“Баяғыда бір әйелдің күйеуі ерте қайтыс болып, жесір қалыпты. Ол күйеуінің сыртқы киімдерінің бірін көрінетін жерге іліп, тапқан ақшасын соның қалтасына салып қояды екен. Балалары ақша сұрағанда: “Әкеңнің қалтасынан ала ғой” дейтін көрінеді”. Осынау өнегелі оқиға оқыған адамды бейжай қалдырмағаны анық. Астарында қаншама мағына бар?
“Отбасында ерлердің рөлі өзгерді”, “Әкелердің беделі төмендеді”, “Бүгінгінің ерлері ұсақталып барады”, “Батыр тұлғалы бабаларымыздың ізін жалғайтын жігіттер азайып кетті”, “Еркектер – жалқау, жатыпішер” деген сан түрлі пікір қалыптасқан қоғамда әке тәлімі туралы айту аса қажет. “Ер адамның алдын кесіп өтпе”, “Ер азаматтың сағы сынбасын”, “Ердің орны бір саты жоғары екенін ұмытпа. Мен тіпті төркініме барған кезде де әкеңнен төмен отырамын, осыны есте сақта”, – деген сынды өсиетке толы сөздерін қыздарының құлағына құйып отыратын баяғының әжелерін сағынасың кейде.
Белгілі қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова бір туындысында: “Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Қазақ даласына мұсылмандықтың келуімен ерлер қоғамда өз орнын айқын иеленді. Одан бергі тарихымызда да ерлер отбасының асыраушысы, негізгі тұтқасы ретінде сақталып қалды. Ұлт зиялылары “Алашорда” идеясымен бой көрсеткен кезде де қазақ халқы үшін шешімді ер-азаматтар қабылдап отырды. Әке аты қасиетті “үлкен үй”, “қара шаңырақ” деген ұғымдармен сыйлы да құрметті болды. Қазақ әкенің тәлімі мен тәрбиесін қашанда қадір тұтып келген. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы мәселелер қазақ отбасында ежелден қалыптасқан дәстүрді бұзды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйенің тұрақсыздығынан жер-жерде жұмыссыздық белең алып, оның арты үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс-керісті, дау-жанжалды ушықтырды. Сабырсыз, тәубәсіз әйел күйеуінің ақша таппағанын бетіне басып, бала-шағаның алдында намысын таптаудан тайынбады”, – деп жазыпты.
Иә, қазіргі уақытта ер азаматтардың отбасындағы беделінің түсіп кеткенін шайқалған шаңырақтар санының көптігінен, зорлық-зомбылық фактілерінің жиі орын алып жатқанынан-ақ аңғаруға болатындай. Зейнеп апамыз айтқандай, тоқырау жылдарында тамақ пен киімге жарытпаған әкесін іштей кінәлаған бала оған деген сенімін жоғалтып, құрметтемейтін болған. Үлкен-кішінің алдында күйеуінің беделін түсіріп, “қолыңнан түк келмейді” деп балағаттайтын келіншектер аз емес. Ал шешесінен осындай сөздерді жиі естіген бала әкесін қалай сыйласын?
Біз қазақ әйелінің, жігітінің тәрбиесі туралы айтқанда үнемі өткен тарихымызға жүгінумен ғана шектелеміз. Қазақтың тасқа тұнған тамшыдай тәрбиесін отбасының темірқазығына айналдырып отырған нәзік жандар, азаматтар жоқ па? Бар. Бірақ өте аз сияқты көрінеді. Бұл мәселенің бір ұшы гендерлік саясат ұғымының дендеп енгенімен сабақтасатындай. Неге десеңіз, қазір әйелдер қоғамның барлық саласында басшылық қызмет атқаруда. Отбасының ұйытқысына айналып, жан жолдастарын басқаруды дұрыс көретіндер де бар. Зейнеп Ахметова айтқандай, “әйелдер де басқарушы”. Үйдегі өзіне тиесілі шаруаны, ағайынның арасындағы сыйластықты, бала тәрбиесін қадағалайды. Оған қоса ерінің тапқанын бәріне жеткізіп, үйлестіріп отыруы тиіс.
Өткенде “City Mall” сауда орталығында бір сәбидің “Әке” деп шырылдаған дауысын естіп, жалт бұрылдым. 4-5 жасар бала ер адамның мойнына асылып, құшақтап тұр. Қара торы келіншек баласын жұлқылап әлек. Сәби шешесіне бағынбай, қарсыласып қояды.
– Неге баланы ойламайсың? Менен жырақтағысы келмей тұр.
– Бала-шағаны ойласаң, көрінген әйелмен көңіл көтеріп жүрмес едің.
– Әке, кетпеші. Сені жақсы көремін.
Үшеуінің әңгімесі осылай аяқталды. Осы бір көрініске қарап тұрып жаным ауырды.
– Біз отбасылық қиындықтардың барлығын бір әйелдің мойнына жүктей салуға бейімбіз. Еркектердің көбі “Атаның емес, адамның баласы бол!” – деген аталы сөздің мәнін түсінбей, өзінің отбасын құрбан қылып жібереді де, өздерін қоғам қайраткері санап, “Ұлтқа қызмет етеміз”, – деп ақталады. Сөйтіп, жауапкершілігі жоқ азаматтардың кесірінен отбасылық құндылықтар жоғалып, ұлт қайраткерлерінің атақ-дәрежесіне көлеңке түседі. Қазір жалғызбасты аналардың дені “Ер-азаматсыз да күн көре аламыз!” – деген ұғымды балаларының санасына сіңіріп жатыр. Бұрын ерлі-зайыптылар балаларының көзінше ұрсыспайтын. Себебі кез келген әйел ұрысқанда еркектің бүкіл кемшілігін жіпке тізіп, “Не бітіріп жүрсің?” деген сауал қойып, өзінше қыр көрсететін. Ал әке – бала үшін асқар тау. Тауды қайткенде де аласартып алмау қажет. Балаларының алдында салғыласып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, жерден алып, жерге салатын келіншектер бар. Өз жұртынан төркінін жоғары қоюға жанталасып, балаға әкесінің туыстарын мүсәпір, анасының туыстарын қасиетті қылуға жанталасады, – дейді дәстүрлі әнші Біржан Есжанов.
Атақты Бұқар жырау “Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін” деп жырлапты. Осынау қанатты сөзден әке мен баланың бір-бірінен ешқашан ажырамауы қажеттігін түсінеміз. Сол үшін отбасында сыйластық пен ынтымақ салтанат құруы керек. Ерлі-зайыптылар өз орындарын біліп, бала тәрбиесін ортақ міндет деп түсінсе ғана жағдай жақсы арнаға бұрылады. 21 маусым – Халықаралық әкелер күні деп бекітілуінің бір себебі осы, отбасындағы әкенің рөлін күшейту, қазақ қызының бойына ер-азаматқа деген сыйластықтың дәнін себу.
– Балалардың білімі мен тәрбиесіне әкелердің де араласқаны жөн. Осы орайда әкелердің балаларды тәрбиелеуіне назар аударта алсақ, “бір өзі берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтын” әкенің қоғамдағы маңызды рөліне тоқтала кеткеніміз абзал болар. Өткен жылдың тамызында “Digital Urpaq” оқушылар сарайында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы әңгімелер мен пікірлер ортаға салынған “Мен сенің өміріңнің жалғасымын…” атты облыстық әкелер форумы өтті. Біз әкелердің бойында отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін оятуымыз керек, – дейді “Сенімен Болашақ” республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Жанат Мұхаммеджанов.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.