Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысын тексерді. Рузаевкадағы жағдай туралы есепті тыңдап, Жембарақ және Шарық өзендерін бақылап, су өткізгіш құбырларды тазалау барысын қарады. Бірлік ауылына Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жобасымен танысып, арнайы техниканың дайындығын да бақылады.
Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов көктемгі су тасқынына дайындықты пысықтау үшін төрт аудан басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Маңызды жиынға Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Тимирязев және Айыртау аудандарының әкімдері мен тиісті ведомство жетекшілері қатысты.
“Бұл мәселе өте күрделі. Барлық жауапты мемлекеттік органдарға күшейтілген жұмыс режіміне көшуді және негізгі іс-шаралар жоспарының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырдым. Әсіресе барлық су өткізгіштерді тазарту, қар шығару және инертті материалдарды дайындау жұмыстарын күшейту қажет”, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар сапар барысында Ғауез Торсанұлы әлеуметтік нысандарды аралап, “Будённое СК” серіктестігінің сүт фермасының құрылысымен танысты. Рузаевкадағы “Тұқым” серіктестігі ауыл тұрғындарына жағдай жасап, наубайхана, күрес және спорт залдарын ашып, дәмхананы жөндеген. Нежинка ауылында әкесі Мұрат Жұмабековтің ісін қызы Дина Батықова жалғастырған. “Нежинка ерке” серіктестігінде балабақша мен Мәдениет үйі жұмыс істейді, алдағы уақытта сүт фермасының құрылысы басталмақ.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.