Облыстық кәсіпкерлер палатасында “Barenburg” компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігінің мамандары семинар өткізді.
Жиынға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысып, “Жақсы өнім алу үшін малға қандай шөп беру қажет? Оны қашан егіп, қалай өсіру керек?” деген сұрақтар төңірегінде маңызды ақпараттар алды. Аталған компания жемшөп тұқымын шығарумен айналысады. Олардың өнімдеріне деген сұраныс жоғары екен.
– Мені агроном ретінде шөптің жаңа сұрыптары қызықтырады. Биыл серіктестік алқабында жоңышқа егуді жоспарлап отырмыз. Біз әртүрлі тұқым егеміз. Көпжылдық шөп те бар. Жануарлардың азығы дәруменге бай болуы керек, – дейді “Петерфельд-Агро” мен “Әйтеке би” серіктестіктерінің бас агрономы Корней Шевченко.
Семинарда жайылымдық жерлерді қалпына келтіру де сөз болды. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің арасында аса өзекті. Себебі өзге аймақта өткен кездесулерде осы мәселе жиі көтерілген көрінеді.
– Кейбір ауылдарда жайылым бар, бірақ жемшөп жоқ. Сол себепті осы мәселелерді көтеруді жөн көрдік. Жайылымдарды қалай қалпына келтіруге болады және жануарларға азық болатындай қандай шөп өсіру керек екені айтылды. Бір жылдары Маңғыстау облысында жануарлардың қағаз жегені елдің есінде. Мұндай жағдай қайталанбас үшін жемшөп мәселесін шешуді қолға алу керек. Сүт пен еттің сапасы малдың азығына байланысты екені белгілі, – дейді “Barenburg” компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Нұрлан Дәулетбаев.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.