«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа жылмен бірге келген жыр көші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кешегі Шал ақын, Шөже, Орын­бай, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар ғұ­мыр кешкен киелі мекенде жырдың көші әманда үзілмек емес. Ғасыр­лар бойы ән мен жырға бесік бол­ған Қызылжар халқының да қара өлеңге деген ықыласы ерекше. Жыл сайын өңірде өтетін аламан айтыстарда залға лық толып отыратын сөзұғар көрермен – со­ның дәлелі. Қазақтың аузы дуалы, сөзі уәлі ақындары да жыл сайын өнердің осынау алтын қазығына айналып соққандай теріскей жұр­тын тамашаға қалдыруды әдетке айналдырған. Алты алашты ау­зы­на қаратқан жыр жүйріктері былтыр ұйымдастырылған ақын Мағжанның айтысынан кейін араға тоғыз ай салып тағы да Қызылжар сахнасында жыр толғат­ты. Әз-Наурыздың қарсаңында ұйымдастырылған “Ұлы күні ұлыстың, Басы болсын ырыс­тың!” атты айтысқа елге белгілі 14 ақын ат қосты.

Жыр бәйгесінің тізгінін ұстаған ақын, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Аман­жол Әлтай бұл жолғы доданың мән-ма­ңы­зына тоқталып, Қызылжар жұртшы­лы­ғы мен айтыс қолдаушыларына алғыс білдірді. Жырсүйер қауымды айтулы күнмен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, айтыс көшін бастап келген Жүрсін Ерманның иығына шапан жапты. Көптің тілеуімен облысымызға келген айтыстың қаранары жүйріктерге батасын берді.

Айтыс шымылдығын қызылжарлық Жұ­мабек Рахимов пен оралдық Бауыржан Шимерденұлы ашты. Жалынды жырымен елге белгілі екі ақын да салған жерден шарпысып, бір-бірін сөз­бен қағытып бақ­ты. Жұмабек батыс­тық мейманға бас­пасөзде қызметіне қатысты әзіл айтса, қар­сыласы өңірдегі қазақ басылым­дарының жай-күйін жырлап, қы­зылжар­лық ақынды сынға алды әрі әркери салада жұмыс іс­тейтін қарсыласын курсант­тары қолдап келгенін айтып бір түйреп өтті:

Ағайын, бүгін мені қолдап отыр,

Мен сенің құшағыңа жылынармын.

Ұлттық ұланның әскері болмасам да,

Ұлтым мен жұртым деген бір ұланмын.

Онысына Жұмабек Рахимов:

Әскерилер кеп жатса бізді қолдап,

Бауырым, бейбіт күннің арқасы ғой, – деп ұтымды жауап берді.

Екінші жұп болып сахнаға былтырғы алтын домбыра иегері, қыз бен жігіт айты­сының шебері Мақсат Ақанов пен шығыс­тың аруы Ақбота Манарбекқызы шықты. Мақсаттың ұтымды әзілдері, Ақботаның назды жауаптары көрерменді күлкіге қа­рық қылып, қол соқтырды. Қарағандылық ақын рамазан айында сұлу қызбен жұп болғанын тілге тиек етіп:

…Оттай жанып отырар кезім қайда?

Шоқтай сөніп барамын жылт ете алмай.

Ақ матаға оралған адам құсап,

Ақботаның алдында тырп ете алмай, – десе, Ақбота да ағасына әзілмен жауап қайырды:

…Қарамай оразаға қырындайсың,

Толған қыз көрсең болды балиғатқа.

Дәл мұндай нәпсісінің құлдарының

Үкімі болу керек шариғатта.

Осының пәтуасы қалай болад,

Ағайын, араңызда қари жоқ па?

Бір-бірімен әзілі жарасқан екі ақын соңында елді әсем әнге бөлеп тарқасты.

Ақмолалық Ерлан Дәулет пен алматы­лық Хазірет Бердіхан ел мен жердің жа­йын жырға қосып, бір-бірін өлеңмен қа­ғытты. Ерлан Дәулет алматылық қарсы­ла­сына әзілдеп:

Жер де сілкіп жатыр ғой жиі-жиі,

Мен де сілкіп алайын Хазіретті, – деге­ніне Хазірет Бердіхан:

…Ерланмен енді қалай айтысамын.

Айтысты бастай салып жер болды ғой.

…Сілку керек болса егер бірдеңені,

Мына сенің басыңды сілку керек, – деп тоқтау қойды.

Айтыстың ортасында көрермен екі жас – ақын қызылжарлық Қабдолла Бейісхан мен Ақтөбеден келген Нұрбол Жауынбай­дың жыр барымтасын тамашалады. Нұр­бол теріскейлік қарсыласын:

…Басында тек қазақша сөйлейтін ұл

Бұл күні орысшаға байланыпты.

Тіліңіз әу басында Қызылжар ед,

Қазір Петропавлға айналыпты, – деп осын­да келгелі орысша сөйлей бастаға­нын сынады. Ал Қабдолла Ақтөбедегі Есет батыр кесенесінің астынан мұнай та­былғанын айта келіп, сол жақтың ақы­нына:

Аруағына сиынып аталардың,

Арнайы жүктейінші міндет сізге.

Сүйем жерге жан берген ер Есеттің

Сүйегін қаздырмашы сүндетсізге, – дейді.

Нұрлан Есенқұлов пен Айым Асылбек­қызы үлкен мен кішінің келісті айтысын жа­сап, көрерменді тәнті етті. Шымкенттік ақынның ұтымды теңеулері, мақтаулары, жетісулық арудың есілдей ерке өлеңі, қайсарлығы мен тапқырлығы елді сүйсінтті.

Сары бидайы жайқалған Қызылжар­дың намысын қорғаған Жарқын Жұпархан мен ақ күріштің отаны Қызылордадан жет­кен Мейірбек Сұлтанханның сөз жарысы барысында біраз мәселенің беті ашылды.

Бірінші айналымның соңғы жұбы бо­лып шыққан Төлеген Жаманов бірнеше жыл бойы айтыстан көрінбей кеткен Иранғайып Күзембаевқа:

…Ортаға оралғаның дұрыс болды,

Диқаншы ел дидарыңды сағынғандай.

Қуанып елмен бірге мен де отырмын,

Жоғалып кеткен тайым табылғандай, – деп ағалық қуанышын білдірсе, Иран­ғайып Күзембаев онысына:

Ұлытауға ұялып қайтып жүрме,

Тауып алған тайыңнан қалып қойып, – дейді.

Доданың екінші айналымына шыққан Айым Асылбекқызы мен Мақсат Ақанов, Мейірбек Сұлтанхан мен Төлеген Жама­нов, Нұрбол Жауынбаев пен Иранғайып Күзембаев шаппа-шап айтыс көрсетті.

Айтыс – тек сөз жарыстыру өнері ғана емес, елдің мұңы айтылып, ұлттық мәсе­лелер сөз болатын алаң. Қызылжарда да ақындар бір-бірінен қалыспай, көңіл қын­жылтарлық жайларды жырлады. Айтыс­керлер осы күнгі тәрбиенің кері кеткенін толғады:

…Сары алтындай сапамыз кеткеннен соң,

Будан пайда болатын бұлтқа айнал­дық.

Ұясынан айырылған ұлар сынды

Ұятынан айырылған ұлтқа айналдық.

(Төлеген Жаманов).

Енді бірі ауылдың ахуалын ашына айтты:

…Жымдасқан жемқорлардың кесірі­нен

Жолға бөлген ақшасы жолда кеткен.

Суға бөлген ақшасы судай сіңіп,

Қордан бөлген ақшасы қолда кеткен.

Мектептер жабылудың алдында тұр,

Оқушының бар саны онға жеткен…

(Мейірбек Сұлтанхан).

Төрден тілдің түйткілін жырлағандар да табылды:

…Екі тіл жыланда ғана бар деп,

Шерағаңдар қалдырған үлгі нақты.

Кеңсе тілі болмас деп кеңес тілі,

Ұлты үшін Сәкендей ұл жылапты.

Бұйдасына жармаспай басқалардың,

Орындайтын күн туды бұл мұратты.

Мың өліп мың тірілген қазақ тілін,

Бәледен сақта құдай мың бір атты.

(Қабдолла Бейісхан).

Бұдан басқа да талай мәселе айту­дай-ақ айтылды. Қызылжардағы ономас­тика мәселесі, халық санының азаюы, кө­ші-қон, тұлғаларды ұлықтау сияқты тақы­рыптар бұған дейін де талай айтыста кө­те­ріліп, көрермен қол соққан. Алайда өңірдегі айтыста айтылған мәсе­ле­лердің оң шешімі табылып жататын кезі сирек. Бұрындары дала парламентінің рө­лін атқарып, төрдегі басшыға елдің мұңын жеткізіп, төренің де басын игізген ұлттық өнердің осы қасиетінен айырылып бара жатқаны қынжылтады.

Қызылжардың құйқалы топырағы, Алаштың мақтанышына айналған текті­лері, әсем табиғаты, терең тарихы да ақын­дардың әсем жырымен мүсінделді. Ендеше айтыскерлердің өзін сөйлетейік:

…Ұлт санасын оятқан сіздерсіздер,

Асқақ ән, асқан білім, өрт өлеңмен.

Даласының көктемі кеш келсе де,

Санасының көктемі ерте келген.

(Хазірет Бердіхан).

…Ағайын Наурызың құтты болсын,

Тілегім – берекеңнің басылмауы.

Ақ қарды қақыратып жарып шықсын,

Диқанның күзде салған жасыл дәні.

Үкідей желбіресін егіндерің

Үкілі Ыбырайдың басындағы.

(Бауыржан Шимерденұлы).

…Армысың, Қызылжардың батыр елі,

Айбынын басып тұрған арғы жақтың.

Аюың апан іздеп жүрген кезде,

Айылын тартып мінген арғымақтың.

(Мейірбек Сұлтанхан).

Бұл жолғы айтыстың бір ерекшелігі – әр жұп­қа жеке-жеке тақырып беріліп, мерей­тойы келіп жеткен тұлғалар жыр­ланды. Жыр жүйріктері кезек-кезегімен Біржан сал Қожағұлұлы, Сәкен Сейфул­лин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Әлкей Мар­ғұлан, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Са­ғадат Нұрмағамбетов, Ра­қым­жан Қош­қарбаев, Сәкен Жүнісов, Ерік Асқаров сынды мерейтой иелерімен қа­тар, салт-дәстүр, мейірімділік, көші-қон, тәрбие, бір­лік, ұлттық киім, ұлттық спорт тақырып­та­рына жыр өрді. Әр өңір өз тумасын ұлық­тап, мерейтойын өткізіп жатқанда біздегі айтыста алты Алаштың алыптарының бәрі бірдей сөз өзегіне айналып жатқаны – көпке үлгі боларлық бастама.

Айтыс қорытындысы бойынша барша қатысқан ақындарға 300 мың теңгелік ынталандыру сыйлығы берілді. Үшінші орын­ның 400 мың теңге жүлдесін Иран­ға­йып Күзембаев, Жарқын Жұпархан, Айым Асылбекқызы, Хазірет Бердіхан иеленді. Екінші орынның тұғырына Нұрбол Жауынбаев пен Мақсат Ақанов тұрақтап 600 мың теңгеден қанжығаға байлады. Бірінші орынның 1 млн. теңгесін Төлеген Жаманов еншіледі. Бас жүлденің 2 млн. тең­гесі екі айналымда да жұрттың қо­шеметіне бөленген Мейірбек Сұлтанхан­ға байланды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp