«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ – ОТБАСЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Баяғыда бір әйелдің күйеуі ерте қайтыс болып, жесір қалыпты. Ол күйеуінің сыртқы киімдерінің бірін көрінетін жерге іліп, тапқан ақшасын соның қалтасына салып қояды екен. Балалары ақша сұрағанда: “Әкеңнің қалтасынан ала ғой” дейтін көрінеді”. Осынау өнегелі оқиға оқыған адамды бейжай қалдырмағаны анық. Астарында қаншама мағына бар?

“Отбасында ерлердің рөлі өз­герді”, “Әкелердің беделі тө­мен­деді”, “Бүгінгінің ерлері ұсақта­лып барады”, “Батыр тұлғалы ба­баларымыздың ізін жалғайтын жігіттер азайып кетті”, “Еркектер – жалқау, жатыпішер” деген сан түрлі пі­кір­ қалыптасқан қоғамда әке тәлімі туралы айту аса қа­жет. “Ер адамның алдын кесіп өт­пе”, “Ер азаматтың сағы сынба­сын”, “Ер­дің орны бір саты жо­ғары еке­нін ұмытпа. Мен тіпті төр­кініме бар­ған кезде де әкең­нен төмен оты­рамын, осыны ес­те сақта”, – деген сынды өсиетке толы сөз­дерін қыздарының құ­лағына құ­йып отыратын баяғы­ның әжеле­рін сағынасың кейде.

Белгілі қоғам қайраткері Зей­неп Ахметова бір туындысында: “Әкенің отбасындағы рөлінің тө­мендеуі – қоғамдық дерт. Қазақ да­ласына мұсылмандықтың ке­луімен ерлер қоғамда өз орнын айқын иеленді. Одан бергі тари­хымызда да ерлер отбасының асы­раушысы, негізгі тұтқасы ре­тін­де сақталып қалды. Ұлт зия­лылары “Алашорда” идеясы­мен бой көрсеткен кезде де қа­зақ хал­қы үшін шешімді ер-аза­маттар қа­­былдап отырды. Әке аты қа­сиет­ті “үлкен үй”, “қа­ра ша­ңы­рақ” де­ген ұғымдармен сый­лы да құр­метті болды. Қазақ әке­нің тәлімі мен тәрбиесін қа­шанда қадір тұ­тып келген. Өт­кен ғасыр­дың 90-жылдарында­ғы мәселелер қа­зақ отба­сын­да ежелден қалып­тасқан дәс­түрді бұзды. Елдегі әлеу­мет­тік-экономикалық жүйе­нің тұ­рақ­сыздығынан жер-жерде жұ­мыс­сыздық белең алып, оның арты үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс-керісті, дау-жан­жалды ушықтыр­ды. Сабыр­сыз, тәубә­сіз әйел күйеуінің ақ­ша таппағанын бетіне басып, ба­ла-шаға­ның алдында намысын таптау­дан тайынбады”, – деп жа­зыпты.

Иә, қазіргі уақытта ер аза­мат­­тардың отбасындағы беде­лінің түсіп кеткенін шайқалған шаңы­рақтар санының көптігі­нен, зор­лық-зомбылық фактіле­рінің жиі орын алып жатқаны­нан-ақ аңға­руға болатындай. Зей­неп апа­мыз айтқандай, то­қы­рау жылда­рында тамақ пен киімге жарыт­паған әкесін іштей кі­нәла­ған ба­ла оған деген сені­мін жо­ғалтып, құрметтемейтін болған. Үлкен-кішінің алдында күйеуінің беде­лін түсіріп, “қо­лың­нан түк кел­мей­ді” деп ба­лағаттайтын ке­лін­шек­тер аз емес. Ал шешесі­нен осын­дай сөздерді жиі есті­ген бала әкесін қалай сыйла­сын?

Біз қазақ әйелінің, жігітінің тәр­­биесі туралы айтқанда үнемі өт­кен тарихымызға жүгінумен ғана шектелеміз. Қазақтың тас­қа тұн­ған тамшыдай тәрбиесін отбасы­ның темірқазығына ай­нал­дырып отырған нәзік жан­дар, азаматтар жоқ па? Бар. Бі­рақ өте аз сияқты көрінеді. Бұл мә­­селенің бір ұшы ген­дерлік сая­сат ұғымының ден­деп енгенімен сабақтасатындай. Неге десеңіз, қазір әйелдер қо­ғам­ның барлық саласында бас­шылық қызмет ат­қаруда. Отба­сының ұйытқысы­на айналып, жан жолдастарын басқаруды дұрыс көретіндер де бар. Зейнеп Ахметова айт­қан­дай, “әйелдер де басқару­шы”. Үй­дегі өзіне тие­сі­лі шаруа­ны, аға­йынның ара­сын­дағы сый­лас­тықты, бала тәр­биесін қада­ға­лайды. Оған қоса ерінің тапқа­нын бәріне жеткізіп, үйлестіріп оты­руы тиіс.

Өткенде “City Mall” сауда ор­та­лығында бір сәбидің “Әке” деп шырылдаған дауысын естіп, жалт бұрылдым. 4-5 жасар бала ер адамның мойнына асылып, құ­­­шақтап тұр. Қара торы келін­шек баласын жұлқылап әлек. Сәби шешесіне бағынбай, қар­сыла­сып қояды.

– Неге баланы ойламайсың? Ме­нен жырақтағысы келмей тұр.

– Бала-шағаны ойласаң, кө­рін­ген әйелмен көңіл көтеріп жүрмес едің.

– Әке, кетпеші. Сені жақсы кө­ремін.

Үшеуінің әңгімесі осылай аяқ­талды. Осы бір көрініске қарап тұрып жаным ауырды.

– Біз отбасылық қиындық­тар­дың барлығын бір әйелдің мой­нына жүктей салуға бейім­біз. Ер­кектердің көбі “Атаның емес, адам­ның баласы бол!” – деген аталы сөздің мәнін түсін­бей, өзі­нің отбасын құрбан қылып жібе­реді де, өз­дерін қоғам қайраткері санап, “Ұлтқа қызмет етеміз”, – деп ақ­талады. Сөйтіп, жауапкер­шілігі жоқ аза­мат­тардың кесірі­нен отбасылық құндылықтар жо­ғалып, ұлт қай­раткерлерінің атақ-дәрежесіне көлеңке түседі. Қазір жалғызбас­ты аналардың дені “Ер-азамат­сыз да күн көре аламыз!” – деген ұғымды бала­ла­­рының санасына сіңіріп жа­тыр. Бұрын ерлі-зайыптылар ба­ла­ларының көзінше ұрсыспай­тын. Себебі кез келген әйел ұрыс­­қан­да еркектің бүкіл кемші­лі­гін жіпке тізіп, “Не бітіріп жүр­сің?” деген сауал қойып, өзін­ше қыр көрсететін. Ал әке – бала үшін асқар тау. Тауды қайткенде де аласартып алмау қажет. Ба­ла­ларының алдында салғыла­сып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шы­ғып, жер­ден алып, жерге сала­тын ке­лін­шектер бар. Өз жұрты­нан төр­кінін жоғары қоюға жан­та­ласып, балаға әкесінің туыс­тарын мүс­ә­пір, анасының туыс­та­рын қа­сиетті қылуға жанта­ла­сады, – дейді дәстүрлі әнші Біржан Есжанов.

Атақты Бұқар жырау “Әкелі ба­ла – жаужүрек, жиын тойға ба­ра­ды, төрден орын алады, біті­реді жұмысын, тастан да өткізер же­бесін” деп жырлапты. Осынау қа­натты сөзден әке мен бала­ның бір-бірінен ешқашан ажы­рамауы қажеттігін түсінеміз. Сол үшін отба­сында сыйластық пен ынтымақ салтанат құруы керек. Ерлі-за­йыптылар өз орында­рын біліп, бала тәрбиесін ортақ мін­дет деп түсінсе ғана жағдай жақ­сы арна­ға бұрылады. 21 маусым – Ха­лық­аралық әкелер күні деп бекі­тілуінің бір себебі осы, отба­сын­­дағы әкенің рөлін күшейту, қа­зақ қызының бойына ер-аза­матқа деген сыйластық­тың дә­нін себу.

– Балалардың білімі мен тәр­биесіне әкелердің де ара­ласқаны жөн. Осы орайда әке­лердің балаларды тәрбиелеуіне назар аударта алсақ, “бір өзі бер­ген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтын” әкенің қоғамдағы ма­ңызды рөліне тоқтала кеткеніміз абзал болар. Өткен жылдың та­мызында “Digital Urpaq” оқушы­лар сарайында бала тәрбиесін­дегі әкенің рөлі туралы әңгіме­лер мен пікірлер ортаға салын­ған “Мен сенің өміріңнің жалға­сы­мын…” атты облыстық әкелер фо­румы өтті. Біз әкелердің бо­йында отбасы алдындағы жа­уап­­керші­лік сезімін оятуымыз ке­рек, – дей­ді “Сенімен Болашақ” респуб­ликалық ата-аналар қо­ғамдық бір­лестігі облыстық фи­лиалы­ның жетекшісі Жанат Мұ­хаммед­жанов.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp