«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көрісу – көктемнің басы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес билігі 1926 жылдан бастап Наурыз мейра­мын тойлауға ресми түрде ты­йым салса да, ел ішінде атап өтілетін. Үлкендер жағы “Ұлыс­тың ұлы күні келді” десіп, бір-бі­рімен төс қағыстырып, көрісу рә­сімін жасайтын. “Ақ мол бол­сын, қайда жүрсең, жол болсын!” деген игі тілектер айтылып, көп­тен көріспеген ағайын құлын-тайдай шұрқырасып, арқа-жар­қа болатын.

Әбден тоң болып қатқан жер-ана бусанып, жыл құсы – ұзақ ұшып келіп, көк­тем­нің лебі айқын сезілетін.“Ма­са­тыдай құл­пырар жердің жүзі, Ата-анадай елжірер күн­нің көзі, Қыр­да­ғы ел ойдағы ел­мен ара­ласып, Кү­лімдесіп, кө­рі­сіп, құшақта­сып”, – деп Абай жыр­лаған­дай, гүл-бәйшешек гүл­деп, қыр­да торғай, сайда бұл­бұл сай­рап, ша­руаның бір малы екеу бо­лып, не керек, та­биғаттың өз­геше күйге енетін сә­ті бұл! Бала болсақ та, ата-әжеміз бізді жа­нынан таста­май­тын. Көрші­лер­дің, туыс­тар­­дың үйіне бас сұ­ғып, араз­дас­қандары кешірім сұрайтын, та­ту­ласатын. Араға 62 жыл са­лып, яғни 1988 жыл­дан бері әз Наурыз мереке­сі­мен қайта қа­уышып, өшкені­міз жанғандай, өлгеніміз тіріл­ген­дей күй кеш­тік. Облыста тұң­ғыш рет той­ланғанда ауыл бо­лып атсалы­сып, жоғары дең­гей­де ұйым­дас­тырылуы­ның куә­­сі болған едік. Содан бері үз­діксіз той­ла­нып келе жатқан ха­лықтық мей­рам маз­мұны жағы­нан толы­сып, ұлттық нақышпен то­лы­ғып, “Көрісу күні, “Амал ме­ре­­кесі” сияқты құндылықтар қо­сылды.

Ең бас­тысы, ғалымдар мен тарихшы­лар тара­пынан 14 нау­рыз – жыл­дың, көк­темнің басы деген ой-пікірлер жиі айтылып, қоғамдық пікір ретінде қалыпта­са бастаға­ны қуантады. Шынын­да да, 22 нау­рызда той­лап жүр­геніміз – ескі күнтізбедегі 14 нау­рыз. 1918 жылдың 24 қаң­тарын­да В.Ленин “Россия рес­пуб­ли­касында ба­тысеуропалық күнтіз­бені қолдану туралы” дек­рет жариялап, ол бойынша ке­ңестік Ресейдің гри­гориан күнтіз­бесіне өту жайында құқықтық-нор­ма­тивтік акт қабыл­данды. Со­дан бері ескі күн санау жүйесінің ық­палынан әлі шыға алмай келе­міз.

Тарихқа көз жүгіртсек, күн мен түннің теңелуін шумерлер­ден бас­тап, Америкадағы ацтек, майя тайпалары да атап өткен. Баба­ларымыз тәңірлік наным-сенімге орай бұл мезетті қасиетті ырымға балаған. 14 наурыздан бастап, жыл кірген деп есепте­ген. Ұлыс­тың ұлы күнін 14-21 нау­рыз ара­лығында тойлау қазақта бұ­рын­нан бар салт-дәстүр еке­нін Мәш­һүр Жүсіп Көпеев “Нау­рыз­да­ма” атты еңбегінде былай си­паттайды: “Жиырма тоғыз жа­сымда Бұ­ха­рай-Шәрифте Ғабда­лахыд хан­ның наурыздама тойы­­ның сегіз күн ішінде бол­дым”. Шә­кәрім Құ­дайбердіұлы 14 наурыз – қазақ­тың жаңа жылы деген жазба қал­дырған. “Қазақ” газетінде шық­қан мақалада (1914 жыл 9 нау­рыз) “…төрт тоқ­санның ішінде жыл­­дың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқ­санның басы 9 нау­рыз болған­дықтан, бұл күн – “нау­рыз” айы, “жаңа күн” деп ата­ла­ды”, делін­ген. Яғни жаңа күн­тізбе бойынша 14-15 наурыз мер­еке­нің беташа­ры саналған. Осы се­бепті жыл сайын “Адай ата – От­пан тау” тарихи-мәдени кешенін­де өтетін “Амал” мерекесі әбден құптар­лық. Осы күні Самарқанда көк тас балқып, жаңа жылдың бас­тауы іспеттес Амал айы кіреді. Көрісудің де тәрбиелік маңызы зор. Бұл күнді әр шаңырақ асыға күтеді. Ақ дастарқанын жайып, сыйластық, ілтипат білдіреді. 14-нен бастап 22-не дейін әрбір күн белгілі бір атаулармен атап өті­леді (көрісу, жаңару, тазару, бе­реке, тағзым, т.б.). Осы күн­дері бұлақтың көзін ашып, тал еккен, аулаларды көгалдан­дыр­ған, шел­пек таратып, марқұм­да­рды еске алған, қайырым­ды­лық істермен айналысқан. Көже – молшы­лықтың, бауырсақ – бір­лік пен бауырластықтың белгісі са­нал­ған. Рухани жағынан да ке­мелденіп, үлкенге құрмет, кіші­ге ізет біл­дірген.

Өкінішке қарай, Наурызды өт­кізу бағдарламасы бірізге түспе­гендіктен, нақты формасы бол­мағандықтан, өзінің сипатына сәй­кес мерекеленіп жүрген жоқ. Әлі есімде, осыдан 3-4 жыл бұрын белгілі мәдениеттанушы Се­рік Ерғали арнайы келіп, ол ұсын­ған тұжырымдама негізінде өңір­де Ұлыстың ұлы күні 14 нау­рыздан Амал мерекесі ретінде тойлана бастаған. Ұлттық киім кию, ұлттық тағам күні белгіле­ніп, мекемелер мен өзге этнос өкіл­дері үлкен қызығушылық та­ныт­қан. Неге екені белгісіз, осы­нау жаңаша дәстүр жалғасын тап­­пай, үзіліп қалған сияқты. Тіпті соң­ғы кездері тойланудың өзі қандай да бір жаттандылық­қа, ресмилікке бет бұрып бара жат­қаны да алаңдатпай қоймай­ды. Сондықтан Наурыз мейра­мын мерекелеудің тәртібін бел­гілеп, ұлттық келбеті айқындал­са, құба құп болар еді. Өйткені көбіне киіз үйлер тігу, алтыбақан орнату, концерт қою, сауда-саттық ұйым­дастырумен ғана шек­теліп, тома­ға-тұйықтыққа салы­нып кеткен сияқтымыз. Сондай-ақ “Амал­дың” (“Көрісу” күнін) ұғым-түсінігі жете насихаттал­мағандықтан, жұртшылық толық түсініп, қабыл­дап кетті деу қиын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қым­бат” мақаласында халқымызды біріктіретін ортақ құндылық­тарды барынша дәріптеп, ой-санаға бе­рік орнықтыру қажет­тігін айта ке­ліп, Наурыз мейра­мын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің маз­мұнын байыта түсуге тапсырма берген болатын. Осыған орай, мемлекеттік сый­лық­тарды нау­рыз күнінде бере бастауы – жақсы бастамалардың бірі. Бірақ мұндай бірліжарым шаралар жеткіліксіз. Наурыздың маңызын арттыруға, қатардағы мереке­лердің біріне ұқсап кет­пеуіне, бір­реттік сахналық сипат­тан гөрі ұлт­тық нақыш бейне­сінде өміріміз­ге, түсінігімізге ор­нығуына бірін­ші кезекте жергілікті атқарушы органдар мүдделі бо­луы тиіс. Бұрындары көпқабатты үйлердің тұрғындары жиналып, аулалар­да мерекелейтін. Бұл дәстүр де сирексіп кетті.

Әлім ӘЙІПҰЛЫ,

Қызылжар аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp