«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті қауым!

Ардақты ағайын!

Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім ке­леді. Қыстан аман-есен шыққан ту­ған-туыс, ағайын бір-бірімен қауы­шып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәс­түрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Нау­рыз мейрамын осы күннен, яғни Кө­рісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз.

Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиет­ті Ораза айының алғашқы күндері­мен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық құ­рылтай да әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні таби­ғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құнды­лық­тарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды.

Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлы­тау жерінде өтсе, былтыр киелі Түр­кістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына ке­ліп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны те­гін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ ханды­ғы­ның маңызды әкімшілік және сау­да орталығы болғаны тарихтан бел­гілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Ба­тыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерек­ше ықпал еткен. Атақты хан­да­рымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшық­та мәңгілік мекенін тапқан. Тарих­шы­лардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке ай­нал­дырған Қасым хан осында жер­ленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарай­шық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар.

Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар ру­хына тағзым етеміз. Алайда өт­кенімен ғана өмір сүретін жұрт өр­кениетті ел бола алмайды. Ұлт са­па­сын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрыл­тай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды.

Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды баста­малар көтерілді. Оның біразы орын­далды. Жалпы өзгерістер бар­лық салада болып жатыр. Мен былтыр күздегі Жолдауымда жаңа экономикалық саясатқа көшетіні­мізді айттым. Ақпанның басында Үкімет ауысты, жаңа міндеттер жүк­телді. Дегенмен нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақ­сат қою жеткіліксіз.

Әлеуметтік, шаруашылық, идео­логиялық және басқа да са­лалардағы бағдарымызды айқын­дап, нақты шараларды қолға алуы­мыз керек. Сондықтан биыл Ұлт­тық құрылтайды жылдағыдай жаз­да емес, ертерек өткізіп отырмыз. Осы орайда бірқатар өзекті мәсе­леге арнайы тоқталғым келеді.

Ең алдымен, халықтың береке-бір­лігін сақтау елдігіміз үшін аса ма­ңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңе­ден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсі­ресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қай­мағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұ­тастығы зиялы қауымның бірлігі­нен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбір­ші­лік болуы керек. Олар ұрпаққа өне­ге болатын кесек әңгіме айтуы қа­жет. Жазушылар одағының төра­ғасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мә­селе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты.

Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты тал­қылау көбейіп барады. Қаламгер­леріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жата­тын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш кө­сем­дері мен Кеңес қайраткерлерін са­лыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзін­де ел ішіне іріткі салатын мұн­дай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әр­бір тұлға өзінің көзқарасына, дү­ниетанымына қарай және өз қоға­мының мүддесіне сәйкес елге қыз­мет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрын­ғы және қазіргі тарихтың түрлі ке­зеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қар­сы қоюға болмайды. Түптеп кел­генде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өт­кен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабыл­дауымыз керек.

Ұлт жылнамасы елді бірікті­ретін фактор болуға тиіс. Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қаз­­балау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп. “Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады”, – деп бекер айтпа­ған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өз­герте алмайды. Уақыт ең әділ тө­ре­ші екенін ұмытпайық. Бізге біт­пейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сон­дықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн.

Аға буын жас ұрпаққа жол нұс­қап, бағыт-бағдар беруі керек. Елі­мізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың “Бі­ріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, іс­тің бәрі – бос”, – деген сөзі әлі де өзек­ті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым ті­лектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет.

Қазақты бөліп-жаруға болмай­ды. Біз жалпыұлттық деңгейде ой­лауға ұмтылуымыз керек. Мыса­лы, әрбір қазақ ата-бабасын құр­мет­тейді, рухына тағзым етеді. Сон­дықтан шежіре біздің мәдени ко­ды­мыздың ажырамас бөлігіне ай­налған. Бірақ біз тек қана осы тү­сінікпен шектеліп қалмауымыз қа­жет. Ең бастысы, бұл мәселені еш­қашан саясатпен араластыруға болмайды.

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұ­рап, ұжымдық хат жазу әдетке ай­налып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтіне­тін­дер көбейді. Бұл – жағымсыз жағ­дай. Мұндай ұстанымдар елі­міздің біртұтас идеологиялық ке­ңіс­тігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәр-биесіне кесірін тигізеді. Тіпті, ше­телде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған “Ескерткіштер елі” деп айтатын болды.

Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпы­ұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, рес­публика, бірлік сияқты мемлекет­тілігіміздің басты тұғыры санала­тын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал.

Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоя­тын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда мен әйгілі қаламгер, көрнекті мем­лекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткім келеді. Ол – руханият саласында, мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қал­дырған біртуар тұлға, классик жа­зушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы аза­мат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жо­ғары жан болатын. Ешқашан біреу­ді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр ай­мақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді. Онымен тілдескен адам­дар рухтанып, қанаттанып шыға­тын. Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге бе­рілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, тол­ға­натын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев – нағыз зиялы адам, ке­меңгер тұлға болды.

Сондай-ақ бүгін ортамызда Құ­рылтай мүшесі, аса көрнекті мәд­ениет қайраткері, Қазақстанның Ең­бек Ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де – нағыз мемлекетшіл тұлға, зия­лы қауым ішіндегі аса беделді аға­мыз. Әрдайым салмақты ой, сали­қалы пікірімен елге сыйлы болып жүр­ген ардақты азамат. Біз халқы­мыздың осындай перзенттерін, олар­дың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құр­мет көрсетуіміз қажет.

Келесі мәселе. Тіліміздің қол­дану аясын кеңейте түсу мемле­кеттік саясаттың басты бағыты бо­лып қала береді. Бұл – біз үшін мыз­ғымас ұстаным. Елімізде қазақ тілі­не деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне ай­на­­ла бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дү­кендерінде қазақ тіліндегі туынды­лардың үлесі арта түсті. Соңғы кез­де баспагерлердің жаңа буыны әлем­дік бестселлерге айналған шы­ғармаларды аударып жүр. Көп­теген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көр­кем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мем­лекеттік саясаттың мәні – осында.

Ешкімді мәжбүрлемей, күнде­лік­ті өмірдегі қажеттілікті арттыру ар­қылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатыс­ты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Осы тұста, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы баста­ған жаңа буын өкілдері ұйым тізгі­нін қолға алды. Мен қоғамның “Qa­zaq tili” эндаумент қорын құру ту­ралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қар­жысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық таныт­қан жандарға ерекше ризашы­лығымды білдіремін. Қалталы, жана­шыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін.

Мен экономиканы дамыту үшін “Креативті индустрияның” мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүр­мін. Бұл – мемлекеттік тілдің бола­шағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі за­манғы әдіс-тәсілдерді барынша тиім­ді пайдаланған дұрыс. Тек ақ­параттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, ин­тернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақи­қат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз кон­тентке тым әуес.

Біз, ең алдымен, жастарды кі­тап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айнала­мыз. Тәуелсіздік кезеңінде еліміз­де кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласа­пы­ран уақытта мыңдаған кітап­ха­на жабылды. Миллиондаған кітап қо­рынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.

Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материал­дардың дені кітапханада сақтала­ды. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмай­ды. Кітап оқырманға қолжетімді бо­луы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрыл­тайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тап­сырмаммен Алматыда және Аста­нада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапхана­лар заман талабына сай жаңғыр­тылды. Онда жастардың шығарма­шы­лықпен айналысып, білімін ұш­тауына толық мүмкіндік бар. Об­лыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.

Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлт­тық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Да­нияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтер­ді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қол­дай­мын. Бірақ оны мазмұнды етіп өт­кізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәр­меңкелер өткізу қажет. Шын мәнін­де, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек.

Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ау­қы­мы кең екенін толық сезініп, мә­де­ни мұрамызды сақтап, оны дә­ріп­теуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениеті­нің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еура­зияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойын­далған. Осы орта ғасырлық держа­ваның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішін­де Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық Ұлыстың жерін­де сан алуан этнос және дін өкіл­де­рі бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара ас­тасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты.

Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Ор­талық Еуразияның тағдырына тіке­лей ықпал етті. Ұланғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтыл­ды. Жошы ұлысы Ұлы даланы ме­кен еткен халықтардың сан ғасыр­лық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті бас­қару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсас­тығы да – осында.

Биыл Жошы ұлысының негізі қа­ланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруі­міз керек. Жошы ұлысы Қазақ­станның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады.

Еліміздің өткені, бүгіні мен бо­лашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал маман­дары тартылып жатыр. Фильм бел­гілі халықаралық платформалар ар­қылы көрсетілуі керек. Жалпы елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және ке­ңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа ат­қарылды. Менің бастамаммен Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.

Қазір Қазақстанның жеті том­дық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық ба­сылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ. Оны дайындауға Ресейдің көрнекті тарихшысы Вадим Трепавлов та атсалысты. Өкінішке қарай, ол жақында өмірден озды. Бірақ Вадим Трепавлов өте құнды зерттеу ма­териалдарын әзірлеп, оны көптом­дықтың редакциялық алқасына табыстап кетті. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің тарихи мектептері арасындағы тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі.

Былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комите­тіне мүше болып сайланды. Мұн­дай мүмкіндікті ұтымды пайдала­нуымыз керек. Алтынемел және Бар­сакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілді. Рухани маңызы бар жұмысты жалғастыру қажет. Елі­мізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп. Осындай тең­десі жоқ орындардың бірі – біздің ұлттық мақтанышымыз бұл – Үс­тірт қорығы. Ондағы тылсым таби­ғат көріністері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдің танымал кәсіби фотографтары оны суретке түсіру үшін алыстан арнайы келеді.

Бұл жердегі тағы бір таңға­жайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі елі­міздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жү­зі­не танытуымыз қажет. Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық ко­миссиямен бірлесіп, осы нысан­дар­ды ЮНЕСКО мұралары тізімі­не қосу жөніндегі жұмысты бастау­ды тапсырамын.

Қазақстанды “Таңбалы тастар ме­кені” деп бекер айтпайды. Ешкі­өлмес жотасы – Еуразия құрлы­ғын­дағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тари­хи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жыл­дық шежіресі. Соңғы жылдары құ­ры­лысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жа­тыр. Біз теңдессіз тарихи нысан­дарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн.

Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз ке­рек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүр­гізу үшін лицензия беру ісінде ше­шімін таппаған түйткілдер бар. Cо­ның салдарынан Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адам­дар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғы­лыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады.

Дәл сол сияқты “қарақшы-ар­хеологтар” мәселесі де бар. Соң­ғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ес­керткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті, еліміздің аумағынан табыл­ған құнды жәдігерлерді Қазақстан­дағы, шетелдегі жеке коллекция­лар­дан және әлемнің әртүрлі мұра­жайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу ке­рек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілді­ру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыс­тарын заңсыз жүргізгені үшін жа­заны күшейту қажет. Тарихи-мә­дени мұра санатына кіретін ны­сандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн. Тарихи жәдігерлері­мізді шетел мұражайларынан Қа­зақстанға қайтару жұмыстарын жан­дандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұ­ражайларға қою үшін жәдігерле­ріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек. Әртүрлі фракцияның өкі­лі әрі Құрылтай мүшесі саналатын Мәжіліс депутаттары бұл мәселені шешуге күш-жігерін салады деп сенемін.

Ендігі мәселе – ұлттық бірегей­лігімізді нығайту. Мен “Egemen Q­azaqstan” газетіне берген сұхба­тым­да Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байла­нысты арнайы тұжырымдама қа­был­данды. Әрине, бүкіл әлем жұрт­шылығымен бірге қарсы ала­тын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байы­та түсеміз. Мысалы, Көрісу кү­нінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Бас­қа жұрт қазақты киімінен тани­тын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәсе­леге арнайы тоқталдым.

Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үр­дісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ау­қымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдар­дың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киі­ніп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азамат­та­рымыз. Халқымыздың дүниетаны­мында қара киініп жүру деген аты­мен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажыра­мауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылық­тары­мызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабалары­мыздың сан мың жылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйе­уіміз керек. Еліміздің рухани дер­бестігін сақтап, оны нығайта түсе­міз десек, түркі халықтарының көп­шілігінің, соның ішінде қазақтар­дың дәстүрлі діні – сунниттік ба­ғыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет.

Дүниеге ақыл-парасатпен қа­рау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өрке­ниетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрін­де таралып, тамыр жаюына ора­сан зор үлес қосқан, түркі әлемін­дегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мә­селе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет.

Осы орайда, Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабы­лады. Мәдинадағы Мұхаммед Пай­ғамбардың қабірі де осылай бүр­келген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері ар­найы жапқыш жоқ. Талай заман­нан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қал­ған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек са­палы жөндеуден өткізіп, тарихи ор­нына қайтаруды тапсырамын.

Біз халқымыздың рухани негі­зін құрметтей отырып, мемлеке­тіміздің зайырлы ел ретіндегі мәр­тебесін күшейте түсуіміз керек. Қа­зақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құн­ды­лықтарды насихаттаушы­лар­дың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де! Деструктивті насихат­тарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүм­кін. Таразы басында өскелең ұр­пақ­тың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға сая­си ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды.

Біз дәстүрлі отбасы құндылық­тарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет. Ислам қағида­ла­рын өрескел бұрмалап, қатып қал­ған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн. Мұндай от­басылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістіктеріне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негіз­делген. Кейбір адамдар әдейі кері ке­туді қалап, орта ғасырларға тән ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке бой ұратын сияқты көрінеді.

Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға бол­майтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қо­ғамда әр азаматтың абыройы, құ­қығы және бостандығы баға жет­пес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жет­кіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс.

“Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар”. Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұс­танған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын бас­ты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз.

Жұртымыздың өзіне ғана тән ерек­шелігі бар. Біз осы мәдени ко­дымызды сақтап, бабалар жолы­мен жүруіміз керек. Ұлттық біре­гейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни сим­воликасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айт­тым. Нышандардан сол өңірдің ерек­шелігімен қатар, еліміздің бол­мыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жаса­лып жатыр. Бұған мамандар, са­рапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда.

Сонымен қатар олар Мемле­кеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің көк Туымыз­да мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Ән­ұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың Әнұраны әлем­нің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақында­рымыздың ортасында Әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айнал­ды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұра­ны­мыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан.

Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқ­сатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісі­не бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ес­керусіз қалмауы керек. Ортақ ке­лісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады.

Ұлттық бірегейлігімізді нығай­тумен қатар, ел қорғаған ерлердің есі­мін жадымызда жаңғырту да маңызды. Қазір көптеген мемлекетте өткен күннің елеулі оқиғаларына қа­тысты көзқарастар ақпараттық және саяси ойынның құралына ай­налып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгіме­лер көбейе түсті. Қазақстан әрқа­шан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қан­ды қасап туралы шынайы көзқа­рас­тың сақталғанын қалайды. Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі. Ұлт­тық құрылтайдың мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин дұрыс айтты, айтулы датаны мереке­леуге дайындықты қазірден бастауымыз керек.

Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. “Төл шежіре­міздің ақтаңдақ беттерін” ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Өт­кенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұ­ра­ғат материалдарын мұқият зерт­теу қажет. Осы орайда “Қазақстанның қаһарман майдангерлері” жо­басын ерекше атап өткім келеді. Жобаға Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрыл­тайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып ке­леді. Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрді. Оның 6 томы майдан ше­бінде болған әйелдерге арналған.

Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалға­сады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғас­тыра береді.

Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахи­мов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және басқа да батыр­лардың есімі елді мекендерге, түр­лі нысандарға, көшелерге беріл­ген. Училищелерді, авиация базала­рын және әуежайларды батыр қыр­андарымыздың есімімен атау дәстүрге айналды. Мысалы, Ақтө­бедегі Әуе қорғанысы күштерінің әс­кери институты Талғат Бигел­ди­новтің атымен аталады. Қарағандыдағы авиация базасына Нұркен Әбдіровтің, Атыраудағы халықара­лық әуежайға Хиуаз Доспанованың есімі берілген. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Осы орайда майдан шебінде ерекше қа­һармандығымен дараланған әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің ерлігі лайықты бағалануға тиіс. Алматы­ның бір көшесі осы қалада туған даңқты ұшқыштың есімімен аталады. Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің Талдықорғандағы әуе базасын да Сергей Луганскийдің аты­мен атаған жөн деп санаймын.

Сондай-ақ біз кезінде ерлігі еленбей қалған батырларымызға “Халық қаһарманы” атағын беруді игі дәстүрге айналдырдық. Ең жо­ғары әскери атақ 2022 жылы мар­құмдар Төлеуғали Әбдібековке, Александр Несмияновқа және Ыбы­райым Сүлейменовке берілді. Ал 2023 жылы жүз жасаған ақсақалдарымыз Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Гапич осы мәртебелі атақ­қа ие болды. Екінші дүние­жүзілік соғыстағы батырлардың ерлігі – бүгінгі және болашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге.

Еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырла­рымыз аз емес. Мен халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон команди­рі болып аяқтады. Сұрапыл соғыс­тың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Айрық­ша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қа­тысты, батальон, полк, дивизия бас­қарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне “Момышұлы спиралі” деген атаумен енді. Рақымжан Қошқарбаевтың өш­пес ерлігі де бүгінде еш талас ту­дырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен ба­тыр.

Мен былтыр Ұлттық құрылтай­дың отырысында бірқатар орден­дерді көрнекті тұлғаларымыздың атымен атау туралы айтқанымды білесіздер. Мұндай тәжірибе көп­теген елде бар. Бұл отаншылдық­ты және ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеді. Қазір мемле­кеттік наградалар жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыспен Республи­калық комиссия айналысып жа­тыр. Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арнал­ған “Айбын” ордені бар. Осы мәр­тебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтіру жо­лындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыз­­дың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзент­теріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ награда иегерлеріне Ота­нымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін.

Келесі мәселе. Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жа­ғымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жо­лындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай “Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол” деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үр­дісіне, жаңа технологияның да­муына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетика­лық есірткі айналымы. Өкінішке қа­рай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан ас­там қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.

Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастары­мыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адам­дар­дың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын.

Мен былтырғы Құрылтайда ба­лалар мен жастардың денсаулы­ғына, яғни тұтас ұлттың болашағы­на орасан зор зиян келтіріп жатқан “вейптердің” таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парла­ментте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілік­ке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін.

Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны – белгілі, ешқандай са­нитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, соның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жа­тыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары тех­нология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біз­дің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәс­түрі санайды. Шын мәнінде, бұл – ба­рып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы насыбай өн­діріп, оны таратқаны үшін заң жү­зінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заң­дарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам на­сыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы жан-жақты тү­сіндіру жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізе­тін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз ке­рек.

Сол сияқты тағы бір қауіпті ке­сел – лудомания, яғни құмарпаз­дық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букме­керлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қа­ланың халық санына пара-пар көр­сеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен та­лай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрын­ды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.

Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мың­нан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі биз­несіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудо-ма­ниямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құ­марпаздыққа заң жүзінде шек­теу қою қажет. “Amanat” партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жо­басы әзірленді. Парламентте қара­лып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қа­жет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да – қазіргі уа­қыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. “Жедел жәрдем” және қоғамдық көлік жүр­гізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көр­сету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Ауруын жасырған өледі. Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түз­де де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғам­да Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

Тағы бір кесел, бұл – ванда­лизм. Өкінішке қарай қоғамдық мүліктен бастап, мың жылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жап­пай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақ­тасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлері­міздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ау­ладағы ойын алаңын, көшедегі аял­даманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өрке­ниетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жа­понияда, Оңтүстік Кореяда, Қы­тай­да, Сингапурда жағымды мы­салдар көп, осы елдер көпке үлгі бо­лып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?

Келесі түйткіл – ысырапшыл­дық. Шын мәнінде, ырыстың бас­тауы – үнемшілдік. Дамыған ел­дер­де жарық пен суға дейін үнем­деп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағ­дай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі. Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптас­қан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды. Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жа­тыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге кө­тереміз.

Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құ­ралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы ке­рек. Мұны әрбір азаматтың және бү­кіл қоғамның міндеті деп түсіну қа­жет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мә­селе.

Келесі мәселе. Ұлттық құрыл­тайда біз мәдени-гуманитарлық са­ланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындаймыз. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығай­ту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен өзгерістердің басты мақсаты – ха­лықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау.

Осыған орай экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үне­мі іздеп отыру керек. Бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже бе­ретін жобалар қажет. Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфра­құрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырамын. Ең алды­мен, қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөн­деу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инже­нер­лік жүйені жаңғырту керек. Бұл қа­дам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік бе­реді.

Баспана – жұрттың тұрмыс са­пасын танытатын тағы бір маңыз­ды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған “Отау” ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үл­кен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орта­лығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қол­ға алу керек. Бұл ретте әлеу­меттік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар са­тып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе кө­бейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңіл­детілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс сала­сында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады.

Жол салу және оны жөндеу жұ­мыстары да экономиканың да­муына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге кө­лікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады.

Бұдан бөлек, Үкімет газ тар­тыл­ған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы инфрақұры­лымдық бастамаларды жүзеге асы­ру барысында жергілікті бизнес пен отандық кәсіпорындардың мүм­­кіндігін толық іске жарату қажет.

Экономиканы дәйекті дамыту үшін еліміздің бәсекедегі артық­шы­лықтарын түгел пайдалану керек. Қазақстанды Еуразия құрлығын­дағы негізгі транзиттік хабтың бі­ріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Таяуда біз Сиань қаласында көлік-логистика орталығын іске қостық. Қазақстан мен Қытай болашағы зор бұл жобаны “Бір белдеу, бір жол” атты жаһандық бастама аясында бірле­сіп жүзеге асырды. Дәл осы аптада Әзірбайжанға Сиань қаласынан алғашқы контейнер пойызы келіп жетті. Жаңа логистика орталығы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемін едәуір арттыруға ық­пал етеді. Біз еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғаюына ба­рынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, темір жол құрылысының қарқынын арттырамыз. Сондай-ақ теңіз тасымалының инфрақұрылымын жақсартып, өз­гертуге ыңғайлы тариф саясатын жүргіземіз. Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін барынша тиімді пай­далануға мүмкіндік береді. Эконо­миканың көптеген саласын дамы­туға септігін тигізеді.

Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін супер­компьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің табаны арқы­лы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отыр­мыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады. Мен жақында “Қазақстан темір жолы” компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметі­нің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бі­лікті IT-мамандары жұмылдырылды.

Темір жолдың өткізу мүмкіндігінің артуы, жанар-жағармайдың үнемделуі және компания табысы­ның көбеюі – цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қа­лыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны эко­номиканың барлық саласына енгізуге тиіс.

Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мәсе­лені әрдайым басты назарда ұс­тауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет.

Мен бүгін тағы бір өзекті мә­се­леге қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біз соңғы жылдары кә­сіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орта­лыққа айналдыру. Осы орайда ұлт­тық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлттық буржуазия тура­лы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық фо­румында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлты­на емес, оның азаматтық сана-се­зіміне қатысты айтылып отыр. Яғни елімізге қоғам алдындағы жо­ғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеу­лі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек.

Мен Мемлекет басшысы ретін­де әрбір мәселені ашық талқылауға дайынмын. Өздеріңізге мә­лім, кәсіпкерлерімізбен үнемі кез­десіп жүремін. Бизнес өкілдері бел­гілі бір саладағы саясатты жетілді­руге қатысты стратегиялық баста­ма көтереді деп сенемін. Олар эко­номиканың түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс айтады деп үміттенемін. Алайда кейбір кәсіп­керлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады. Тіпті бизнес-жобасына қолдау көрсетуді, өзіне жеңілдік беруді сұрайды. Сол үшін мемлекеттік органдарға тапсырма беруімді өтінеді. Бір сөзбен айтсақ, баяғы, үйреншікті жолымен жүргісі келеді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге ұмтылады.

Басқа жұртқа қараңыздар. Көп­теген елдің, тіпті, көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше, ту­ған елін дамытуға өз еркімен қы­руар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауға тиіс деп санаймын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет.

Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің ба­сықасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға де­меушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Әрине аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай неме­се спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық.

Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық бур­жуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық бур­жуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады.

Құрметті достар!

Біздің нақты құндылықтары­мыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбас­шы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Жаңа ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекі­туді ұсынды. Талқылау барысында Дихан Қамзабекұлы, Мұрат Әбе­нов, Шаймардан Нұрымов және басқа да Құрылтай мүшелері осы идеяны айтқанын білемін. Мен қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып жүрмін. Алайда азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады.

Саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, институционалдық өзгеріс жасау арқылы жүзеге асы­рылады. Бірақ қоғамдық этикаға келгенде, заңдарды өзгерту жеткі­ліксіз. Барынша мұқият болуды та­лап ететін бұл шаруаға Ұлттық құ­рылтай мүшелері де белсене атсалыса алар еді. Жасампаздық ру­хының қоғамда терең орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне іріткі салатын жағымсыз әрекеттердің келмеске кетуі өте ма­ңызды.

Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметші­лер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке ай­налдырды. Мұны доғару керек. Қо­ғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беруге болмайды. Әлем қауымдастығында лайықты орнын иеленуді қалайтын ұлт өзін өзге­лерден кем сезінуден және әлеуе­тін әлсірететін жалған түсініктер­ден арылып, болашаққа нық сенім­мен қарауы керек.

Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым келеді.

Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отан­ға деген сүйіспеншілігін сөз­бен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейім­деп отыру арқылы ғана ең маңыз­ды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз.

Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы­мыз қажет. Бұл, әсіресе, әлемде “заңның күші емес, күштінің заңы” деген қағидат үстемдікке ие бо­лып, егемендігі осал мемлекет­тердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылғанмыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті.

Қазір ресурстарға, инвестиция­ға, көлік логистикасы мен комму­ни­кацияға қызу талас жүріп, жаһан­дық бәсеке күшейе түскенін бар­шаңыз көріп отырсыздар. Ха­лық­аралық мәселелер мен оларды реттеу жолдары туралы, соның ішін­де аймақтық құрылымдардың экономикалық және саяси түйткілдерді шешетін құдіреті жайлы бұрынғы пайым-түсініктер қазіргі аса күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы заманда тым әсіреленген, тіп­ті, аңғал көзқарас сияқты көрінеді.

Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізе­тін әсері туралы кешенді талдау қа­жет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет ар­қылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді.

Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қа­зақ­стан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады.

Еліміздегі мемлекеттік аппа­раттың сыртқы және ішкі саясатқа қатысты шешімдерінің бәрі попу­лизмді және құбылмалы ахуал­дарды емес, іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алуы керек. Мемлекеттік деңгейдегі әрбір ше­шімді қабылдар алдында оның мәні және салдары туралы жан-жақты талдау жасалуға тиіс. Халықаралық саммиттердің құжаттары арқылы талапқа сай бекітіліп, нақты міндеттемелер жүктейтін ше­шімдері қайта қаралмайтындық­тан, әсіресе, сыртқы саясат саласына мұқият болған жөн.

Тағы бір іргелі құндылық – бір­лік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бір­лік­тің арқасында жеңіп келеді. Ора­сан зор сын-қатерлер пайда бол­ған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңыра­ғымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарау­ға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Елі­міздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемле­кет те, қоғам да көмекке шын мұқ­таж адамдарды қолдауға қашанда дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шы­найы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмек­тесуге ұмтылады. Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түр­лі қайырымдылық шараларға бел­сене атсалысады. Бұл да – тілеу­лес болудың айқын көрінісі. Халқы­мыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлт­тық ерекшелігіміз болып қала бе­реді.

Келесі құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да ай­нымас темірқазығы болуға тиіс. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, тату­лық пен келісім нығая түседі. Мен мемлекет басшысы ретінде Әді­летті Қазақстанды құруды өзімнің бас­ты міндетім деп санаймын. Пре­зидент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағида­сын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жа­рияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда “әділдік” ұғымы­ның саяси риторикада және тәжі­рибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Ме­ніңше, бұл әділдік ұғымының ая­сын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәрі­не бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу де­ген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Бас­қа­ша айтсақ, жауапкершілік болма­са, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкерші­лікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында.

Тағы бір маңызды құндылық бұл – заң және тәртіп. Заң алдын­да – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бер­мейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желі­де де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушы­лық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Біз “жасампаз плюрализмді толық қолдаймыз, елге іріткі салатын ра­дикализмге түбегейлі қарсымыз” деген қағидатты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз.

Әлемді шынымен өзгерткің кел­се, өзгерісті қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған. Яғни отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта.

Құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері. Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекі­ліктің зардаптары аса ауыр болып тұр. Жыл сайын мыңдаған адам кө­л­ік апатынан қаза табады. Бұл – со­лардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қай­ғылы жағдай.

