Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Наурыз мерекесіне орай балаларға арналған “Жақсылыққа жаршы болған Наурыз” атты ойын-сауық шарасы ұйымдастырылды. “Алпамыс батыр” жырының желісі бойынша сахналанған қойылымда балаларға жеті қазынаның мәні, асық ату, арқан тартыс, ақсүйек ойындарының тәртібі түсіндірілді. Ойын соңында Ұмай ана кейпіндегі актриса аластау дегеннің не екенін көрсетсе, Қыдыр ата балаларға ақ батасын берді.
Жарты сағаттық қойылым балаларға қатты әсер етті. Олар кейіпкерлер шынайы өмірде бардай қабылдап, жалмауыз кемпірдің ісіне жиіркене қарап, тұтқынға түскен Гүлбаршынға аяушылық танытып, Алпамыс батырға қолдау көрсетті.
– Амал мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл шараның негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Қазіргі балалар “Өрмекші адам” сынды шетелдік кейіпкерлермен санасын улап, солардың киімін іздеп жүріп сатып алады. Оның орнына өз батырларымызға еліктеп, “тілім – тірегім, жерім – жүрегім” дейтін рухты жастар тәрбиеленсе деген мақсатпен осы шараны ұйымдастырдық, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.