Тәлім-тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі үдеріс. Нәресте, балдырған, өрен, жасөспірім, жастар тәрбиесі бір-бірімен жалғасып, өз ерекшеліктерімен жүзеге асырылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті Түркістан қаласында өткен “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: “Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі” – дей келе, Әділетті Қазақстанды құру жолында бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін атап өткен еді.
Білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған “Біртұтас тәрбие бағдарламасы” іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.
Биыл “Өрлеу” Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның филиалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен “Digital Urpaq” оқушылар сарайында “Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы: Z ұрпағын тәрбиелеу” тақырыбындағы республикалық семинар өтті. Іс шара пленарлық отырыс, панельдік талқылау, сессиялық кезеңдерде өтті.
Іс-шараға Алматы, Астана, Көкшетау қалаларынан спикерлер тартылды. Сондай-ақ арнайы келген “Өрлеу” Біліктілік арттыру ұлттық орталығының үздіксіз дамуды қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Хабат Мәдениет білім мен тәрбие процесіндегі “Өрлеу” қызметінің рөлін, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Семинар аясында Астана қаласы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының “Психология, тəрбие жəне тұлғаны дамыту” орталығының директоры, педагигока ғылымдарының кандидаты Анар Тәңірбергенова “Табысқа жету жолы ретінде бірыңғай білім беру бағдарламасын жүзеге асыру” тақырыбында баяндама оқыды. Балаларға жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды үйретуде әдіснамалық қолдаудың маңыздылығына баса назар аударып, цифрландыру дәуіріндегі бүгінгі білім беру бағдарламаларының сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерін, технологияларды білім беру үдерісіне интеграциялаудың негізгі мәселелерін нақты атап көрсетті.
Z ұрпағы ата-анадан да, педагогтардан да ерекше көзқарасты талап етеді. Мектеп, отбасы және қоғам арасындағы ынтымақтастық өте маңызды. Сондықтан әлеуметтік өзара әрекеттесуінің табысты болуы үшін жас ұрпақтың заманға сай ерекшелігін қабылдауымыз қажет. Өскелең ұрпақтың ерекшеліктеріне сай заманауи білім мен тәрбие берудің қиындықтары мен мүмкіндіктері туралы семинарда “Өрлеу” Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның филиалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ләйлә Әлмағамбетова баяндап берді.
Сондай-ақ Астана қаласының “Quantum Stem School” мектебінің педагогтары өз мектептеріндегі оқу-тәрбие үдерісінде ата-аналардың өзара әрекеттесуіне, негізгі дағдыларды дамытуға және Z ұрпағын болашақтың қиындықтарына сәтті дайындауға бағытталған бірнеше жобаларын алға тартты.
Аталған шара білім беру тәжірибесін мектеп бағдарламасынан тыс кеңейтуге және нақты кәсіби тәжірибеге жақын оқу ортасын құруға ықпал етеді. Мұндай жобалар мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтуға септеседі. Өйткені ата-аналар білім беру үдерісіне белсенді қатысады және оқушылармен білімдерімен, тәжірибелерімен бөліседі.
Алматы қаласындағы “Отбасы хрестоматиясы” қоғамдық қорының мүшесі Сейілбек Мырзабай ұлт тәрбиесінің негізіндегі педагог пен ата-ана рөлінің маңыздылығын ашып, адам өмірінің құндылықтарын жете түсінуді және іргетасы мықты, керегесі кең шаңырақтар қашанда көпке үлгі болатыны туралы “Балалықтан даналыққа: мектеп, IQ жəне жетістік” тақырыбында дәріс оқыды.
Семинардың практикалық бөлімінде жеті бағыт бойынша тренинг ұйымдастырылды. Мұнда Z ұрпағының ерекшеліктеріне қарай тәрбие үдерісінің мәселелері секциялар бойынша бөлінді. Әр секцияда белгіленген координаторлар қатысушылармен бірлесе іс-әрекетті зерттеу негізінде сұрақтарды талқылап, сол жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе мұндай республикалық шараларға педагогтармен бірге ата-аналардың тартылуы да ерекше назарда болды.
Семинар қорытындысы бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтардың материалдарын қамтитын “Педагогикалық ізденіс” ақпараттық ғылыми-әдістемелік журналының арнайы басылымы шығарылды.
Мектеп балаға әлемнің әртүрлілігі туралы білім береді, сындарлы ойлау және қажетті дағдыларды қалыптастырады. Технологиялар мен ақпарат ағыны дәуірінде адамдар арасындағы жылы қарым-қатынасты сақтау және жас ұрпақты тікелей қарым-қатынас, эмпатия және бір-бірін тыңдай және ести білуге үйрету өте маңызды. Заманауи ұрпақтың мектеп және отбасының өзара әрекеттесуі арқылы тәрбиеленуі – ата-аналардың махаббаты немесе мұғалімдердің даналығы баланың үйлесімді дамуында маңызды рөл атқарады. Бұл сенімге, қолдауға және ортақ құндылықтарға негізделген, тек білімді ғана емес, сонымен қатар терең моралдық тұлғаларды, эмпатия және ынтымақтастыққа қабілетті адамдарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Гүлмайда МҮСЕТАЕВА,
“Өрлеу”БАҰО” АҚ “СҚО КДИ филиалы” “Педагогика және пәндік әдістер” кафедрасының аға оқытушысы.