«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақпараттар ағыны адастырып жүрмесін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр кү­німіз өмірімізге өзгеріс әкеліп, жаңалық атаулы көз ілеспес жылдамдықпен жұртқа тарау­да. Дүниежүзінің бір бұры­шын­да көбелектің қанат қаққа­нын­дай тербеліс туса, соның тол­қыны санаулы секундтар­дың ішін­де алты құрлыққа жетіп үл­гереді. Ертең болар дүниенің дү­бірі бүгін басталып, елдің дүрлі­гіп жатқаны.

Сірә, бұрындары адамзат үшін ақпарат алу, кітап оқу де­ген сияқты игіліктер тек ақ­сүйектердің еншісіндегі іс болса керек. Жалпақ жұрт ел арасын кезген хабарлармен құ­лақта­нып, қалыпты тіршілігін тан­бай жасай берген. Орта ға­сырлар­дағы ақпараттың таралу жыл­дам­дығының қандай болға­нын да қазіргі адамның көзге елес­тетуі қиын. Алайда қоғам­дық өмір жанданып, саяси бет­бұ­рыстар орын ала бастағалы, ақ­паратқа қол жеткізудегі шекара бұзылып, жаңалық та­рату жаңа деңгейге шықты. Осы­лайша не нәрсеге болсын құла­ғы түрік, жа­ңаға елеңдеп оты­ратын жас­тар қалып­тасты. Бүгінде жер бе­тіндегі өз­герістің бәрінен бейта­рап қа­лып, теңіз түбіне жасы­рын­ған ба­лықтай бұйығы өмір сүру мүмкін емес. Қазіргі тұр­мыс­тың жаңалығына ілесіп, за­манмен бірге адымдағысы ке­летін әр адам ақпарат көшінен қалып қоймауы тиіс. Көп жағ­дайда қоғам белсенділігі де жұртшылықтың ақпаратқа де­ген сұранысынан танылады. Мұн­дайда, әсіресе, жастардың қандай форматтағы контентті тұтынатыны маңызды.

“Ақпарат бізге айналадағы әлемді түсінуге мүмкіндік бере­ді”, – депті Стивен Хокинг. Де­мек, жастардың дүниетанымын да олардың қандай ақпарат көз­де­ріне жүгінетініне қарап аң­дау­ға болады. Кейінгі буын өкіл­де­рінің көзқарастары мен ұста­нымдарының қалыптасуына от­басы, өскен ортасымен қатар БАҚ пен ғаламтор да әсер ету­де. Әрине қазіргі буынның ара­сында мерзімді басылымдар­дан жаңалық оқитындары си­рек. Тіпті теледидар мен радио­ның да тетігін жиі баса бермейді. Түрлі салаларда зерттеу­лер жүргізумен айналысатын “Alvin Market” компаниясы жария­ла­ған деректерге сенсек, қа­зақ­стандық жастардың 37 па­йызы өзіне қажет ақпаратты әлеумет­тік желілерден алады. Сұрал­ғандар­дың 30 пайызы “Teleg­ram”-арналардан, 23 па­йы­­зы “You Tube”-тан жа­ңа­лық алған­ды жөн көреді. Өзгерістер жай­лы жақында­ры­нан, теледидар­дан, БАҚ-тың ресми парақша­ларынан біле­тіндер 20 пайыздың маңайында. Түрлі форумдардан, ғылы­ми басылымдар­дан, билік ор­гандарының сайт­тарынан кере­гін табатындар­дың үлесі аз. Ал 7 пайыз жастар газет-журналдан, 5 пайызы ра­диодан хабар алады екен. Бір қызығы, әр жүз адамның бесеуі белгілі адам­дардың аккаунт­тары мен ха­барламалары ар­қылы құлақта­натынын жеткіз­ген. Бұл да қазір­гі ақпарат ағы­нының жаңа бағыт алғанын көр­сетеді. Өкі­ніштісі, жастардың жар­тысынан көбі ақпаратты орыс тілінде алып отыр. Телеарна, газет-журнал мен ғылыми басылым­дарды бақылайтындар­дың ара­сында ғана қазақ тілінің үлесі басым. Қалған ақ­парат көзде­рінде орыс тілінің үлесі 60-70 пайыздың айнала­сында. Бұл ретте көпшіліктің екі тілдегі кон­тентті де тұтынаты­нын ескер­ген жөн. Соңғы жылдары жастар­дың ақпарат үшін төлем қабілеті де артып келеді. Бүгінде 63 пайызы өзіне керек контентті ақылы түрде алып отыр. Оның ішіне түрлі под­каст­тар, фильм, музыка плат­фор­малары, кітаптар, ақылы медиа­лар кіреді.

Күні кеше жергілікті белсенді Рүстем Армановтың “N şeñ­berınde” жобасы аясында сол­түстікқазақстандық жастар ара­сында жүргізілген зерттеуде ел бойынша көрсеткіштерге қа­ра­ғанда өзгешеліктер бар. Мы­салы, өңірде әлеуметтік желі­лер арқылы керегін алатын­­­дардың үлесі – 78 пайыз. Қызыл­жарлық кейінгі буын өкілдерінің 29 пайызы түрлі сайттар, 19 пайызы теледидар, 4 пайы­зы баспа өнімдері, 2,7 пайызы радио арқылы өзгерістерден ха­бардар болып отыр. Сұралған­дардың 48 пайызы елдегі, 43 па­йызы әлемдегі, 22 пайызы сол­түстік көршіміздегі өзгерістерді бақылап отыратындарын жеткіз­ген. Ең қынжылатыны сол, жартысынан көбі орысша, 27 пайызы екі тілде, 11 пайызы ғана қазақ тілінде ақпарат алады екен. Сауалнамаға тек жар­ты мың адам қатыстырыл­ғандықтан, нәтижелердің бірне­ше пайызға ауытқуы мүмкін екені анық. Десе де оннан бір адамның ғана мемлекеттік тіл­дегі жаңалықтарды таңдауы шекаралық өңірдегі ахуалды аңғартып тұрғандай.

– Сауалнамаға солтүстікте тұратын 14-29 жас аралығын­дағы 600-дей жас қатысты. Оның аясында өңірдегі жастардың ақпарат алуы, әлемдегі оқиғаларға қатысты көзқарасы туралы сұрақтар қойылды. Ақпараттық кеңістік ортақ бол­ғандықтан, басқа өңірлермен ұқ­састық көп. Басты ерекшелік, мұндағы жастардың басым бө­лігінің күнделікті жаңалықты орысша оқитыны. Оңтүстік, ба­тыс өңірлермен салыстырғанда қазақ тіліне деген сұраныс ай­тарлықтай төмен. Зерттеу нәти­желерінен басқа елдердің ара­сындағы ақпараттық соғыстың да жастарға әсер етіп жатқанын көруге болады. Украина мен Ре­сей арасындағы қақтығысқа қа­тысты әрбір үшінші жас Украинаның, әр төртіншісі Ресейдің жақтасы екенін айтты. Бұл – жалпы ел бойынша көрсеткішке пара-пар, – дейді зерттеуді қо­рытындылаған әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Жастардың әлеуметтік же­лілерде көп уақыт өткізуі олар­дың ақпарат алуына бақылау жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан бұғанасы бекімегендердің түрлі жал­ған ақпараттың жетегіне еріп, теріс жолға түсіп кету қаупі де бар. Желіде тараған қатігездік, зорлық-зомбылық, құқық бұ­зу­шылықтар туралы рас-өтірігі аралас жаңалықтарды көбінің сүзгіден өткізе алмауы мүмкін. Сондықтан да жастарды мейлінше дәстүрлі ақпарат құрал­дары мен сенімді дереккөз­дерге тартқан жөн.

– Осы күні жастарға ар­нал­ған арнайы ақпарат көзі, пікір алмасатын платформа жоқтың қасы. Біздің аудито­рияға жұмыс істеп жатқандардың көбі – есеп үшін ашылған уақытша жоба­лар ғана. Бірі ашылып, бірі жа­былып жатыр. Алайда шығар­машыл жандар оған қарап жат­қан жоқ. Ға­ламтор кеңістігінде жастарға ар­нап түрлі арналар ашып, блогтар жүргізетін бел­сенділер шы­ғып келеді. Бұл рет­те замандастарымның киберги­гиена ережелерін ұстанғаны жөн. Тағы бір мәселе – жастар­ға ар­налған қазақ тілді контент­тің үлесін арттыру. Кейінгі буынның медиаға деген сұраны­сы жоғары. Соны тиімді пай­дала­нып, жастарға сапалы, керек дүние ұсына алатын жобалардың көп болғанын қалай­мын, – дейді жастардың бірі Ерасыл Бақытжанов.

Кейінгі буын өкілдерінің жеке тұлға ретінде қалыпта­суына оның айналасындағы ақпараттар ағыны айтарлықтай әсер етеді. Желідегі әлем-жәлем жаңалықтарды талғамсыз сіңіре бергендерден танымы мол азамат өсіп шығады деп айту қиын. Сондықтан да жас­тарды теріс бағыттағы ақпарат­тан сақтандырып, медиамыз арқылы тура жол көрсетуге мән берген жөн.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp