Өңірде мыңнан астам адам колоректальды обырмен диспансерлік есепте тұр. Өткен екі айда қатерлі ісік жаңадан 27 адамда анықталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көбірек.
Колоректальды қатерлі ісік – бұл тоқ және тік ішектің әртүрлі бөліктерінің қатерлі ісігі туралы жалпы түсінік. Онкологиялық аурулардың ішінде бұл патология жайында ақпарат аз, салдарынан сырқаттар арасында дерт жайында түрлі алып-қашпа әңгіме көп, бұл олардың қорқынышын еселей түседі. Бірақ қазір ерте диагностиканың заманауи мүмкіндіктері нәтижесінде қатерлі ісік ауруын емдеуге болады.
Әлемнің дамыған елдерінің статистикасына қарайтын болсақ, колоректальды обырмен ауырғандар саны өсіп келеді. Жалпы Австралия мен Жаңа Зеландияда, Еуропада және Солтүстік Америкада ауру көрсеткіші ең жоғары, ал Африка мен Орталық және Оңтүстік Азияда ең төмен. Бұл айырмашылық ішкен тамақтың ерекшеліктеріне, жаман әдеттерге, экологиялық факторларға және генетикалық бейімділікке байланысты болуы мүмкін. Көп жағдайда обыр ер адамдар арасында өкпе мен асқазан қатерлі ісігінен кейін, ал әйелдерде сүт безі мен тері қатерлі ісігінен кейін 3-ші орында келеді. Диагноз қойылғаннан кейін алғашқы жылы өлім-жітім жоғары, себебі науқастар дәрігерге алғаш рет жүгінген кезде обыр III-IV сатысында болады.
Колоректальды қатерлі ісіктің пайда болуына ішектің қабыну аурулары – ойық жаралы колит, Крон ауруы әсер етуі мүмкін. Ішектің қабыну ауруы басталғаннан кейін шамамен 8-10 жылдан кейін ол обырға ұласады. Колоректальды қатерлі ісік 40 жасқа дейін сирек кездеседі, бірақ әр онжылдықта қауіп арта түседі. Жалпы сырқаттардың басым бөлігі – 60-75 жастағылар. Онкологиялық аурудың дамуына әсер ететін фактордың бірі – майлы тағамды көп тұтыну, рационда көкөністер мен жемістердің аз болуы. Семіздік те колоректальды қатерлі ісік ауруының даму қаупін шамамен 1,5 есе арттырады. Алкогольді шамадан тыс тұтыну және темекі шегу де обырға әкелуі мүмкін.
Колоректальды қатерлі ісікті скрининг арқылы ерте сатысында анықтауға болады. Скринингтік диагностика негізінен ауруы мүмкін, яғни қатер тобына жататындарға немесе аурудың нақты белгілері жоқ сырқаттарға жүргізіледі.
Бірінші кезекте скринингтен туыстарының арасында тоқ ішектің немесе тік ішектің қатерлі ісігі, ішектің аденомасы және қабыну аурулары бар адамдар өтеді. Олардың ауру жұқтыру қаупі екі есе жоғары.
Колоректальды қатерлі ісік көпке дейін білінбеуі мүмкін. Тоқ ішек пен тік ішектің ісіктері баяу өседі және алғашқы белгілер пайда болғанға дейін ұзақ уақыт өтеді. Симптомдар ісіктің орналасуына, түріне, таралу дәрежесіне және асқынуларына байланысты. Мұндай ісік пациентке көрінбейді және сезілмейді, ол айтарлықтай мөлшерге дейін өсіп, жанындағы органдарға метастаз бергенде ғана пациент ыңғайсыздықты, ауырсынуды сезіне бастайды, нәжісте қан пайда болады.
Көбінесе сырқаттар дәрігерге асқазан, өт, бауыр, ұйқы безі функцияларының бұзылуынан болатын асқазан-ішек жолдарының ауруына шағымдануы мүмкін. Ісіктен қан кету әдетте көзге көрінбейді, салдарынан анемия пайда болып, науқас таңертеңгі әлсіздік пен шаршауға шағымданады.
Колоректальды обырдың ерте кезеңінде кей науқастардың жалпы жағдайы нашарлайды, қаназдық, әлсіздік, кейде дене температурасының жоғарылауы байқалады. Бұл белгілер көптеген ауруларға тән, дегенмен дереу дәрігерге қаралған жөн. Бұдан бөлек, шаршау, ентігу пайда болып, өң бозарса, ұзақ іш қатып немесе диарея тыйылмаса, іш жиі ауыратын болса, нәжісте дефекациядан кейін қан көрінсе – бірден дәрігерге қаралу қажет.
Колоректальды қатерлі ісік хирургиялық жолмен метастаздық ауру белгілері жоқ науқастардың 70-95 пайызында емделуі мүмкін. Хирургиялық емдеу барысында ішектің бөлігі ісікпен бірге жергілікті лимфа аппаратымен алынып тасталып, кейін ішектің ұштары біріктіріледі, бұл табиғи дәрет алу қабілетін сақтайды. Тік ішектің қатерлі ісігінде операцияның көлемі ісіктің анустан қаншалықты қашықтықта орналасқанына байланысты. Егер тік ішекті толығымен алып тастау қажет болса, ішекті шығару үшін іштің алдыңғы қабырғасында хирургиялық жолмен тесік – колостома жасалады, ол арқылы нәжіс сыртқа шығарылады.
Егер науқастарда бауыр метастаздары болса, хирургиялық емдеудің қосымша әдісі ретінде метастаздардың шектеулі санын алып тастау ұсынылады. Бұл операция егер бастапқы ісік толығымен жойылса, бауыр метастазы бауырдың бір бөлігінде болса және бауырдан тыс метастаздар болмаса жасалады. Колоректальды қатерлі ісікті емдеудің тиімділігі науқастың аурудың ерте сатысында дәрігерге қаралуымен байланысты. Сол кезде ғана заманауи емдеу әдістерін барынша пайдалануға және жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.
30 наурыз күні облыстық онкологиялық орталықта ашық есік күні өтеді. Тұрғындар дәрігер кеңесін алып, ультрадыбыстық зерттеуден өтеді.
Вячеслав БЕЛОВ,
облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың онколог дәрігері.