Өңірде жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны 84 мыңға жуықтады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
Биыл дертке шалдыққан науқастардың 54,5 мыңға жуығы немесе 65 пайызы – 14 жасқа дейінгі бала. Ал тұмаумен ауырғандардың ең көбі – Петропавлда (36 адам) тіркелді.
Жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмау ауруының негізгі белгілері: жоғары температура, интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрынның бітелуі.
Құбылмалы ауа райына байланысты өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Сондықтан ауруды жұқтырмау үшін бетперде киюге, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға, халық көп жүретін жерлерге бармауға және жеке бас гигиенасын сақтап, қолды жиі сабындап жууға кеңес береміз. Өйткені вирустық инфекция мен тұмау ауамен ғана емес, қолмен көзді, мұрынды, ауызды ұстау арқылы берілуі мүмкін.
Салтанат БЕКҚОЖИНА,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы.