Әр күніміз өмірімізге өзгеріс әкеліп, жаңалық атаулы көз ілеспес жылдамдықпен жұртқа тарауда. Дүниежүзінің бір бұрышында көбелектің қанат қаққанындай тербеліс туса, соның толқыны санаулы секундтардың ішінде алты құрлыққа жетіп үлгереді. Ертең болар дүниенің дүбірі бүгін басталып, елдің дүрлігіп жатқаны.
Сірә, бұрындары адамзат үшін ақпарат алу, кітап оқу деген сияқты игіліктер тек ақсүйектердің еншісіндегі іс болса керек. Жалпақ жұрт ел арасын кезген хабарлармен құлақтанып, қалыпты тіршілігін танбай жасай берген. Орта ғасырлардағы ақпараттың таралу жылдамдығының қандай болғанын да қазіргі адамның көзге елестетуі қиын. Алайда қоғамдық өмір жанданып, саяси бетбұрыстар орын ала бастағалы, ақпаратқа қол жеткізудегі шекара бұзылып, жаңалық тарату жаңа деңгейге шықты. Осылайша не нәрсеге болсын құлағы түрік, жаңаға елеңдеп отыратын жастар қалыптасты. Бүгінде жер бетіндегі өзгерістің бәрінен бейтарап қалып, теңіз түбіне жасырынған балықтай бұйығы өмір сүру мүмкін емес. Қазіргі тұрмыстың жаңалығына ілесіп, заманмен бірге адымдағысы келетін әр адам ақпарат көшінен қалып қоймауы тиіс. Көп жағдайда қоғам белсенділігі де жұртшылықтың ақпаратқа деген сұранысынан танылады. Мұндайда, әсіресе, жастардың қандай форматтағы контентті тұтынатыны маңызды.
“Ақпарат бізге айналадағы әлемді түсінуге мүмкіндік береді”, – депті Стивен Хокинг. Демек, жастардың дүниетанымын да олардың қандай ақпарат көздеріне жүгінетініне қарап аңдауға болады. Кейінгі буын өкілдерінің көзқарастары мен ұстанымдарының қалыптасуына отбасы, өскен ортасымен қатар БАҚ пен ғаламтор да әсер етуде. Әрине қазіргі буынның арасында мерзімді басылымдардан жаңалық оқитындары сирек. Тіпті теледидар мен радионың да тетігін жиі баса бермейді. Түрлі салаларда зерттеулер жүргізумен айналысатын “Alvin Market” компаниясы жариялаған деректерге сенсек, қазақстандық жастардың 37 пайызы өзіне қажет ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Сұралғандардың 30 пайызы “Telegram”-арналардан, 23 пайызы “You Tube”-тан жаңалық алғанды жөн көреді. Өзгерістер жайлы жақындарынан, теледидардан, БАҚ-тың ресми парақшаларынан білетіндер 20 пайыздың маңайында. Түрлі форумдардан, ғылыми басылымдардан, билік органдарының сайттарынан керегін табатындардың үлесі аз. Ал 7 пайыз жастар газет-журналдан, 5 пайызы радиодан хабар алады екен. Бір қызығы, әр жүз адамның бесеуі белгілі адамдардың аккаунттары мен хабарламалары арқылы құлақтанатынын жеткізген. Бұл да қазіргі ақпарат ағынының жаңа бағыт алғанын көрсетеді. Өкініштісі, жастардың жартысынан көбі ақпаратты орыс тілінде алып отыр. Телеарна, газет-журнал мен ғылыми басылымдарды бақылайтындардың арасында ғана қазақ тілінің үлесі басым. Қалған ақпарат көздерінде орыс тілінің үлесі 60-70 пайыздың айналасында. Бұл ретте көпшіліктің екі тілдегі контентті де тұтынатынын ескерген жөн. Соңғы жылдары жастардың ақпарат үшін төлем қабілеті де артып келеді. Бүгінде 63 пайызы өзіне керек контентті ақылы түрде алып отыр. Оның ішіне түрлі подкасттар, фильм, музыка платформалары, кітаптар, ақылы медиалар кіреді.
Күні кеше жергілікті белсенді Рүстем Армановтың “N şeñberınde” жобасы аясында солтүстікқазақстандық жастар арасында жүргізілген зерттеуде ел бойынша көрсеткіштерге қарағанда өзгешеліктер бар. Мысалы, өңірде әлеуметтік желілер арқылы керегін алатындардың үлесі – 78 пайыз. Қызылжарлық кейінгі буын өкілдерінің 29 пайызы түрлі сайттар, 19 пайызы теледидар, 4 пайызы баспа өнімдері, 2,7 пайызы радио арқылы өзгерістерден хабардар болып отыр. Сұралғандардың 48 пайызы елдегі, 43 пайызы әлемдегі, 22 пайызы солтүстік көршіміздегі өзгерістерді бақылап отыратындарын жеткізген. Ең қынжылатыны сол, жартысынан көбі орысша, 27 пайызы екі тілде, 11 пайызы ғана қазақ тілінде ақпарат алады екен. Сауалнамаға тек жарты мың адам қатыстырылғандықтан, нәтижелердің бірнеше пайызға ауытқуы мүмкін екені анық. Десе де оннан бір адамның ғана мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды таңдауы шекаралық өңірдегі ахуалды аңғартып тұрғандай.
– Сауалнамаға солтүстікте тұратын 14-29 жас аралығындағы 600-дей жас қатысты. Оның аясында өңірдегі жастардың ақпарат алуы, әлемдегі оқиғаларға қатысты көзқарасы туралы сұрақтар қойылды. Ақпараттық кеңістік ортақ болғандықтан, басқа өңірлермен ұқсастық көп. Басты ерекшелік, мұндағы жастардың басым бөлігінің күнделікті жаңалықты орысша оқитыны. Оңтүстік, батыс өңірлермен салыстырғанда қазақ тіліне деген сұраныс айтарлықтай төмен. Зерттеу нәтижелерінен басқа елдердің арасындағы ақпараттық соғыстың да жастарға әсер етіп жатқанын көруге болады. Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа қатысты әрбір үшінші жас Украинаның, әр төртіншісі Ресейдің жақтасы екенін айтты. Бұл – жалпы ел бойынша көрсеткішке пара-пар, – дейді зерттеуді қорытындылаған әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Жастардың әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізуі олардың ақпарат алуына бақылау жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан бұғанасы бекімегендердің түрлі жалған ақпараттың жетегіне еріп, теріс жолға түсіп кету қаупі де бар. Желіде тараған қатігездік, зорлық-зомбылық, құқық бұзушылықтар туралы рас-өтірігі аралас жаңалықтарды көбінің сүзгіден өткізе алмауы мүмкін. Сондықтан да жастарды мейлінше дәстүрлі ақпарат құралдары мен сенімді дереккөздерге тартқан жөн.
– Осы күні жастарға арналған арнайы ақпарат көзі, пікір алмасатын платформа жоқтың қасы. Біздің аудиторияға жұмыс істеп жатқандардың көбі – есеп үшін ашылған уақытша жобалар ғана. Бірі ашылып, бірі жабылып жатыр. Алайда шығармашыл жандар оған қарап жатқан жоқ. Ғаламтор кеңістігінде жастарға арнап түрлі арналар ашып, блогтар жүргізетін белсенділер шығып келеді. Бұл ретте замандастарымның кибергигиена ережелерін ұстанғаны жөн. Тағы бір мәселе – жастарға арналған қазақ тілді контенттің үлесін арттыру. Кейінгі буынның медиаға деген сұранысы жоғары. Соны тиімді пайдаланып, жастарға сапалы, керек дүние ұсына алатын жобалардың көп болғанын қалаймын, – дейді жастардың бірі Ерасыл Бақытжанов.
Кейінгі буын өкілдерінің жеке тұлға ретінде қалыптасуына оның айналасындағы ақпараттар ағыны айтарлықтай әсер етеді. Желідегі әлем-жәлем жаңалықтарды талғамсыз сіңіре бергендерден танымы мол азамат өсіп шығады деп айту қиын. Сондықтан да жастарды теріс бағыттағы ақпараттан сақтандырып, медиамыз арқылы тура жол көрсетуге мән берген жөн.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.