Биылғы ақпан айында “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы аясында 2024 жылы 18 жасқа толған азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотына алғашқы төлемдер түсе бастады. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын Қазақстан азаматы болып есептелетін 18 жасқа дейінгі барлық балаға үлестіріліп отырады.
Шоттағы қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға және БЖЗҚ-мен тиісті келісімдер жасасқан уәкілетті операторлар арқылы білім алуға ақы төлеуге арналған. Қаражат доллармен сақталады. 2024 жылы кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақтарды алушылар оны көрсетілген мақсаттарға пайдалану құқығына ие болады.
БЖЗҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануды таңдағандар арасында ең белсенді болған – Шымкент қаласының тұрғындары (2 108,84 долларға 21 өтініш орындалды). Екінші орында – Алматы қаласының тұрғындары (1707,28 долларға 17 өтініш орындалды). Үшінші орында – Абай облысының тұрғындары (1406,24 долларға 14 өтініш орындалды).
Бұл ретте одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақ салымындағы ақшасын толықтыру мақсатында 13105,12 долларға 133 өтініш орындалған. Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) – 1 105,20 доллар, үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын алу бойынша 602,08 доллар мөлшерінде бастапқы жарна енгізілді.
Сонымен бірге қаражатты білім беру ақысын төлеу үшін пайдалану бойынша да көш басына Шымкент тұрғындары шықты. Олардың жалпы 5 422,86 доллар сомасына 54 өтініші орындалған. Екінші орында – Жетісу облысының тұрғындары (3111,96 долларға 31 өтініш орындалды). Үшінші орында – Алматы қаласының тұрғындары (2709,88 долларға 27 өтініш орындалды).
“Осы бағыт бойынша ең танымал қосалқы мақсаттардың ішінде Қазақстан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтерін үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бүкіл оқу мерзімі үшін бір мезгілде толық көлемде ақы төлемін жасауды ерекше атап өтуге болады. Бұл ретте 21240,98 долларға 212 өтініш орындалды. Танымалдығы бойынша екінші орында – білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (2813 долларға 28 өтініш орындалды). Үшінші орында – шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтерін үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бүкіл оқу мерзімі үшін бір мезгілде толық көлемде ақы төлеу (1104,68 долларға 11 өтініш орындалды)”, – деп ақпарат берді зейнетақы қоры.
Баланың нысаналы талаптарға қатысушылар тізіміне қосылғаны туралы ақпаратты ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер “kids.enpf.kz” сайты арқылы баланың ЖСН нөмірі бойынша тексере алады.
Әсет ҚАНАФИН.