Қоғамдық дамуға тірек болып келе жатқан діңгектердің бірі – неке институты. Әр ержеткен жігіт пен бойжеткен қыз өз сыңарларын тауып, отбасын құруға асығады. Дегенмен салт-дәстүріміз басқаша сипат алып, тұрмысымыз өзгерген қазіргі заманда үй болу да оңай іс емес.
Бұрынғыдай шағын той-домалақ жасап, некесін қиғызып тарқайтын туыс жоқ. Үйленудің айналасында толып жатқан дәстүрлер, ырым-тыйымдар тым көбейіп кетті. Оның бәрін жөнімен атқарса бірнеше айға созылуы мүмкін. Екі жастың тойындағы түрлі салттар қоғам талқысына жиі түсіп, сыналып та, мақталып та жатыр. Беташар, қалыңмал төлеу, сәлем салу сияқты салттарымыз да ел аузынан түспей келеді. Ал осы күні шаңырақ көтерген жастардың тегін талқылайтындар да көбейген. Оған себеп әйелінің тегін алатын еркектердің көбеюі.
Деректерге сүйенсек, өткен жылы елімізде 164 ер адам әйелінің тегін алған. Мұндай қадамға барған ерлердің саны бірен-саран болса бұлай шошымас едім. Жүзден аса азаматымыздың жарының тегін алғаны тынышымды кетірді. Заңдық негіз болғанымен дәстүрімізді аттап, қағынан жеріген құландай қайын жұрттың тегіне өту тектілігімізге сын емес пе?
Өмір болған соң түрлі жағдай орын алып жатады. Кейде біз күстаналаған жайттардың астарында үлкен себеп жатуы мүмкін. Алайда осынша ер адамның бәрі қандай да бір салмақты себеппен осындайға барды дегенге сенгім келмейді. Керісінше бұл ұлттық танымымыздан ажыраудың, өткеннің бәрін өшіріп тастап, әркімге еліктеудің белгісі сияқты.
Халқымыз шежіреге үлкен мән берген. Кімнің қандай ортадан шыққанын оның аталарының аты айтылғаннан-ақ біліп отырған. Адамның тегі оның тектілігін көрсететін, өткенінен хабар беретін көрсеткіш болған. Үлкендер алдына келген жастың қандай екенін “Бәленшенің баласымын” дегенінен-ақ ұққан. Ал бүгінде тектілігімізді жоғалтпауға тірек болған осы шежіреміз кім көрінгеннің ермегіне айналып, өз аталарын ұрандап, руластарын маңына жинайтындардың құралы болып кетті. Осының өзі аз болғандай ерлеріміздің әйелінің тегін алуы шежіре мәселесін тіптен ушықтырары анық. Сонда мұндай отбасында туған бала өзінің жеті атасын нағашы жағынан тарата ма? Онсыз да осы күні нағашы атасының тегін алған ұл-қыздарымыз көбейіп кеткен заманда мұнымыз жығылғанға жұдырық болды.
Күйеу жігіттердің тегінен бас тартуына да түрлі себеп бар. Біреулері өз тегінің жағымсыз естілетінін, айтуға қиын екенін айтып жатады. Енді біреулері өз ата-анасымен ара жібін үзгісі келетінін дәлел етеді. Осылайша өз жұрты жайлы естеліктерді санадан өшіріп, жаңа өмір бастауға тырысады. Алайда ер адамның басқа жұртқа сіңуі әйелге қарағанда әлдеқайда қиын боларын түсінбейді. Ертең “Күйеу ел болмайдының” күні келсе осындай жастардың басына күн туары анық.
Кейбіреулер мұны ер мен әйелдің теңдігі деп бөркін аспанға атып жатыр. Алайда ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата дәртүрлеріміз, шежіреміз, тегіміздің тазалығының жоғаларын ескермейді. Түбінде ұлтты ұлт етіп сақтайтын басты белгісі – оның басқаларға еліктеп, әлемдік тенденциялардың соңынан қуалай жүгіргені емес, дәстүр-салтын сақтап қалуы. Неке институты құлдырап, бақытты отбасын құру қиынға айналған елдердің тәжірибесі бізге үлгі бола алмайды.
Бұл ретте мен әйелдердің де ерінің тегін алуын қолдаушылардың қатарынан емеспін. Егер қалыңдық қайын жұртының тегін алғысы келмесе, оны да қыстамаған жөн. Әр адамның өз тегінде қалуға хақы бар. Сондықтан туған-туыстың келіндерін өз тегін алуға үгіттеп, қысым жасап, бүйректен сирақ шығарып жатуына қарсымын. Бұдан бөлек, бүгінде екі жақтың да тегін бірге алып, қосарлы атпен жүретіндер де аз емес екен.
Бүгінде әлемге белгілі өнер жұлдыздары мен кәсіпкерлер өз әйелдерінің тегін алып, гендерлік теңдік жайлы ұрандауда. Алайда гендерлік теңдік, әйелге құрметпен қарау дегеннің бәрі құжат жүзінде емес, іс жүзінде көрінгені дұрыс. Егер азаматтарымыз әйел затын қадірлеу туралы үзбей айтып, алайда іс жүзінде отбасында дау-жанжал туындап, әйелдер жәбір көріп жатса, құр сөздің керегі не? Адамның отбасына деген адалдығы, жарына деген ыстық сезімі тегін ауыстырғанынан емес, күнделікті жүріс-тұрысынан, ісінен көрінетінін ұмытпайық.
Гүлназ БАҒДАТҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны.