Өңір басшысы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысу мақсатында өрт сөндіру қызметінің бөлімшелерін аралады. Петропавл қаласында орналасқан №1, 2, 3, 4 және 5, сондай-ақ Қызылжар ауданының орталығындағы №13 өрт сөндіру бөліміне барды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өртсөндірушілердің техникалық жарақтандырылуымен, күнделікті еңбек және демалыс жағдайларымен, жеке құрамның спорттық дайындығымен танысты. №2 мамандандырылған өрт сөндіру бекетін аралау барысында өртсөндірушілер мен құтқарушылар қолданатын арнайы техника мен апаттық-құтқару құралдарының көрсетілімі өтті. Облыс әкімі құралдардың техникалық сипаттамаларын, олардың төтенше жағдайлар мен іздестіру-құтқару жұмысындағы, өрт сөндірудің қиын жағдайындағы тиімділігін атап өтті. Ал №1 өрт сөндіру бөлімшесінде өңір басшысы облыстың өрттен қорғау қызметінің тарихына арналған мұражайды аралады. Бұл жерде саланы дамыту мен көркейтудегі елеулі және есте қалатын оқиғалармен, өртсөндірушілердің ерлік істерімен танысуға болады.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі төтенше жағдайлар қызметінің маңыздылығын атап өтіп, қызметкерлерге күрделі міндет – қазақстандықтарды апаттардан қорғауда табысты еңбек етуге тілектестік білдірді.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.