«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӨБЕРЕНІҢ ШАТТЫҒЫНА БӨЛЕНГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен ауыл-аймаққа, ел-жұртқа сыйлы Бақытжан Рақымжанов ақсақалды ертеден білемін. Ғұ­мырнамасына, еңбек жолына қанықпын. Тайынша ауда­нына қарасты Донецк ауылынан қазір тұрып жатқан Черкасскоеге көшіп келгенде қылшылдаған жігіт болатын. Отызында орда бұз­ған азамат екені сөзінен де, ісінен де бірден білінетін. Кең­шар директоры Николай Пи­льтяев өте талапшыл, сонымен қатар әділ басшы болды. Қара­мағындағы жұмысшыларды жа­сына, қызметіне қа­рап бөлмей­тін, алаламайтын. Іскерлігіне қа­рап бағалайтын. Оның сынынан өту оңай еместі. Бақытжан келе салысымен іске білек сыбана кірісті. Өзін үнемі жақсы қырынан көрсетіп, мақ­таулылар қатары­нан көрінді. Ең­бек десе, оттай жанып сала бе­ретін, ерінбейтін елгезек қасиетін бағалап, қара күш пен ерекше қажыр-қайратты қажет ететін өте жауапты учас­кеге аға ағаш ке­суші етіп қойды. Бұл жерде табан аудармай 14 жыл еңбек еткен соң тағы да үлкен сенім артылды. “ДТ-75” тракторына механика­ланды­рылған күрек орнатылып, “шу, қарақұйрық!” деп тағы да құры­лыс саласында еңбек көрі­гін қыздыруға кете барды.

Бұл кездері Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін иге­руге одақтың түкпір-түкпірінен жастар комсомолдық жолдама­мен ағылып келіп, үй­лер, мәдениет нысандары бой кө­теріп, ен дала адам танымастай өзгеріп жатқан. Солардың бел ор­тасында ақ алмастай жарқылдап біздің Бәкең жүрді. Өзінің ай­туына қарағанда, саналы ғұмы­рының 15 жылын елді мекеннен тыс өткізіпті. Шұғыл ша­руаларға толы іссапарлар Жа­мантау етегіндегі Горноеден бас­та­лып, одан әрі Ресейдің Қорған, Ірбіт, Петухово, Макинка қалала­рына жалғасып кете берген. Қы­сы-жазы құм, қиыршық тас, әк, цемент, карбид сияқты құрылыс материалдарын тасудан қол үзбеген. Черкасское кеңшары­ның орталығында Мә­дениет үйі салынып, кешке қарай жастар­дың сауық-сайран ала­ңы­на ай­налды. Көркемөнерпаздар үйір­мелері құрылып, өнерлері­мен өзгелерді паш етті.

Мал шаруашылығын дамыту мақ­сатымен асыл тұқымды Зеңгі баба түлігі әкелініп, Бақытжан сынды тәжірибелі, бесаспап ма­мандар жарыс көрігін қыздыра түсті. Уақытпен санаспастан таң атқаннан кеш батқанша ферма, жемшөп қоймасын, бұзауларға арнап арнайы орын тұрғызумен айналысты. А.Архипов, В.Ер­шов, А.Сазонов, А.Поливанов, Ш.Кө­шібаев, К.Бейсенов, А.Но­ви­ков, С.Нұрмағамбетов секілді әріптестерімен тізе қосқанда ал­да­рынан жұмыс үркіп тұратын. Көз көргендердің қатары сел­діреп, санаулы ғана қалғаны жа­нына қатты батады.

Осыдан отыз жыл бұрын сү­йіп қосылған, 10 бала сыйлаған жан жары Бибісарадан айрыл­ғанда өзін далада жалғыз қалғандай сезін­ген. Қазір 95-тің төріне көтеріліп, 22 немеренің, 31 шөберенің қы­зығын көріп отырғанына шүкір­шілік айтады. Шаңырақтың тұң­ғышы Сабыр­жанның өзі ата жа­сына жетіп қалды.

Ақсақал әбден орнығып қал­ған ортадан кеткісі жоқ, көз көр­ген ауылдастарын қимайды. Көп жылғы еселі еңбегін бағалап, кеңшар тегін салып берген үйде ұлдың кенжесі Ержан мен бала­бақша меңгерушісі болып істей­тін келіні Бекзаттың қолында тұ­рып жатыр.

“Көп жасағаннан сұрама, көп көр­геннен сұра”, – деген дана хал­қымыз. Бәкеңнің өмірден жинаған тәжірибесі мол, білгенін басқаларға үйретуден жалыққан емес.

Мұрат ОМАРОВ,

зейнеткер.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp