Ұлттық ұлан академиясының ұйымдастыруымен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери білім беруді дамыту” тақырыбы бойынша алтыншы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алқалы басқосу Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттері өкілдерінің, Қазақстанның жоғары оқу орындары профессорлық-оқытушылық құрамының, ғалымдардың, әскери құрылым офицерлерінің, таяу шетел докторанттарының, аспиранттар мен магистранттардың қатысуымен өтті. Қазіргі кезеңде тактиканы жетілдіру, дағдарыс жағдайларында қызметтік-жауынгерлік міндеттерді жедел атқару, маңызды әскери және мемлекеттік объектілерді күзету мен қорғаудың инновациялық-технологиялық жолдары мен құралдарын енгізу жайы айтылды.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарының білім беру үдерісін жаңғырту, цифрландыруды тездету, әскери кадрларды даярлау кезінде оларды интеграциялау, бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік әзірлігін жетілдіру, әскери ұйымдар қызметінің сипатына ғылыми-техникалық дамудың әсері, халықаралық ынтымақтастық пен алдағы перспективалар талқыланды.
Жиынды ашқан Ұлттық ұлан академиясының бастығы – полковник Артур Тоқышев конференцияға қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен Бүкілармиялық кеңесте туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі – Қарулы Күштеріміздің қасиетті парызы екенін ерекше атап өтті. Армияның кәсіби әзірлігіне, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуына әскери академиялардың, институттардың заман талабына бейімделіп, әлемдік стандарттарға сай келуіне баса назар аударды. Бәріміз әскеріміздің әлеуетті болуын, ұтқырлығын қалаймыз. Бұл орайда, сардарлар мен сарбаздардың біліктілігі де айрықша рөл атқарады”, – деді Артур Тоқышев.
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық университет әскери-ғылыми орталығының бастығы, әскери ғылымдар докторы, генерал-майор Жұмабек Ахметов, Ресей Федерациясының Тара қаласындағы Омбы мемлекеттік педагогикалық университеті филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Людмила Берестовская, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті басқарма төрайымы-ректорының міндетін атқарушы Рената Апергенова игі тілектерін жолдап, талқыланғалы отырған тақырыптың маңыздылығына тоқталды.
М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары, PhD докторы Ерлан Балымов, Ресейдің Ұлттық гвардия әскери институтының профессоры, техника ғылымдарының докторы Василий Камлюк, С.Нұрмағамбетов атындағы әскери институттың кафедра меңгерушісі Әлихан Молдағалиев, Беларусь Республикасы әскери академиясының аға оқытушысы, әділет майоры Олег Лемишевский, Ұлттық ұлан академиясының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Жанбатыр Сартаев, №6654 әскери бөлімінің командирі Жандос Қасымов, тағы басқалары баяндама жасап, әскери қызметтің беделі мен жауынгерлік мәртебесін арттыруға, әскерді пайдалану тиімділігін нығайтуға, озық үлгілерді белсенді қолдануға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Халықаралық конференция қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімделген оқытудың тиімді стратегияларын қалыптастыру үшін әскери және білім беру институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту идеяларын айтуға, озық тәжірибелер алмасуға, қатысушылар арасында кәсіби байланыстар желісін орнатуға бірегей мүмкіндік берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.