Наурыз мейрамына арналған мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында мерекелік іс-шаралар қаламыздағы көпқабатты үйлердің аулаларында ұйымдастырылды. Тұрғындар бірігіп, ортақ дастарқан жайып, концерт қойды, ұлттық ойындар өткізді.
Сондай мерекенің бірі – Жамбыл көшесі, 80 мекенжайындағы үйдің ауласында өтті. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аулаға жиналған қалалықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бірлесе ұйымдастырылған мереке үшін алғысын білдірді.
– Бес мың жылдық тарихы бар мереке ұлттық рухани байлығымызды сақтай отырып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып арқылы халықты біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Халықтар достығы мен ынтымақтастығының символына айналған ұлық мереке қазіргі қазақ қоғамында кеңінен аталып өтілуде. Қазақстанда тұратын жүзден астам этнос өкілдерінің Наурыз мерекесін бірге тойлағаны қуантпай қоймайды. Қаламыз күннен-күнге өркендеп, еліміз гүлдене берсін, – деді облыс әкімі.
Адамдарды бірлік пен достыққа үндейтін мереке күні тұрғындардың жүзінен мейірім төгіліп тұрды. Аға буын өкілдері дәмнен ауыз тиіп, сахнада ән шырқалса, жастар алтыбақан теуіп, балалар алаңсыз ойнап жатты.
– Біз Наурыз мейрамын өткен жылы да сән-салтанатпен атап өткен едік. Аулада атап өту дәстүрін қайта жаңғыртпақпыз. Тұрғындарды бірлікке үндейтін мерекенің берері мол, – деді қала тұрғыны Сәуле Төлеубергенова.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.