпе тағы бар. “Бұл не деген көп батыр?” деушілер де табылып қалады. Оларға Бауыржан Мо­мышұлының аузынан өзім есті­ген мына бір сөздерді ескер­тейін: “Еш адам батыр боламын деп болмайды, батырды жағдай туғызады, заман туғызады”. Яғни қазақтың он сегізінші ға­сырын еске алайық. Ол кезде әркім батыр болып, ел қорғауға тиіс еді. Ал батырлық атақты халық берген. Екіншіден: “Бұл қай Қожаберген? Қазақта неше Қожаберген болған?” деген сұраққа тарихи деректер жауап береді. Тарих – әділ төреші. Әркімнің еңбегіне берер сыба­ғасы өзінше. Деректері көп сақталғандар – абақ керейдің шұ­барайғыр тармағынан шыққан Жәнібекұлы Қожаберген мен ашамайлы керей Таузарұлы Дәу­леннен туатын Толыбай сыншы­ның кіндігінен жаратылған Қожа­берген жырау.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp