Наурыз келе салысымен күн жылынып, қалың қардың көбесі сөгіліп, қара жердің беті көріне бастады. Қызылжарда алты ай бойы билігін жүргізетін қыстың да өз сиқыры бар. Қыста қала кейпі біршама өзгеріп сала беретіні белгілі. Жамбыл және Абай көшелерінің қиылысындағы шағын бақтың қысқы көрінісі жаз айларымен салыстырғанда өзгеше. Бұл жерде өткенді еске салатын обелиск қойылған. Оған “Ауғанстан жерінде қаза болған солтүстікқазақстандықтар есімізде” деген сөздер қашалып жазылыпты.
Бұл ескерткіш кешегі “жарияланбаған соғысқа” аттанып, туған ошағына оралмаған өрімдей жас жігіттерге арналып орнатылған. Кешегі деймін-ау! Қайдағы кешегі! Екінші жаһан соғысына пара-пар болмаса да, жантүршіктірер ауыртпалығына қоса, залалын шашқан Ауған соғысы 1979 жылы басталып, жат жер, жат елге 25 желтоқсанда Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті енгізілген. Қанды қырғынға 1500 солтүстікқазақстандық қатысты. Өкінішке қарай, олардың 46-сы жат жерде жан тапсырды. Интернационалдық борыштарын өтеуге аттанғандардың көпшілігі 18-дегі өрімдей жас жігіттер болатын. Олар арамызда жүргенде бүгінде жастары 60-тан асып, немере сүйіп отырар ма еді?
Осыншама азапты бастан кешкен ауғандықтарға арналған обелискінің жанына жақындай бергенім сол еді, көңілім бұзылып сала берді. Саябақ қаланың шетқақпайлық көріп жататын шет жағында орналасса, бір сәрі ғой! Ал мына жерден кім өтпейді? 2002 жылы салынған, содан бері 20 жылдан астам уақыт өтсе де, жөндеу көрмеген обелиск қалалық әкімдіктің балансында екен.
Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге аттанып, қорғасын оқтың құрбанына айналған жауынгерлерімізге арналған шағын ғана баққа күтім жасалмағаны жанымды ауыртты. Ескерткіштің оң жағында “Жусан” банкі орын тепкен. Осы екі аралықта жаяу жүргіншілер көп жүреді. Бірақ қиыршықтас төселмеуінен ол жерден көктемгі, күзгі жаңбырлы күндері өту қиын. “Нұр банк” орналасқан сол жақтағы жолдың да сазы шығып жатады. Жолдың бойында бірнеше жылдан бері міз бақпай тұрған, ешкімге қажетсіз, ашық-тесік сауда бутигінің неге алынбайтындығы да белгісіз.
Ауған жеріндегі қаңқұйлы қақтығысқа 1500 жерлес жауынгерлеріміз қатысқанын жоғарыда айттым. Солардың бүгінгі күні 680-ге жуығы арамызда жүргеніне шүкіршілік дейсің. Сұм соғыстың зардабы ұмытылмақ емес. Оған қатысқандардың саны жыл сайын сиреп барады. Мәселен, 2020 жылы – 7, 2021 жылы – 5, 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 9 адам дүниеден озыпты. Олардың 2-уі Таулы Карабахтағы қырғынға қатысқан, ал жаңа жыл басталғалы 3 ардагер көз жұмған.
1979 жылы басталған ауған алапаты 10 жылға жуық уақытқа, 2238 күнге созылды. Біздің жауынгерлер ауған жерінен 1989 жылдың 15 ақпанында толықтай шығарылды. Біз батырларымыздың ерліктері мен шерлі тарихымыз туралы айтқанда тебірене сөйлейміз. Ал солардың есімін ардақтап, рухын асқақтатуға келгенде кемшін түсер тұсымыз көп. Кезінде бұл нысанды қаланың орталығына орнатқанда сол күндер ешқашан ұмытылмасын, ауғандықтардың есімі осы жерден жиі жүретіндердің жадында қалсын деген ниет болғаны анық. Алайда уақыт өте келе бақ күтімсіз қалып, осындай аянышты күйге түскен.
Тоқетерін айтқанда, бұл шағын бақ қыс түсіп, жер бетін қар басқанда ғана баққа ұқсайды. Себебі сазы кетпейтін жолдар, жағалай шашылған қоқыстар қардың астында қалады. Осынау қалыптасқан жағдайға жауапты мекемелер қашанғы көз жұма қарай берері белгісіз.
Қошан ҚАЛИ,
журналист.