Заң бар жерде, тәртіп бар. Кө­бінесе қиын сәттерде азаматтар­дың тәртіпке бағынуы олардың қа­уіпсіздігіне кепіл болады. Жа­қында Алматы қаласында жер сіл­кінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйым­шыл­дықтың озық үлгісін көрсетті. Осы­дан-ақ ба­ланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты ма­ңызды еке­нін айқын көруге болады.

Келесі маңызды құндылық – ең­бекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде аза­маттардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең бол­ғанын қалаймын. “Туған жерге туың тік” дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бой­лауы қажет. Қазақстан – барша аза­матымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал.

Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жас­тары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сон­дықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни жас­тарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр.

Өмір бойы бір жерде, бір ауылда отырған жастардың келешегі және көзқарасы қандай болады? Бұл сұрақтың жауабы – анық. Айт­паса да түсінікті. Шын мәнінде, бұ­ған үлкендер де кінәлі. Көбінесе, ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әл­еуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз.

Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтар­да, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пай­дасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек.

Бүгінде солтүстік аймақтарда жұ­мыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мың­даған шақырым жерде көшіп-қо­н­ып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс.

Біз шетелге барып, қара жұмыс істеп жүр деп, көрші елдің азаматтарын менсінбей қараған адам­дар­ды да көрдік. Шын мәніне келгенде, сол шетелде жүрген адам­дар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді. Олар өз елінің экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып жүр. Америка­ның өзінде Орталық Азиядағы көр­шілес елдердің мыңдаған азамат­тары тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ.

Ең дамыған елдердің азамат­тары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көш­пен­ділер, Modern Nomads дегені­міз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс.

Соңғы жылдары біздің де жас­тарымыз шетелге жиі шыға бас­тады. Қазір Қазақстанның 200 мың­ға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми ең­бек етіп жүргендер де бар. Қай жер­де болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олар­дың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу.

Келесі құндылық – жасампаз­дық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлем­де ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық да­мыған мемлекет құру үшін біздің аза­маттарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

Біз адам капиталына арқа сүйесек, өзіміз белгілеген ауқым­ды өзгерістердің бәрін жүзеге асыра аламыз. Елімізде талантты азаматтар аз емес. Олар тың амал-тәсілдер қолданып, батыл шешімдер қабылдағанының арқасында түрлі салада зор табысқа жетіп жүр.

Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таны­ла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жа­сампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін.

Еліміз біртіндеп постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келеді, идея мен инновация оның бас­ты қозғаушы күші саналады. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қа­жет. Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айна­луға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық мін­детіміз. Осы технология таяу бо­ла­шақта әлемді түбегейлі өзгертеді.

Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, “Қазақ­станның қарышты қадамын” жа­сауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бі­рақ дәл осы жерде батыл қи­мылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда ұлттың жаңа сапасын қалыптас­тыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған “Адал азамат” ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үн­десіп жатыр. Біз осы іргелі құнды­лықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құн­ды­лықтарды орнықтыруы керек. Әр­бір адам “Адал азамат” деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.

“Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” – бір-бірінен ажыра­майтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бө­лінуі керек.

Өздеріңізге мәлім, соңғы бес жылда біз әртүрлі құндылықтар жайлы жиі пікір алмасып, ой елегінен өткіздік. Оның бәрі уақытша ғана мәні бар жалаң тақырып­тарды талқылау емес, идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағдарын айқын­дау үшін жасалды.

Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынты­мақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаз­дық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшы­лыққа алса, болжаусыз және қар­қынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдар­дың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту ми­нистрлігі мектептегі тәрбие жұмы­сын ұйымдастыру тәсілдерін жа­ңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұ­мыс­қа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет.

Негізгі құндылықтарымызды бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дә­ріптеу аса маңызды. Салалық ведомство көпшіліктің қызығушылы­ғын туғызатын тың жобалар ұсынуға тиіс. Жаңа қоғамдық эти­каны орнықтыру ісінде орталық органдар ғана емес, өңірлік билік те маңызды рөл атқарады. Орта­лық пен аймақтар тығыз байла­ныста жұмыс істеуі керек. Мысалы, ел ішіндегі еңбек көші-қонын жандандыру мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктері өзара үйлесімді әрекет етіп, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Ұсынылып отырған құндылықтар жүйесі ағар­тушылар мен қоғам белсенділеріне бағыт-бағдар бола алады.

Озық құндылықтар біздің болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы үшін оны қоғамда жан-жақты дәріптеудің тиімді тәсілде­рін іздеу, ұсыну және тарату қажет. Сіздер, Ұлттық құрылтайдың мүшелері, осы күрделі әрі маңызды жұмыстың алғы шебінде болуға тиіссіздер.

Сырттан келмеген, өмірден ір­гесін ажыратпаған бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашаққа ұмтылысымызға негізделген. Сондай-ақ барша аза­маттарымыздың мүддесіне сай ке­леді. Оны кеңінен дәріптеп, ілге­рі­лету үшін мемлекеттік аппарат пен қоғамдық күштердің бәрі бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Пре­зидент Әкімшілігіне бұл жұмысты бақылауға алуды және идеология саласындағы міндеттерді орындау үшін кешенді жоспар жасауды тап­сырамын.

Құрметті достар!

Елімізді жан-жақты жаңғырту үшін кең ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Бүгінгі айтылған бастама­лар – соның бір бөлігі ғана. Көп­теген әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де бар. Оның бәрі халықтың күнделікті тұрмыс-тірші­лігіне тікелей әсер етеді. Біз оны біртіндеп шешіп жатырмыз. Бірақ барлығын бір күнде реттеу мүмкін емес. Сондықтан оған уақыт, түсіністік және сабыр қажет.

Дүние жүзінде қалыптасып отырған аса күрделі ахуал жағ­дайды ушықтырып тұр. Кейбір сая­саткерлердің жауапсыз мәлімде­месін өздеріңіз оқып жатырсыздар, олар түрлі арандатушыларға дем беруде.

Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау неме­се өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әрине өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек.

Соңғы бес жылда көптеген ма­ңызды бастаманы жүзеге асырдық. Нәтижесінде Қазақстан саяси тұрғыдан түбегейлі өзгерді. Халық­тың әл-ауқатын арттыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Үкіметке экономиканы түбегейлі реформалау үшін барлық құзырет берілді. Халқымыз оның нәтижесін көп ұзамай көреді деп сенемін. Бірақ ең бастысы – нақты мақ­сат қойып, соған ұмтылу. Осыны жете түсінген жөн. Әр азамат еліміздің қайда бет алғанын, ертеңіміз қандай болатынын білуі керек. Бұл – өте маңызды.

Әрине еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әр­қалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын “Әділетті Қазақ­стан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт” деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты.

Еліміз стратегиялық бағдары­нан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институт­тары және дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құра­мыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады.

Біз “бірлігіміз – әралуандықта” деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз. Біз аза­маттарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкер­лері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі да­мыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы кү­ресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бер­мейді.

Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді.

Мен жуырда Президенттік жас­тар кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездестім. Сонда айтқан ойымды еліміздің барша жастары­на тағы да қайталағым келеді. Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемле­кетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіз­дер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өзде­ріңізге жүктелетін тарихи миссия­ны орындауға қашанда дайын бо­луларыңыз керек.

Біз жасампаз халық болуымыз қажет. Оған әлеуетіміз толық же­теді. Сан ғасырлық тарихында қазақ мемлекеттігінің құрылымы та­лай рет өзгерді. Бірақ елдігіміздің тұғыры қашанда – берік, ұлтымыздың рухы – әрдайым асқақ. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтылуымыз керек. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз қажет. Сонда болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құрамыз.

Құрметті жиынға қатысушы­лар!

Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық инсти­тут ретінде қалыптасты. Құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін “біртұтас командаға” айналуға тиіс. Сіздер жұмыс бары­сында көптеген ұтымды ұсыныс беріп жүрсіздер. Бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгін де жаңа идеялар айтылды. Оның бәрі мұқият қаралып, маңызды ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынады. Құрылтай барынша тиімді әрі оңтайлы қызмет етіп жатыр деп санаймын. Алдағы уа­қытта да белсенді жұмысты жалғастыра берген жөн.

Өздеріңіз білесіздер, мен осы басқосуға аймақ өкілдерін шақыру туралы тапсырма бердім. Бүгін, міне, ортамызда атыраулық ағайындар да отыр. Соның ішінде экология мәселелерін көтеріп жүр­ген белсенді азаматтар бар. Жалпы Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаң­дап отырғанын білемін. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ласта­нып жатыр. Облыс орталығында қо­қысты сұрыптауға және өңдеуге қа­тысты түйткілдер бар. Атырауда қо­қыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс по­лигонын дереу ретке келтіру қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек. Қазір осы­ған байланысты нақты жұмыс ат­қа­рылып жатыр. Үкіметке және об­лыс әкімдігіне бұл маңызды жұмыс­ты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады.

Жалпы Атырау облысының да­муына ерекше мән беру керек. Сон­дықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді. Мен кезінде осында Онкология ор­талығын салу туралы тапсырма бердім. Бірақ қаржы мәселесі то­лық шешілмей, созылып кетті. Енді оған жер қойнауын игерумен ай­налысатын кәсіпорындар қаржы бөлетін болды. Құрылыс келесі жылы аяқталады.

Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Осы жобаларға демеушілік көрсеткен азаматтарға және компанияларға ризашылығымды білдіремін. Бұдан бөлек, биыл бірнеше емхана, оңалту орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі.

Құрметті қауым!

Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы об­лыстардың дамуына тың серпін бе­реміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтай­дың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын.

Ал бүгін бүкіл азаматтарға Ораза қабыл болсын дегім келеді!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

“Аkorda.kz”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp