Есіл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Жиында ауданды дамыту жоспары және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Жеті ауылдың ішкі, алты елді мекенге кіреберіс жолдың жөнделетіні айтылды, жергілікті атқарушы органдарға бірқатар міндеттер жүктелді.
Ғауез Торсанұлы алдымен өткен жылдың аяғында қазығы қағылып, биыл мамыр айында іске қосылуы тиіс асфальтбетон зауытының құрылысын бақылады. Мұнда ірі, ұсақ түйіршікті және қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон өндірілетін болады. Ауқымды жобаның құны – 800 млн. теңге. Бас мердігер “Қызылжар Жолдары KZ” ЖШС, кәсіпорын іске қосылған соң республикалық маңызы бар жолдарды да қалыпқа келтірмек.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерден Шортыбаевтың айтуынша, Покровка – Николаевка, Мамлютка – Қостанай және Булаево – Рощинск, сондай-ақ Волошинка бағытындағы жолдар жөнделмек.
Бұдан кейін өңір басшысы су тасқынын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан шаралардың жай-жапсарымен танысты. Аудан аумағында 8 ауылды қарғын су шайып кету қаупі бар. Тасқынның алдын алу үшін 27,3 млн., Явленка ауылының жолдарын қысқы күтіп-ұстауға 9,5 млн., қарды тазалауға 10 млн. теңге қарастырылған.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жетекшісі Жұлдыз Есенғазин 43 мың текше метр қар шығарылғанын, 120 су өткізгіш құбыр тазартылғанын, қосымша 6 мотопомпа сатып алынғанын жеткізді. Ауылдық округтерде 12 мотопомпа, 63 инженерлік техника әзір.
Покровка ауылында орналасқан Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі былтыр бір ғасырлық мерейтойын атап өткен болатын. Қарашаңырақта 9 мамандық бойынша 564 студент, оның ішінде 416-ы күндізгі, 148-і сырттай бөлімде оқиды. Ауыл шаруашылығына қажет мал дәрігері, агроном, ауыл шаруашылығын механикаландыру, орманшы, есепші, аспаз, дәнекерлеуші мамандары даярланады.
Колледж директоры Бейімбет Бұғасов студенттерге барлық жағдай жасалғанын баяндады. “Жас маман” жобасы аясында 321 млн. теңге бөлініп, материалдық-техникалық база жақсарған. Кабинеттер заман талабына сай жабдықталған. Әдебиет қоры бай кітапхана, Led экраны бар акт залы жұмыс істейді. Осындағы шағын сүт зауытында тәулігіне жарты тоннадай өнім өңделіп шығарылады. Түлектер жұмыс үдерісіне тікелей араласып, білімдерін тәжірибе жүзінде де шыңдай алады.
Ауданның 8 ауылын басып өтетін Покровка – Ильинка – Мектеп бағытындағы жолды қалпына келтіру биыл аяқталады. Бөлінген 1,3 млрд. теңгенің 652 млн. теңгесі игерілген. Мердігер ұйым автожолдың 10 шақырымына фрезерлеу әдісін қолданып, су өткізгіш құбырлар орнатқан. Петровка мен Чириковкада фельдшерлік акушерлік пункт, Николаевкада дәрігерлік амбулатория салынады. Үш ауыл мектебі жаңарып, Бірлікте су желілері тартылады.
“Қалпына келтіру жұмыстарын жедел атқарған мердігер мекемелерге алғысымызды білдіреміз. Енді су тасқыны жолды шайып кетеді деп уайымдамаймыз”, – деді Александровка елді мекенінің тұрғыны Ольга Горошко.
Заградовка ауылдық округінде жұмыс істейтін “Заградовское” және “ Прометей агро” ЖШС қызметкерлердің өмір сүру сапасын жақсартуды басты назарда ұстайды. Тынығушылар үшін мәдениет және спорт нысандарының есігі айқара ашық. Сүт фермасы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен.
Облыс әкімі шаруашылық пен медициналық мекемеде еңбек ететін Серкелбай мен Роза Жантуғановтардың отбасында болып, үй иелерін келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.
Өңір басшысы осында сыйымдылығы 20 мың тоннаға арналған шағын элеватордың, сабанмен қыздырылатын қазандықтың жұмысымен танысты.
Руслан ҚҰСАЙЫНОВ.