Ел арасында “Журналистика – аттың жалында, түйенің қомында жүріп, қызмет ететін кәсіп” деген сөз жиі айтылады. Белгілі жазушы Шерхан Мұртаза: “Жорналшылар да түйе сияқты: арқалағаны – алтын, жегені – жантақ”, – деп әманда қызығынан қиындығы көп, жақсылыққа жаны құштар қоғам жаршыларының табиғатын дәл сипаттай білген. Күнделікті өмір құбылыстарын ой елегінен өткізіп, зерттеп-зерделеудің, сүбелі тақырыптар мен шетін проблемалардың ара-жігін талдай отырып, оқырман назарына тап-тұйнақтай етіп ұсына білудің қаншалықты жанкешті бейнет екенін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын арнаған, осы кезең аралығында тұрғыластарының ішінде жарқырай көрініп, тұлғалық дәрежеге дейін көтерілген Амандық Жантеміров жақсы түсінген еді. Бұғанасы қатпай жатып, еңбектің дәмін ерте татқан, туып-өскен Молотов атындағы ұжымшардың Қарақамыс бригадасында қос өгіз жегілген арбамен қырманға астық тасыған, басқадай да қара жұмыстарға жегілген оның “халықтың көзі, құлағы hәм тілі” іспеттес газетке келуі кездейсоқ емес. Өзінің ғұмыр-баянында толғанғандай, оқушы кезінен облыстық, аудандық, аракідік республикалық газет-журналдарға қысқа хабарлар жолдап тұрған. Алайда орта мектепті жақсы бітіргенімен, анасының қайтыс болуы себепті оқуын әрі қарай жалғастыра алмаған. Оның үстіне денсаулығы сыр берген әкесіне қарайласып, Ақбалық сегіз жылдық мектебіне мұғалім болып орналасуына тура келген. Кеңшардың комсомол ұйымының хатшылығына сайланған. Осы тұста, яғни 1965 жылы Тың өлкесін құру кезінде жабылып қалған “Ленин туы” газеті қайтадан ашылып, маңайына болашағынан үміт күттіретін жастарды топтастыра бастайды. Әбекеңнің әдеби қызметкер болып қабылдануына Анатолий Розенштейн деген фототілшінің ой салғанын естеліктерінің бірінде келтіреді. Табиғатынан ашық, жігерлі, көкейіндегісін бүгежектемей ашық айтатын әрі өндірісте тәжірибе жинақтап, ысылып қалған белсенді жас “Ленин туының” алғашқы саны қолға тиісімен бірден редакторға телефон шалады. Оған басылымның редакторы Құрмантай Меңдіғожин: “Жазуға қабілеті бар жастарды жұмысқа тартып жатқанымыз рас. Ондай ойың болса, менің атыма хат жазып жібер”, – деп жауап береді. Келісім бойынша редакторға қысқаша өмірбаянын, қандай басылымдарға хабар-ошарлары шыққанын жазып, салып жібереді. “Мен әлі жаспын ғой, білгенімнен білмегенім көп. Егер редакцияға жұмысқа орналассам, аңсаған арманым – КазГУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түсер едім”, – деген арманымен да бүкпесіз бөліседі.
…Кейін редакция басшылығы алғыр, ізденгіш, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін елгезек қасиеттерімен, өзіндік жазу мәнерімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен жігерлі Амандыққа үлкен сенім артып, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі етіп тағайындайды. Бас редактордың орынбасары, облыстық радиода директор, жергілікті телерадиокомпанияда бас редактор қызметтерін абыроймен атқарған ағамыз өзін екінші тынысы ашылғандай сезінеді. Өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты күрделі де қатпарлы тақырыптар бойынша мәселелер көтеріп, оқырмандарға тез танылады. Санамалап отырсақ, ел мүддесі жолында атқарған игілікті істері жетіп артылады. Егемендігіміздің елең-алаң шағында қайраткерлік қырынан танылды, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ұлттық дәстүрлерді насихаттау, өңірде саяси тұрақтылықты сақтау, ынтымақтастықты нығайту бағытындағы еңбегі өз алдына. Елеулі оқиғалардың бірде-біреуінен тыс қалған емес, жіті араласып, пәтуалы ой-пікірлер айтып отырды. Жұмыстан қол үзбеген күйі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, толыққанды журналист мамандығын алып шықты. КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Қазақстанның мәдениет қайраткері, құрметті журналисі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды. Көп жылғы қарымды қаламгерліктің түйіні ретінде “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі”, “Атақоныс – Ақтомпақ”, “Сағындырған ауылым”, “Жеті атаңды білесің бе?”, “Доктор от бога”, “Қапсыт (Аткелтір)”, тағы басқа кітаптары мен жинақтары жарық көрді. Әркез қастерлі мамандықтың атына кір келтірмей, шынайы журналистке тән шыншылдық, турашылдық болмысынан айнымады.
Амандық Мырзахметұлының жадының мықтылығы мен таңдап алған тақырыбын шапшаң жазуы керемет тәнті етеді. Кәсіби журналист үшін таптырмайтын бұл қасиеттер Әбекеңді әріптестерінен бөлектеп, ерекшелеп тұратын. Оған “Қарақамыс – Қапсыттар мекені”, “Жұдырық балуан”, “Қасқыр ішік”, “Бодандықтан – бостандыққа”, “Мен білетін ашаршылық”, “Атағы жер жарған Жанбаев” сияқты публицистикалық туындылары дәлел. Ал “Ортақ өгізден оңаша бұзау артық па?”, “Екі сиыр отбасын асырай ала ма?”, “Тойға барғым келмейді”, “Жалқаулық – бес дұшпанның бірі” сияқты проблемалық мақалалары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Студент кезінде ғылыми жетекшісі Әбілфайыз Ыдырысов республикадағы байырғы басылымдардың бірі саналатын “Ленин туы” газетінің тарихын зерттеуге кеңес берген. Соған орай көз майын тауысып, көп материал жинақтаған. Архив құжаттарын қойын дәптеріне жазып отырған. Осы тыңғылықты әдеті талай рет қажетіне жарады. Кейін осы ісін одан әрі дәйекті түрде жалғастырып, диплом жұмысын негізге ала отырып, тың архивтік құжаттармен толықтырып, “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі” деген атпен басылымның 90 жылдық жылнамасын түзіп шықты. “Кедей сөзінің” алғашқы саны Ресей кітапханасынан табылғанын, РКП (большевикер) мұсылман ұйымы бюросы мен Омбы губерниялық революциялық комитетінің органы ретінде басылып тұрғанын, уақыт өте татар-қырғыз (қазақ) Сібір облыстық бюросы мен Омбы губерниялық атқару комитетінің органы ретінде жарық көргенін сүйіншілеп жеткізді. Бұл орайда Әбекеңнің шежіре мен шындықты шендестіру, әдемі үйлестіру, құбылысты дұрыс бағалап, талдай білу, нақты дәлел, фактілермен тұздықтап отыру, ақиқаттан айнымау ұстанымы жас журналистерге үлгі-өнеге болары анық. Мұны қаламы қарымды қаламгердің кәсіби және шығармашылық машық-мәнері десе де жарасады.
Мырзахмет Жантемірұлы мен Көкеш Шәймерденқызы ашаршылық кезінде жаппай тараған қорасан кеселі салдарынан мәпелеп өсіріп отырған бес баладан қапияда айрылып, қайғыдан қан жұтып қалады. Бабаларымыз “орнында бар оңалар” деп текке айтпаған. Шаңырақта шекесі торсықтай Сәпи, Амангелді, Амандық, Амантай деген төрт ұл дүниеге келеді. (Ескерту: аналары ерте қайтыс болып, отағасы екінші рет үйленіп, Шәмшиядан Бибігүл деген қыз туады, ол – бүгінде белгілі кәсіпкер). Сәпи тың игеруші болған, трактор егіс бригадасына, тауарлы-сүт фермасына жетекшілік еткен. Ән шырқағанда құлақ құрышын қандыратын. Амангелді – Кеңестер одағы медицина саласының үздігі, жоғары санатты дәрігер, ауған соғысына қатысушы. Рудный қаласының құрметті азаматы, “Құрмет белгісі” орденінің иегері. Қалада бір көшеге есімі берілген, ескерткіш тақта қойылған. Бар-жоғы 54 жасында өмірден озған. Амантай да – Рудный қаласының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері. Қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ағасы Амандық жайлы “Қарақамыс – Қапсыттар мекені” жинағының құрастырылуына сіңірген еңбегі өте зор.
Бұл текті әулеттен тараған ұрпақ еліне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Олардың арасында Балғаттың, Аяштың, тағы басқаларының есімдері мақтанышпен аталады. Мағыналы ғұмырын журналистика саласымен байланыстырып, лайықты ізбасарлар даярлай білген Амандық Мырзахметұлы тірі болса, 80 жасқа келген мерейлі той дастарқанында төрде төбедей болып отырар еді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.