«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТКЕНДЕР КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Радикалды жат ағымдар күллі әлемді алаңдатып отырғандықтан, оларға тосқауыл қоюдың жолдарын жан-жақты қа­растырудың мәні айрықша. Бұл орайда, рухани-адамгершілік құндылығымыздың ажырамас бір бөлігі бо­лып табылатын, қазақтың ұлттық дәстүрлерімен тамырлас, руханиятымызға етене жақын, түпта­мыры әріден басталатын дәстүрлі дінімізді жұртшылық арасында кеңінен насихаттаудың, оған қатысты ке­шенді іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырудың маңызы зор. Жасыратыны жоқ, арамызда ислам атын жамылып жүрген теріс пиғылды әсіредіншілдердің өз ұстанымдарын, қитұрқы идеологиялық сая­сат­тарын оңды-солды тықпалайтыны жиі кездеседі. Ондағы басты мақсат – қатарын көбейту. Оң-солын толық танып үлгермеген жастардың жат ағымдар мен секталарға ілесіп кетуі оп-оңай. Га­зет оқырмандарының осы сала бойынша толғандырған сауалдарына облыстық дін істері басқармасы жа­нын­дағы конфессияаралық қатынастарды талдау орталығының басшысы Азамат Қожабаев жауап берді.

Асхат ДУЛАТҰЛЫ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдай жасал­ған. Өңіріміздегі дін істері бас­қармасы осы ынтымақ-бір­лікті сақтау мақсатында қан­дай жұмыстар атқарып жат­қанын білгім келеді.

– Ведомство өз жұмысын Ата заңмен және қолданыстағы заң нормаларымен үйлестіріп, жү­зе­ге асырады. Негізгі функцио­налдық бағыттардың бірі – діни қыз­мет саласындағы мемлекет­тік реттеуді жүргізу, діни ұйым­дармен бірлескен өзара іс-қимылды жандандыру, өңірдегі ді­ни ахуалға талдау жасай оты­рып, зерделеу, жұртшылықты то­лыққанды ақпараттармен қам­тамасыз ету. Діни бірлестіктерді үйлестіру және өзара іс-қимыл, экстремизмнің алдын алу және оңалту бөлімдерінде жеті қыз­меткер жұмыс істейді.

Облыста 11 конфессияны қам­титын 127 діни бірлестік тір­келген. Оның ішінде 54 ислам, 33 православие, 11 католик, 23 протестант, 1 иегова куәгерлері, 4 жаңа апостолдық шіркеу, 1 криш­­на санасы қоғамы ұйымы бар. Барлығы 155 діни ғибадат­хана жұмыс істеп тұр.

Ерсайын САДЫҚОВ,

Есіл ауданының тұрғыны:

– 2019 жылы облыс орта­лығындағы “Береке” шағын­ау­да­нында 200 орындық жаңа мешіттің қадасы қағылған бо­латын. Естуімше, демеуші­лер Түркістан облысынан. Жеке кә­сіпкер Әбдумәжит Сыздық­беков 2020 жылдың күзіне та­ман бітіруге уәде берген. Со­дан бері арада 5 жыл өтсе де, пайдалануға беру мерзімі ке­шігуде. Неге?

– Ашығын айтсақ, жеке биз­нес өкілдерінің ішкі ісіне арала­суға құқымыз жоқ. Бізге берген ақпаратқа қарағанда, биыл ма­мыр айында бітеді. Бүгін­де 25 намазхананың, 4 мешіттің құры­лысы жалғасуда. Бұдан бө­лек, Есіл, Шал ақын, Қызылжар ау­дан­дарында православие шір­кеулерін салу жоспарланған.

Гүлбану ӨМІРСЕЙІТОВА,

Жамбыл ауданының

тұрғыны:

– Басқарманың діни ұйым­дармен, заң органдарымен бай­ланысы қалай үйлестірі­леді?

– Басқарма жанында 11 кон­фессияны, яғни діни ұйымдар жетекшілерін біріктіретін діни бірлестік клубы құрылған. Оның ұйытқы болуымен былтыр 249 іс-шара өткізілді. Ведомство өз та­рапынан 4 мемлекеттік қыз­мет көрсетеді. Жуырда оның құ­рамына “Ғибадат үйлерін, ғи­мараттарын салу және олар­дың орналасатын жерін айқын­дау туралы шешім беру” қызметі кірді. Қызметтер тегін, www.egov.kz порталы арқылы ұсыны­ла­ды. Қызмет алушыдан құжаттар мен мәліметтердің тізбесі, өті­ніш, ғибадат үйін салу жөнінде электронды анықтама, сол ау­мақтағы тұрғындардың діни ны­сан салуға берген келі­сімі талап етіледі.

Біз республикалық, облыс­тық, жергілікті мүдделі орга­н­дар­мен, конфессиялармен ты­ғыз қарым-қатынастамыз. Об­лыс­тық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл күрес басқармасының дерек­те­ріне сүйенсек, өткен жылы діни заңнаманы бұзудың 23 фактісі тіркеліп, кінәлілер әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылды. Анық­талған жайттардың басым бөлігі діни мазмұндағы материал­дар­ды таратуға, сатуға байланыс­ты. Жат ағымдарға қарсы күрес желісі бойынша заманауи ақпа­рат­тық технологиялар қолданы­лады. С.Мұқанов атындағы об­лыс­тық ғылыми-әмбебап кітап­ха­нада ішкі саясат басқармасы, полиция, прокуратура өкілдері­нің, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің, дінтанушылардың қатысуымен өткен “дөңгелек үс­тел” барысында халықпен жұ­мыс істеудің тың әдістері, оның ішінде ғаламтор кеңістігінде дес­труктивті діни ағымдарды жақ­тау­шыларды анықтау жолдары, оның таралуын болдырмау, ал­дын алу мүмкіндіктері талқылан­ды. “Қазақстан – келісім аумағы” форумы рухани-адамгершілік құн­дылықтарды насихаттауға, қо­ғамдағы толеранттылықты ны­ғайтуға арналды. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлының төр­а­ғалығымен өткен өңір имамда­рының алқалы басқосуында дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан жә­не саясат, діни оқу-ағарту, жат ағымдардан сақтандыру мәсе­лелеріне баса назар аудары­лып, “Уағызшының тұлғалық си­паты” тақырыбында семинар ұйым­дастырылды. Жоспарлан­ған жобалардың арасынан өңір­лік “Рухани келісім – конфессия­аралық диалогтың негізі” атты оқыту семинарын бөле-жара ай­туға болады. Іс-шара шең­берінде Ш.Қабылбаев атын­дағы академияның, ҚМДБ “Уа­қыт” қорының, республикалық ді­ни оңалту орталығының жауап­ты мамандары деструктивті діни ағымдар идеологиясына бейім адамдармен профилактикалық жұмыстың негізгі принциптері, әлеуметтік желілердегі діни на­сихат төңірегінде маңызды мә­селелерді қозғады.

Былтыр 20 мыңға жуық адам­ның басын қосқан екі мың­дай іс-шара өткізілді. Мони­то­ринг жүргізу кезінде “ВКонтак­те” желісін қолданатын күмәнді 450 жерлесіміз анықталып, қа­уіпті топтардан шығарылды. “Инста­грамда” бұл көрсеткіш 4 мыңға жет­кен. Өкінішке қарай, діни ағымдардың сайттары мен па­рақ­­шалары көбіне шетелде ашыл­ғандықтан, толыққанды шек­теу мүмкін емес.

Арман КЕҢЕСҰЛЫ,

Тимирязев ауданының

тұрғыны:

– Дін саласындағы түйт­кілді проблеманың бірі – тео­логия, исламтану маманда­рын даярлау. Бұл мәселе өңі­рімізде қалай шешімін табу­да?

