Мен ауыл-аймаққа, ел-жұртқа сыйлы Бақытжан Рақымжанов ақсақалды ертеден білемін. Ғұмырнамасына, еңбек жолына қанықпын. Тайынша ауданына қарасты Донецк ауылынан қазір тұрып жатқан Черкасскоеге көшіп келгенде қылшылдаған жігіт болатын. Отызында орда бұзған азамат екені сөзінен де, ісінен де бірден білінетін. Кеңшар директоры Николай Пильтяев өте талапшыл, сонымен қатар әділ басшы болды. Қарамағындағы жұмысшыларды жасына, қызметіне қарап бөлмейтін, алаламайтын. Іскерлігіне қарап бағалайтын. Оның сынынан өту оңай еместі. Бақытжан келе салысымен іске білек сыбана кірісті. Өзін үнемі жақсы қырынан көрсетіп, мақтаулылар қатарынан көрінді. Еңбек десе, оттай жанып сала беретін, ерінбейтін елгезек қасиетін бағалап, қара күш пен ерекше қажыр-қайратты қажет ететін өте жауапты учаскеге аға ағаш кесуші етіп қойды. Бұл жерде табан аудармай 14 жыл еңбек еткен соң тағы да үлкен сенім артылды. “ДТ-75” тракторына механикаландырылған күрек орнатылып, “шу, қарақұйрық!” деп тағы да құрылыс саласында еңбек көрігін қыздыруға кете барды.
Бұл кездері Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеруге одақтың түкпір-түкпірінен жастар комсомолдық жолдамамен ағылып келіп, үйлер, мәдениет нысандары бой көтеріп, ен дала адам танымастай өзгеріп жатқан. Солардың бел ортасында ақ алмастай жарқылдап біздің Бәкең жүрді. Өзінің айтуына қарағанда, саналы ғұмырының 15 жылын елді мекеннен тыс өткізіпті. Шұғыл шаруаларға толы іссапарлар Жамантау етегіндегі Горноеден басталып, одан әрі Ресейдің Қорған, Ірбіт, Петухово, Макинка қалаларына жалғасып кете берген. Қысы-жазы құм, қиыршық тас, әк, цемент, карбид сияқты құрылыс материалдарын тасудан қол үзбеген. Черкасское кеңшарының орталығында Мәдениет үйі салынып, кешке қарай жастардың сауық-сайран алаңына айналды. Көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, өнерлерімен өзгелерді паш етті.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатымен асыл тұқымды Зеңгі баба түлігі әкелініп, Бақытжан сынды тәжірибелі, бесаспап мамандар жарыс көрігін қыздыра түсті. Уақытпен санаспастан таң атқаннан кеш батқанша ферма, жемшөп қоймасын, бұзауларға арнап арнайы орын тұрғызумен айналысты. А.Архипов, В.Ершов, А.Сазонов, А.Поливанов, Ш.Көшібаев, К.Бейсенов, А.Новиков, С.Нұрмағамбетов секілді әріптестерімен тізе қосқанда алдарынан жұмыс үркіп тұратын. Көз көргендердің қатары селдіреп, санаулы ғана қалғаны жанына қатты батады.
Осыдан отыз жыл бұрын сүйіп қосылған, 10 бала сыйлаған жан жары Бибісарадан айрылғанда өзін далада жалғыз қалғандай сезінген. Қазір 95-тің төріне көтеріліп, 22 немеренің, 31 шөберенің қызығын көріп отырғанына шүкіршілік айтады. Шаңырақтың тұңғышы Сабыржанның өзі ата жасына жетіп қалды.
Ақсақал әбден орнығып қалған ортадан кеткісі жоқ, көз көрген ауылдастарын қимайды. Көп жылғы еселі еңбегін бағалап, кеңшар тегін салып берген үйде ұлдың кенжесі Ержан мен балабақша меңгерушісі болып істейтін келіні Бекзаттың қолында тұрып жатыр.
“Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра”, – деген дана халқымыз. Бәкеңнің өмірден жинаған тәжірибесі мол, білгенін басқаларға үйретуден жалыққан емес.
Мұрат ОМАРОВ,
зейнеткер.
Аққайың ауданы.