Бүгінгі өмір талабының бірі – киелі жеріміздің тарихи атауларын біріздендіру десек, бұл бағыттағы жұмыстар тарих, әлеуметтану, геодезия, география мамандарымен бірлесе отырып, ономастикалық заңдылықтарға сай жоспарлы әрі сауатты түрде жүргізуді міндеттейді. Меніңше, әр мемлекеттің топонимиялық жүйесі ұлттық айшықты белгілерді білдіріп тұруы шарт. Өкінішке қарай, теріскей аймақтарда қазақша атаулардан гөрі кірме топонимдер үлесі әлі басым. Мәселен, Булаев қаласы “Қамыстысай” деп аталатын орманды белдемде орналасқан. Транссібір темір жол магистралын салуға байланысты іргесі 1894 жылы қаланған. 1936 жылдан бері аудан орталығы саналады. Станса арқылы мемлекетаралық маңызы бар Петропавл – Омбы автомобиль жолы өтеді. Қала халқы 8 мыңға жуық.
Өткенге көз жүгіртсек, XVII ғасырда Қазақстанның Ресеймен көршілес өңірлерінде орыс елді мекендері пайда болып, орысша атаулар қойыла бастаған. Патшалық империя азиялық елдермен байланысты жақсартуды желеу етіп, қазақ жеріне ішкерілей еніп, отаршылдық сұрқия саясатын жалғастыра түскен. “Қасірет белдеуі” арқылы әскери бекіністер орнату жүзеге асырылып, форпостар тұрғызылған. Солардың бірі – Медвежканы қара шекпенділер мен казактар мекен еткен. Булаев атауы төңірегінде түрлі жорамал бар. Бірінші нұсқада орыстар асырап алған қазақ баласы жол бұрушы болып жұмыс істеген көрінеді. Одан жергілікті тұрғындар “не істейсің?” – дегенде, “темір жолды бұлай-бұлай бұрамын” деп, содан “Булай” деп аталып кеткен деседі. Екінші нұсқа Булаев деген казактың есімімен байланыстырылады. Бірақ нақты дерек жоқ. Сондықтан егемен ел атанып, іргемізді бүтіндеп, жоғымызды түгендеп, барша әлемге қазақ деген жұрттың бар екенін әйгілеп жатқанда-ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғап, сақтап қалған тұлғаларымызды ардақтау – бәріміздің парызымыз. Айтпақ ойымыз, осы жерде өмір сүрген, елін қалмақ-жоңғарлардан қорғаған Батыр Баянның есімі қазіргі Булаев қаласына әбден лайық.
Шоға – Баян батырдың арғы атасы. “Баян батыр” деген кiтапты құрастырып, баспаға дайындаған Социал Жұмабаев пен батырдың алтыншы ұрпағы Зейнолла Олжабаев бабамыз жайлы көптеген мәліметтер келтіреді. Бүгінге дейін мерзімді басылым беттерінде 30 шақты мақала жарық көріпті. 1989 жылдардан бастап қана жүйелі түрде жазыла бастаған. Өйткені “халық жауы” атанған Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” атты дастанының бас кейіпкері болғандықтан, аты аталмай келген. Жерлес жазушы-ақындар Хамза Абдуллин, Бақыт Мұстафин, Ерік Асқаров, филология ғылымдарының кандидаттары Бақытжамал Қанарбайқызы, Салтанат Ізтілеуова, өлкетанушылар Қосыл Омаров, Қайролла Мұқанов, тағы басқалары қалам тартты.
Батыр бабамыздың есімін жаңғыртып, халықпен қауышуына үлкен еңбек сіңіргендердің бірі – Зейнолла ақсақал. Ол облыс орталығындағы Пархоменко көшесіне, аудан орталығындағы бір мектепке атының берілуіне, ескерткішінің қойылуына ықпал ете білді. Белгілі кинорежиссер Сламбек Тәуекелов “Батыр Баян” кинофильмін түсіріп, ол қазақ киносының алтын қорына қосылды.
Биыл Батыр Баянның туғанына 310 жыл толғалы отыр. Осыған орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада еске алу кеші өтті. Онда ерлік істері, ел бірлігін сақтаудағы жанкешті еңбегі Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Мағауин, Зарқын Тайшыбай және тағы басқа ғалымдардың зерттеулерінде қамтылғаны айтылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зылиха Бимақанова арнайы баяндама жасады. Университеттің аға оқытушысы Жазира Көкбас Батыр Баянның көркем әдебиеттегі бейнесіне тоқталды. Жиынға жасы 96-ны еңсерген Зейнолла Олжабаев, жетінші ұрпақтары әнші Кәмилә Әлібаева, экономист Аманжол Баймұратов қатысып, естеліктермен бөлісті.
Жиналғандар Булаев қаласының атауын Батыр Баянға ауыстыру жайлы шешім қабылдап, тиісті орындарға хат жолдауға уағдаласты. Бұл ұсынысты басқалар да қолдайды деген сенімдеміз.
Ғалия-Бану СЕКЕНҚЫЗЫ,
Баян батырдың сегізінші ұрпағы.
Мағжан Жұмабаев ауданы.