– Сұрақ өте орынды әрі өзек­ті. Бүгінде діни ілімге қызығушы­лық танытқан жастарға “Дінта­ну”, “Теология”, “Исламтану” ма­ман­дықтары бойынша білім алу мүм­кіндіктері мол. Еңселі жоға­ры оқу орындары қатарында Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, “Нұр-Мүбарак” Еги­пет ислам мәдени универси­теті, Қожа Ахмет Ясауи атында­ғы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Алматы православиелік теоло­гия­лық семинариясы, Епархия­ара­лық жоғары рухани католик­тік семинариясы, Шымкент мед­ресе-колледжі, сондай-ақ аль-Ахзар, Стамбул, Мармара, Ан­кара, Сельджук, Хасеки универ­ситеттері, Мәскеу, Малайзия ха­лықаралық ислам институттары секілді шетелдік оқу орындары бар.

Тастан ҚАЛИЕВ,

Мамлют ауданының

тұрғыны:

– Көп жағдайда діни экс­тремистік идеологияның құр­баны кімдер?

– Шыны керек, деструктивті діни ағым өкілдері адамдарды жа­сына, әлеуметтік тобына қа­рап бөліп жатпайды. Көбіне пси­хологиялық жағынан әлсіз, күй­зеліске ұшыраған, діни сауаты аз, тұрмысы төмен санаттағы­лар­ды қатарына тартуға бейім. Десек те 16-29 жастағылар тез еліктейді. Сонымен қатар ради­калды идеологияны таратушы­лар әлеуметтік желілерді көп пайдаланып, діни кітаптарды тарату арқылы да адам санасын улап жататын фактілер аз кез­деспейді.

Дін істері басқармасы ма­ман­дарының “Қызылжар” фут­бол командасымен кез­десуі кездейсоқ емес. Жасы­ратыны жоқ, жат ағым өкілдері өз қата­рына әншілерді, спорт­шы­ларды тартудың небір құй­тұр­қы әрекет­теріне барып жүр. Соның салда­рынан діни ағымға қосы­лып кет­кендер көп. Футболшы­ларға ді­ни экстре­мизм мен тер­роризмге тұсау салудың жолда­ры түсін­дірілді.

Басқарма ресми дін қызмет­керлерімен бірлесе отырып, ха­лықтың нысаналы топтарын­да, оның ішінде сотталғандар ара­сында профилактикалық түсін­діру жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізеді.

Мұрат ӘКІМОВ,

Аққайың ауданының

тұрғыны:

– Теріс пиғылдылардың ара­сында жазаға тартылғаны бар ма?

– Діни заңнама саласында заң бұзушылыққа жол бермеу бойынша полиция қызметкер­лері шешім қабылдайды. Был­тыр Петропавл қаласында емші­лікпен айналысқан “Ата жолы” діни ағымының өкілі жазаға тар­тылды. Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қыз­мет­керлері Қазақстанда тыйым са­лынған оккульттік-мистикалық жолмен дәстүрлі емес еммен ай­налысқан адамды әшкере­леді. Биыл Ресей азаматы діни кітап­тарды Қырғызстан шекарасы ар­қылы алып өтпек болған жерін­де ұсталды. Ол діни әдебиет­терді, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, ді­ни мақсаттағы заттарды тара­ту­ға тек ғибадат үйлерінде, діни бі­лім бе­ру ұйымдарында, сондай-ақ жер­гілікті атқарушы органдар ар­найы айқындаған стационар­лық үй-жайларда ғана жол бері­леті­нін біле тұра, осындай заң­сыз қа­дамға барған. Соттың ше­шімі­мен оған 258440 теңге мөл­ше­рінде айыппұл салынды. Мұн­дай мысалдар аз емес.

Оралбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Тайынша қаласының

тұрғыны:

– Соңғы кездері теріс діни ағым мүшелерінің көбейіп ба­ра жатқаны алаңдатады. Өрім­­дей жас жігіттер сапси­тып сақал қойып, шолақ шал­бар киюді, қыздарымыз бетін тұмшалап, қап-қара көйлек киюді шығарды. Оларды сырт­қы белгісіне, діни ұста­ны­мына қарап айыруға бола ма?

