Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында әз-Наурыздың бастауы саналатын Көрісу күні атап өтілді. Аталмыш іс-шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, ақсақалдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Мереке баршамызға құтты болсын. Осы аптада өңірімізде Наурыз мейрамына арналған көптеген шаралар ұйымдастырылады. Соның алғашқысы – Көрісу күні. Бұл – халқымыздың дәстүрі бойынша қарияларға, үлкен кісілерге сәлем беріп, туған-туысқандарға, көршілерге құдайы қонақ боп баратын күн. Амал мерекесінің он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазанмен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорып отырмыз. Ауыз бекіткен кісілердің дұғалары қабыл болып, тілектері орындалсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, – деген облыс әкімі жиналғандарға ұлттық құндылықтарды насихаттауға, бірлік пен татулықты нығайтуға қосып жатқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, әзірбайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі Шыңғыс Құрбанов мерекенің тарихи маңыздылығына тоқталды.
– Бұл күнді халқымыз Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар, – деді Ескендір Есмақұлы.
Өңірімізде тату-тәтті тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің жайған дастарқандары мен дайындаған көрмелері мейрамның шырайын аша түсті.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.