Өңірде “Бір ауыл – бір өнім” жобасы аясында киіз басу бойынша екі күндік шеберлік сабағы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған шараның мақсаты – қолөнершілерді қолдау және ұлттық қолөнерді дамыту.
Соңғы жылдары қолөнердің бұл көне түріне қызығушылық басым. Өткен жылдың соңында “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрағалары Қырғызстанға арнайы барған. Ондағы мақсат – “Бір ауыл – бір өнім” жобасын жүзеге асырудың қырғызстандық үлгісін зерделеп, тәжірибе жинақтау. Сонымен қатар аталған жобаны елімізде жүзеге асыру тиімділігін арттыра отырып, ауқымын кеңейту көзделген болатын. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде “Бір ауыл – бір өнім” жобасы елімізде де жүзеге асырыла бастады.
Өңірдің қыз-келіншектеріне киізбен жұмыс істеудің қыр-сырын тәжірибелі жаттықтырушы, этнодизайнер, Қостанай облысының “QOLONER” қолөнершілер қоғамдық ұйымының жетекшісі Сәуле Қабидулова үйретті.
– Киіз басу бойынша шеберлік сабағына 12 қыз-келіншек қатысты. Олар киіз басу дағдылары мен әдістерін үйрене отырып, алған білімдерін ауыл әйелдерінің осы саладағы әлеуетін дамытуға, қолдау көрсетуге және шабыттандыруға қолданады. Қазіргі таңда қолөнердің бұл түрі аса танымал. Сондықтан ауылды жерде тұратын қыз-келіншектер оған қызығушылық танытары анық, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.