– Бұл ұлттық болмысымызға да, сана-сезімізге де қайшы, мүл­дем сәйкес келмейді. Деструк­тивті діни ағымдарды ұстану­шы­лардың негізгі белгілері – өзде­рін ғана ақиқат жолындамыз дей­ді, адамдарды ақиқат жолында­ғылар және адасқандар деп бөледі. Осылайша дінаралық дүр­дараздық тудырады. Зайыр­лы мемлекет заңдарын, басқару құрылымын, органдарын мо­йын­дамайды. Мәзхабтарды, бел­гілі бір мемлекетке немесе халыққа тән салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жоққа шығара­ды. Зайырлы мәдени іс-шараларға бармайды, мерекелерді той­ламайды. Әйелдерге қолдан қолға өтетін бұйым ретінде қа­рап, құқығын таптайды. Аза­мат­тық міндеттерден (әскерге бару, вакцинациялау, т.б.) бас тарта­ды. Қоғамға тән емес кейіпте жү­реді (киімі, сақал-мұрты). Имам­дарға бағынбайды, олар­ды бі­лімсіз деп санайды. Сап­си­тып са­қал қою, бетті тұмшалау – қазақтың салтына жат.

Әсем ҚАНАФИНА,

Қызылжар ауданының

тұрғыны:

– Бүгінде интернет негізгі ақпарат көзіне айналғаны бел­гілі. Өкініштісі, әлеуметтік же­лі­лерге әркім ойына келгенін жазатын болды. Сөйтіп, жал­ған мәліметтер арқылы адам­дарды жаңылдырып жатады. Тура жолдан адаспас үшін не істеу керек?

– Ведомство жұмысының не­гізгі қызметінің бірі жат идеоло­гия­мен күрес болып табылады. Мамандардың пікірінше, психи­касы әлсіз, діннен хабары аз жан­дар сектанттардың үгітіне сеніп, арбауға тез түсіп қалады. Ресми деректер бойынша елімізде дес­труктивті ағымдарды ұстану­шы­лардың саны 40 мыңға жуық­тайды екен. Олардың жетегіне ер­ген бір мыңнан астам қазақ­стандық шекара асып, ажал құш­қан. Сирияға барып, “Жусан” опе­рациясы арқылы кері қайтарыл­ған отандастарымыздың көбі те­ріс ағымдардың үгіт-насихатына имандай сеніп қалған. Өйткені, хизбутшылдық, уахабшылдық, салафиттік, тәкбіршілдік сияқты неше түрлі бағыттар әлеуметтік желілерді өте ұтымды пайда­ла­нады. Сондықтан интернет-ре­сурстарды қолданғанда өте сақ болып, барынша бойды аулақ салған жөн. Басқарманың, мүф­тияттың, діни ұйымдардың сайт­тары күнделікті жаңартылып, то­лық­тырылып тұрады. Ең дұры­сы, осы ақпарат ошақтарын пай­далану. Екіншіден, көп нәрсе ата-аналарға, отбасындағы тә­лім-тәрбиеге тікелей қатысты дер едім. Ұл-қыздарын жаста­йынан дәстүрлі дінімізге, ұлттық салт-дәстүрімізге бейімдеп өсір­се, ертең ел азаматы деген атқа лайық болады. Жат ағымның жете­гінде кетпейді.

Дін – өте нәзік дүние, рухани байлығымыздың бір тармағы. Кез келген адам оның мәнін түсі­не бермейді. Сондықтан діни са­уат­тылыққа басымдық беру, те­ріс ағымдардың әсеріне қарсы тұ­ра білу иммунитетін қалып­тастыру қашанда маңызды бол­мақ. Сонда діни құндылықтары­мыз орнығып, санамыз жаңара­ды, отансүйгіштік, патриоттық қа­сиетіміз белсенді бола түседі.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp