Өңір прокурорлары бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізген талдау барысында мемлекеттік сатып алу заңнамасының өрескел бұзылғандығын анықтады. Ведомствоның мәліметінше, Тимирязев ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің лауазымды тұлғалары мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы қызметі туралы заңдардың талаптарын бұзған. Әкімдік 1,1 млрд. теңге тұратын қазандық құрылысы үшін мемлекеттік сатып алулар жүргізген. Алайда конкурстық құжат жұмыс жобасының қорытындысына сәйкес келмеген. Салдарынан бұл басқа конкурсқа қатысушылардың құқығын шектеген.
Қызылжар аудандық білім бөлімінің қызметкерлері 319,3 млн. теңге сомаға Якорь ауылындағы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алулар жүргізген. Алайда олар заң талаптарына қайшы келіп, мүгедектердің және жүріп-тұруы шектеулі адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын ескермеген.
Қадағалау органының актілері бойынша бұл екі сатып алу әрекеті жойылды. Қазір кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде.
Жалпы жыл басынан бері прокурорлар 11 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, нәтижесінде 3,3 млрд. теңге бюджет қаражатының заңсыз жұмсалуына жол бермеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.