Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданына жұмыс сапарымен барды. “Наурызнама” онкүндігі аясында қарияларға арналған “Надежда” орталығында аға буын өкілдерімен кездесіп, қарттарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Бұдан кейін әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған көпқабатты үйден баспана алған қуаныш иелерінің шаңырағына барып, қоныстоймен құттықтады.
Өңір басшысы ауданда көктемгі су тасқынына дайындық шараларын тексерді. Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандары әкімдерінің және жауапты басшылардың қатысуымен кеңес өткізді. Биыл Заречное ауылына апаратын жол күрделі жөндеуден өтіп, Шағалалы өзені арқылы жаңа көпір салынады. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде ауылға үздіксіз қатынасты қамтамасыз етпек.
Облыс әкімі аудандағы әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Полиэтилен құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Ауданаралық ауруханаға да барып, дәрігерлермен кездесті. Биыл емханаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған, заманауи ангиограф пен МРТ алынады. Аудан орталығында жабық мұз айдыны ашылып, қысқы спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалды.
Ғауез Нұрмұхамбетов Драгомировка ауылына да соқты. Мұнда биыл апатты білім ошағының жанынан жаңа мектептің құрылысы басталады. Қазір балалар уақытша бұрынғы балабақшаның ғимаратында білім алуда. Өңір басшысы мердігер мен жауапты басшыларға құрылысты уақытында және сапалы жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.