Солтүстікқазақстандық полицейлер Аққайың ауданының 55 жастағы тұрғынының үйінен екі қап кептірілген марихуана тәркіледі.
Ер адам маскүнем ретінде есепте тұрған. Ол өсімдік тектес затты ас үйдегі газ плитасының артына жасырған. Есірткінің жалпы салмағы 8 келі 910 грамды құрады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 296-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Есірткіні өткізу фактілері және құрамында есірткі бар заттарды өсіру деректері болған-болмағанын анықтау үшін барлық мән-жайлар тексеріледі. Жылдың басынан облысымызда есірткіге қатысты 59 құқық бұзушылық анықталды, заңсыз айналымнан 15 килограмға жуық түрлі есірткі тәркіленіп алынды, – дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
“Qyzyljarnews.kz”.