Соңғы жылдары теріскейлік бозкілем шеберлері ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Әсіресе қазақ күресінен жауырыны жер иіскемей, әлемдік аренада жүлде иеленген саңлақтарымыз бар. Грек-рим және еркін күресте де қоржынымыз бос емес. Ал самбо спортындағы жағдай қалай? Бұл сұрақтардың жауабын күрестің осы түрінен облыстың аға бапкері Виктор Вахриннен сұрап білдік.
– Виктор Викторович, өңіріміздің спортшылары, соның ішінде балуандардың жеңісті жолы туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан күнде айтылып жатады. Өкініштісі, самбо жайлы жағымды жаңалық аз. Бұның себебі неде?
– “Бақыт тыныштықты ұнатады” деген тәмсіл бар ғой. Сондықтан да шығар, спортшыларымыздың жеткен жетістіктерін көп айта бермейміз. Яғни оны жұртқа жария етуге асықпаймыз. Дегенмен, самбо спорты өңірімізде кенже қалғанын да айта кеткен жөн. Тек соңғы бес-алты жылдың ішінде баяу қозғалатын ұлудай алға қарай ұмтыла бастадық.
Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін облысымызда самбо спорты дамымады. Петропавлда тоқсаныншы жылдары бейресми спорттық клубтар жұмыс істеді. Оған сол кездегі жастар жиналатын. Солардың қатарында мен де болдым. Күрес әдістерінің барлығын жасайтынбыз. Кейін самбо не екенін ажырата бастадық.
Самбо – әскери қызметкерлердің спорты болған соң, негізінен сарбаздар мен тәртіп сақшылары шұғылданатын. Аты айтып тұрғандай, оны көбіне жұрт қорғану үшін меңгеруге тырысты.
Ал сауалыңызға келсек, самбо секциясы ресми түрде осыдан бес жыл бұрын ашылды. Сол кезде ғана облыс командасы жасақталды. Дене шынықтыру және спорт басқармасынан қолдау тауып, ұлттық спорт түрлері мектебінің базасында құрылдық.
– Бес жылда қандай іс тындырылды? Жаттықтырушылар жеткілікті ме?
– Өңірімізде барлық күрес түрлері жақсы дамып келеді. Ал самбо спорты сәл ғана артта қалғаны белгілі. Себебі өңірімізде тек екі-ақ кәсіби жаттықтырушы жұмыс істейді. Жаслан Құрманғалиев пен мен. Біздің қарамағымызда 9 бен 17 жас аралығындағы 100-ден астам бала бар. Бапкерлер саны аз болғанымен, самбоға қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Тіпті ересектер арасында бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысқысы келетіндер табылып жатады.
– Екі жаттықтырушыға 100-ден астам шәкіртті жарыстарға даярлау қаншалықты қиын?
– Жалпы бұл бізге кедергі емес. Ең бастысы, өз ісіңді ұнатып, беріле жұмыс істеу қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Біздің облысымыздың өзінде самбодан жылына бірнеше жарыс ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің біріншілігін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Бұл сында жеңіске жеткендер қалалық және өңірлік ашық турнирлерде бақ сынайды. Мұндай жарыстарға көрші облыстардың, Ресейдің жас спортшылары келеді. Жастарымыз жарыс сайын шыңдала түсетіні белгілі.
– Жас самбошылар қандай нәтижелерге қол жеткізді?
– Бес жылдың ішінде біз бірнеше халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып үлгердік. Әсіресе Ресейде өтетін сайыстарға жиі барамыз. Бірде жеңіске жетсек, бірде жеңіліп қаламыз. Өткен жылдың маусым айында жерлесіміз Сұлтан Баймағамбетовті еске алуға арналған республикалық турнирге қатыстық. Жарыс жасөспірімдер мен бойжеткендер арасында өтті. Ұлдар 3 қола медаль еншілесе, қыздарымыз 1 алтын, 1 күміс пен 4 қолаға қол жеткізді. Осыдан-ақ бұрымдылар арасында самбо спорты танымал екенін аңғаруға болады.
Сондай-ақ Беларусь елінде өткен турнирге де бардық. Шәкіртім Роман Тирижанов жүлдегер атанды. Желтоқсанда Невинномыск қаласында “Дружба” дүниежүзілік балалар ойындары өтті. Жүлдеге іліне алмасақ та Роман жақсы күресті.
Ел бойынша да самбодан балаларға арналған көптеген жарыстар өтеді. Өкініштісі, барлығына қатысуға қаржылық мүмкіндігіміз жетпейді. Егер ақша болса, барлығына барар едік.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Басты мақсат – облыста самбо спортын дамыту. Ол үшін жарыстардан қалмау маңызды. Қатысатын спортшылар бар. Бірақ ақша жоқ. Көбіне турнирлерге демеушілердің көмегімен барамыз. Жергілікті спорт басқармасы тарапынан да қолдау болса дейміз. Себебі жеңіске жету үшін мол тәжірибе керек. Ал оны тек жарыстарға қатысу арқылы жинай алатынымыз жасырын емес.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.