Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі жанындағы жазушы Герольд Бельгер атындағы музейде 120-ға жуық жәдігер бар. Солардың бірі – көне скрипка.
Музей жетекшісі Ақнұр Қаженованың айтуынша, аталмыш жәдігерді білім ордасына жазушының Мәскеуде тұратын қызы, актриса, режиссер, продюсер Ирина Ковалева 2017 жылы табыстапты.
– Атамыз Карл Фридрих Бельгер көзі тірісінде бірнеше музыкалық аспапта ойнаған. Бұл – сол кісінің скрипкасы. Ал әкем жазудан бас алмайтын. Оның қандай да бір аспапты тартқанын көрген емеспін, – дейді Ирина Герольдовна.
Ақын Жарасбай Нұрқанов “Үлкен кісі” атты естелігінде Карл Фридрихтің Шал ақын ауданының көптеген тұрғынына “екінші өмір сыйлаған” ақхалатты абзал жан болғанын әсерлі жазған. Жерлестері қаламгердің әкесінің ауыл балаларының ерік-жігерін жанып, оларды музыкалық аспаптарда ойнауға баулығанын бүгінге дейін мақтанышпен айтады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.