Облыстың бес ауданында тоғыз ірі қарадан бруцеллез анықталды.
Ауру жұқтырған малдың дені – Қызылжар ауданында, ал Айыртау, Аққайың, Ақжар және Тимирязев аудандарында бір-бір фактіден анықталды.
– Жұқпалы ауру Тимирязев ауданындағы Докучаево елді мекенінде орналасқан “Атамекен-Агро-Тимирязево” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Айыртау ауданына қарасты Шалқар ауылындағы “Юлия” шаруа қожалығында тіркелді. Бруцеллезге шалдыққан мал тұрғындардың жеке қораларында да анықталды, – дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Әзірге ауру анықталған аудандарда шектеу шаралары енгізілген жоқ. Шешімді ауылдық округ әкімі қабылдайды.
– Өткен жылдың шілде айында Аққайың ауданына қарасты Ленинское елді мекенінде бруцеллезге байланысты енгізілген шектеу шаралары әлі алынған жоқ. Қазіргі уақытта бұл ауылда республикалық эпизотикалық жасақ мамандары әр 15-20 күн ішінде ірі қарадан сынама алып жатыр. Егер сынама екі мәрте теріс нәтиже көрсетсе ғана шектеулер алынады, – дейді Қайырлы Қазанов.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, көктемгі жоспарлы профилактикалық шаралар аясында 177431 малдан қан сынамасы алынды. Оның 76049-ы ірі қара, 100803-і ұсақ мал, 450-і шошқа, 103-і жылқы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы дәл осы мерзім ішінде бруцеллезге 44 ірі қара шалдыққан. Жалпы былтырдан жыл басынан бері қауіпті кесел 272 малда анықталды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.