«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жас тұлпардың” жолы жалғасса…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ “Ақыл – жастан, асыл – тастан” деп тегін айтпаған ғой. Не­бір қилы замандарда жастары­мыз еліне қорған болып, қайсар­лықтың үлгісін көрсете білді. Ұлт тарихындағы елеулі оқиғалар­дың бәріне жастарымыз белсене қатысты. Заманның тамыр соғы­сын тап басатын, келер күнді қо­рықпай қарсы алатын да – осы буын. Содан да болар, өткен ға­сырдың басында даламызда құ­рылған алғашқы ұйымдар да жас­тардың жетекшілігімен ашылды. “Жас қазақ”, “Жанар”, “Талап”, “Бірлік” сынды ұйымдар төңкеріс­тен кейінгі ел өміріне белсенді араласты. Ұрпақ бойындағы рух жалыны кейін де өшпей, талай жерде жарқылдай көрінді. Әсіре­се, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мәс­кеуде “Жас тұлпар” ұйымының құрылуы елдің рухани өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болды.

Кеңестік режім ұлтымызды та­лай асыл қазынасынан айырып, халықтар достығын ұран еткен сая­си құрылым қазақ халқына өт­кенін ұмыттыруға тырысты. Зұл­мат со­ғыс, сталиндік қуғын-сүргіннен өт­кен ел жылымық жыл­дардан кейін ес жиғандай болып, бар-жоғын түгендей бастады. Осын­дай уақытта одақтың кіндік қала­сында қазақ азаматтары бас қо­сып, “Жас тұлпар” ұйымы құ­рыл­ды. 1963 жылы ресми құры­лып, негізгі жұмысын 1964 жылы бас­та­ған ұйымның ашылғанына да алпыс жыл толған екен.

Ол кезде қазақтың талапты жастары Алматыда, қабілеті жет­кендері Мәскеуде, одақтың ірі қа­лаларында білім алды. Бір ғана Мәскеудің өзінде оқитын сту­дент­тер мыңдап саналды. Онда­ғы білім алушылар Қазақстаннан шетте жүрсе де тіл, тарих, салт-дәстүр, мәдениет мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. Ана тілі­міздің аясы тарылып, құндылық­тарымыздың ұмыт қалып, ұлты­мыздың солақай саясаттың ара­нына жұтылып бара жатқанына алаңдаған жастар аталған ұйым­ның аясына топтасты. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі – М.Ло­моносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің шы­ғыс тілдері институтында оқи­тын Мұрат Әуезов еді. Ұлттық мүд­де аясында жиылған бір топ жастың бұл бастамасы көпке жайылып, қазақтың ұл-қыздарынан үлкен қолдау тапты. Айна­ласы бірнеше жыл­дың ішінде ұйымның Ленин­град, Рига, Киев, Харьков қала­ларын­да бөлімше­лері ашылып, олар­дың жұмысы­на қазақ сту­денттері белсенді араласты. Мұ­рат Әуе­зов, Болат­хан Тайжанов және Сә­бит Ақатаев сынды бел­сенділер қалғы­ған рухты оятып, санадағы өз­геріске қозғау салуға барын сал­ды. Жігіт шағында атал­ған қоз­ға­лысқа қатысқандар кейін өз са­ласының білікті мама­нына айна­лып, ел тарихында із­дерін қал­дырды. Мәскеудегі “Жас тұлпар” мүшелерінің қатарында қызыл­жарлық Мұрат Айт­қожин де бел­сенді жұмыс істеді.

Жастұлпарлықтар кеңестік жүйе сызып берген жолмен жүр­гендей болып, өз идеяларына адал­дығын жоғалтпады. Концерт қоямыз деген желеумен қаржы алып, қалаларда дәріс оқып, қа­зақ өнерін насихаттады. Мәскеу­де ұйыммен аттас қабырға газеті шығып тұрды. Жастар елге кел­ген сапарларында концерт ара­сында өткір тақырыптар бойын­ша баяндамалар оқыды. Олар­дың бұл қозғалысына Шәмші Қал­даяқов та қолдау көрсетті. Ұйым мүшелері композитордың “Менің Қазақстаным” әнін асқақ рухпен шырқады. Кейін бұл ән елі­міздің әнұранына айналды. Ел ара­ла­ған жастар саяси жұмыс жүргізу­мен қатар қуғын-сүргін, ашаршы­лық туралы мәліметтер жинады. Ұйымның бағыты тура­лы Мұрат Әуезов өз естелігінде: “Біз өзіміз­дің кім екенімізді, тари­хымызды білгіміз келді. Қазақ ұл­тына жа­салып отырған әділет­сіз­дікті көр­дік. Сол уақыттарда қазақ мек­тептері жабыла бастады. Семей полигонында ядролық жа­рылыс жүргізілді. Қазақстанның бес облысын қамтитын Тың өлке­сі құрылып, оған сырттан неше түр­лі адамдар әкелінді. Бес об­лыс үшін бір ғана қазақ газеті шы­ғарылды. Оның өзі орысша басы­лымның аудармасы. Ашаршы­лық туралы естігеніміз бар…”. – дейді. Ұйымның аты қазақ дала­сына кең тарап, оның негізінде Қазақстанда “Оян, Қазақ!”, “Ұш­қын”, “Жас ұлан” сынды жергілікті бірлестіктер ашылып, кейбіреуі жасырын жұмыс істеді. Ондағы белсенділер де қазақ тілі, қала аттарын қазақшалау мәселеле­рін көтере бастады.

“Жас тұлпардың” жолы тақ­тай­дай тегіс болды деп айта ал­маймыз. Ондағы жастар талай ке­дергіге ұрынып, партиялық қатаң тәртіп пен бюрократиямен күре­суге тура келді. Тарихи шындық­ты ашу, ашаршылық мәселеле­рін жасырмай айту туралы жа­зылған көп өтініштері жауапсыз қалды. Билік басындағылар “Жас тұл­парға” тұсау салып, арынын ба­суға тырысты. Тіпті ұйым құ­ра­мына КГБ жансыздары алы­нып, ақпараттың бәрі Алматыға жібе­ріліп отырды. Архивтердегі бұл құжаттар егемендік алған жыл­дары да құпия сақталып келді.

Сол жылдары ешкімнің нұс­қауынсыз, ұйымдастыруынсыз жастардың өздері бас болып, ұйым құруы – таңғаларлық құбы­лыс. Аға буынның көбі Сталин ке­зеңінен ес жия алмай жатқанда бойында Алаш рухы ойнап, қаны қайнаған студенттер ұлттың туын көтеріп, ұран салды. “Жас тұлпарды” құрғанда бізде аға буын өкілі болған жоқ. Қайта олар заманның қаталдығынан жасқа­нып, “бұларыңды қойыңдар, ұлт­шыл атанасыңдар” деумен бол­ды. Соған қарамастан біз өз беті­мізше қалыптастық”, – деп жа­за­ды Мұрат Әуезов.

“Жас тұлпарды” тақыр жерге өсіп шықты дей алмаймыз. Оның алдында ел үшін жазықсыз аты­лып кеткен Алаш арыстары, ел­діктің туын көтерген жастар ұйымдары бар еді. Ұйым жаста­ры үнемі Алаш идеясына адал болуға тырысты. Әлі ақталмаған арыстарымыздың мұрасын зерт­теп, насихаттауға күш салды. Мы­салы, Мұрат Әуезов, Олжас Сү­лейменов, Сәтімжан Санбаевтар Зылиха анамызбен кездесіп, Мағ­жан­ның өлең­дерін жинаған. Қа­ра­жат тап­шылығынан әдеби қор­дың төр­ағасы, “Ара-Шмель” жур­налының редакторы Ғаббас Қа­бышев ере­же бұзып, келісілген адамдардың атына ақша жазып, ол қаржыға Мағ­жан ақынның ма­шинкаға ба­сылған жинақта­рын көбейтіп, таратқан. Бұл – 1972-1973 жыл­дары болған оқи­ға.

Бүгін “Жас тұлпар” мүшеле­рінің арманы орындалып, еліміз егемендікке жетті. Алайда жаста­рымызға әлі де бірлікті, іскерлікті жоғалтуға болмайды. Еліміздің іргесін берік ету жолында жа­лынды жастардың қайраты ке­рек. Шетелде де мыңдаған ұл-қы­зымыз білім алуда. Олар да осы ұйымның үлгісімен бір ортаға бірігіп, ұлттық мәдениетімізді, құн­дылықтарымызды насихаттаса құба-құп. Қатал жүйенің қыспа­ғына қарамай қазақ үшін атой сал­ған “Жас тұлпардың” ісінің жал­ғасқаны осы болар еді.

Ақаділ ТАЛАПБЕКОВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp