«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел ара­сында “Журналистика – аттың жалында, түйенің қо­мын­да жү­ріп, қызмет ететін кә­сіп” деген сөз жиі айтылады. Бел­гілі жазу­шы Шерхан Мұртаза: “Жорнал­шылар да түйе сияқты: арқа­лағаны – алтын, жегені – жан­тақ”, – деп әманда қызығы­нан қиындығы көп, жақсылыққа жаны құштар қоғам жаршыла­ры­ның табиғатын дәл сипаттай білген. Күнделікті өмір құ­бы­лыс­тарын ой елегінен өткізіп, зерт­теп-зерделеудің, сүбелі та­қы­рыптар мен шетін проблема­лар­дың ара-жігін талдай оты­рып, оқырман назарына тап-тұйна­қтай етіп ұсына білудің қан­ша­лықты жанкешті бейнет еке­нін жергілікті бұқаралық ақпарат құ­ралдарына саналы ғұмыры­ның жарты ғасырға жуық уақы­тын ар­наған, осы кезең аралығында тұрғы­лас­тарының ішінде жар­қырай кө­рініп, тұлғалық дәре­жеге дейін көтерілген Амандық Жантемі­ров жақсы түсінген еді. Бұ­ғана­сы қатпай жатып, еңбектің дәмін ерте татқан, туып-өскен Моло­тов атындағы ұжымшардың Қа­ра­қамыс бри­гадасында қос өгіз жегілген арбамен қырманға ас­тық тасыған, басқадай да қара жұ­­мыстарға жегілген оның “ха­лық­тың көзі, құлағы hәм тілі” іспет­тес газетке келуі кездейсоқ емес. Өзінің ғұмыр-баянында тол­ғанғандай, оқушы кезінен об­лыстық, аудандық, аракідік рес­публикалық газет-журналдарға қысқа хабарлар жол­дап тұрған. Алайда орта мек­теп­ті жақсы бі­тіргенімен, анасының қайтыс бо­луы себепті оқуын әрі қарай жал­ғастыра алмаған. Оның үстіне денсаулығы сыр бер­ген әкесіне қарайласып, Ақ­балық сегіз жыл­дық мектебіне мұ­ғалім болып орналасуына тура келген. Кең­шардың комсо­мол ұйымының хат­шылығына сай­лан­ған. Осы тұста, яғни 1965 жылы Тың өл­кесін құру кезінде жабы­лып қалған “Ленин туы” газеті қайта­дан ашылып, ма­ңайы­на бола­ша­ғынан үміт күт­тіретін жас­тар­ды топтастыра бастайды. Әбе­кеңнің әдеби қыз­меткер болып қабылдануына Анатолий Ро­зенш­тейн деген фо­тотілшінің ой салғанын естелік­те­рінің бірінде келтіреді. Табиға­ты­нан ашық, жі­герлі, көкейін­дегісін бүгежекте­мей ашық ай­татын әрі өндірісте тәжірибе жи­нақтап, ысылып қал­ған белсенді жас “Ленин туы­ның” алғашқы саны қолға тиісімен бірден ре­дакторға телефон шалады. Оған басылымның ре­дакторы Құрмантай Меңдіғо­жин: “Жазуға қабілеті бар жастарды жұмысқа тартып жатқа­ны­мыз рас. Ондай ойың болса, менің атыма хат жазып жібер”, – деп жауап береді. Келісім бойын­ша редакторға қыс­қаша өмірбаянын, қандай басылым­дарға хабар-ошарла­ры шыққа­нын жазып, салып жі­береді. “Мен әлі жаспын ғой, біл­генім­нен білмегенім көп. Егер ре­дакцияға жұмысқа орналассам, аң­са­ған арманым – КазГУ-дың жур­налистика факультетіне сырт­­­тай оқуға түсер едім”, – де­ген ар­манымен да бүкпесіз бө­ліседі.

…Кейін редакция басшы­лығы алғыр, ізденгіш, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін елгезек қасиеттерімен, өзіндік жазу мәнерімен, ұйымдасты­ру­шылық қабілетімен көзге түскен жігерлі Амандыққа үлкен сенім артып, ауыл шаруашылығы бө­лімінің меңгерушісі, редакция ал­қасының мүшесі етіп та­ғайын­дайды. Бас редактордың орын­басары, облыстық радиода ди­ректор, жергілікті телерадио­компанияда бас редактор қыз­меттерін абыроймен атқарған ағамыз өзін екінші тынысы ашыл­ғандай сезінеді. Өңірдің ты­ныс-тіршілігіне қатысты күрделі де қатпарлы тақырыптар бойын­ша мәселелер көтеріп, оқырман­дарға тез танылады. Сана­малап отырсақ, ел мүддесі жо­лында атқарған игілікті істері жетіп артылады. Егеменді­гіміздің елең-алаң шағында қайраткерлік қырынан танылды, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ұлт­тық дәстүрлерді насихаттау, өңірде саяси тұрақтылықты сақ­тау, ынтымақтастықты нығайту бағытындағы еңбегі өз алды­на. Елеулі оқиғалардың бірде-бі­­реуінен тыс қалған емес, жіті араласып, пәтуалы ой-пікірлер айтып отырды. Жұмыстан қол үз­беген күйі С.Киров атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетін бітіріп, толыққанды журналист мамандығын алып шықты. КСРО және Қазақстан Журна­листер одағының мүшелігіне қа­былданды. Қазақстанның мә­дениет қайраткері, құрметті жур­налисі, Солтүстік Қазақстан об­лысының құрметті азаматы атанды. Көп жылғы қарымды қа­ламгерліктің түйіні ретінде “Қы­зылжар өңірінің өшпес шежі­ресі”, “Атақоныс – Ақтомпақ”, “Са­ғындырған ауылым”, “Жеті атаңды білесің бе?”, “Доктор от бога”, “Қапсыт (Аткелтір)”, тағы басқа кітаптары мен жинақтары жарық көрді. Әркез қастерлі ма­мандықтың атына кір келтірмей, шынайы журналистке тән шын­шылдық, турашылдық болмысы­нан айнымады.

Амандық Мырзахметұлы­ның жадының мық­тылығы мен таңдап алған тақы­рыбын шап­шаң жазуы керемет тәнті етеді. Кәсіби журналист үшін таптыр­майтын бұл қасиеттер Әбекеңді әріптестерінен бө­лектеп, ерек­шелеп тұратын. Оған “Қарақа­мыс – Қапсыттар мекені”, “Жұ­ды­рық балуан”, “Қасқыр ішік”, “Бодандықтан – бостандыққа”, “Мен білетін ашаршылық”, “Ата­ғы жер жарған Жанбаев” сияқты публицис­тикалық туындылары дәлел. Ал “Ортақ өгізден оңаша бұзау артық па?”, “Екі сиыр отбасын асы­рай ала ма?”, “Тойға бар­ғым келмейді”, “Жалқаулық – бес дұшпанның бірі” сияқты проблемалық мақалалары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Студент кезінде ғылыми же­текшісі Әбілфайыз Ыдырысов республикадағы байырғы басы­лымдардың бірі саналатын “Ле­нин туы” газетінің тарихын зерт­теуге кеңес берген. Соған орай көз майын тауысып, көп мате­риал жинақтаған. Архив құжат­тарын қойын дәптеріне жазып отырған. Осы тыңғылықты әдеті талай рет қажетіне жарады. Кейін осы ісін одан әрі дәйекті түрде жалғастырып, диплом жұ­мысын негізге ала отырып, тың архивтік құжаттармен толық­тырып, “Қызылжар өңірінің өш­пес шежіресі” деген атпен басы­лымның 90 жылдық жылна­масын түзіп шықты. “Кедей сө­зінің” алғашқы саны Ресей кітап­ханасынан табылғанын, РКП (большевикер) мұсылман ұйы­мы бюросы мен Омбы губерния­лық революциялық комитетінің органы ретінде басылып тұрға­нын, уақыт өте татар-қырғыз (қазақ) Сібір облыстық бюросы мен Омбы губерниялық атқару комитетінің органы ретінде жа­рық көргенін сүйіншілеп жеткізді. Бұл орайда Әбекеңнің шежіре мен шындықты шендестіру, әде­мі үйлестіру, құбылысты дұрыс бағалап, талдай білу, нақты дә­лел, фактілермен тұздықтап оты­ру, ақиқаттан айнымау ұстаны­мы жас журналистерге үлгі-өнеге болары анық. Мұны қала­мы қарымды қаламгердің кәсіби және шығармашылық машық-мәнері десе де жарасады.

Мырзахмет Жантемірұлы мен Көкеш Шәймерденқызы ашаршылық кезінде жаппай та­раған қорасан кеселі салдарынан мәпелеп өсіріп отырған бес баладан қапияда айрылып, қайғы­дан қан жұтып қалады. Бабаларымыз “орнында бар оңалар” деп текке айтпаған. Шаңырақта шекесі торсықтай Сәпи, Аман­гелді, Амандық, Амантай деген төрт ұл дүниеге келеді. (Ескерту: аналары ерте қайтыс болып, отағасы екінші рет үйленіп, Шәм­шиядан Бибігүл деген қыз туа­ды, ол – бүгінде белгілі кә­сіп­кер). Сәпи тың игеруші бол­ған, трактор егіс бригадасына, тауар­лы-сүт фермасына жетек­шілік еткен. Ән шырқағанда құлақ құрышын қандыратын. Аман­гелді – Кеңестер одағы ме­дицина сала­сының үздігі, жоға­ры санатты дә­рігер, ауған соғысына қатысу­шы. Рудный қала­сы­ның құрметті азаматы, “Құр­мет белгісі” ор­денінің иегері. Қа­лада бір кө­шеге есімі берілген, ескерткіш тақта қойылған. Бар-жоғы 54 жасында өмірден озған. Амантай да – Рудный қаласы­ның құр­метті азаматы, мемле­кеттік қыз­мет ардагері. Қала әкімі­нің орынбасары қызметін ат­қарған. Ағасы Амандық жайлы “Қа­рақамыс – Қапсыттар мекені” жинағының құрастырылуына сі­ңірген еңбегі өте зор.

Бұл текті әулеттен тара­ған ұрпақ еліне қалтқысыз қыз­мет етіп келеді. Олардың ара­сында Балғаттың, Аяштың, тағы басқа­ларының есімдері мақта­нышпен аталады. Мағыналы ғұмырын журналистика саласы­мен бай­ланыстырып, лайықты ізбасарлар даярлай білген Амандық Мырзахметұлы тірі болса, 80 жасқа келген мерейлі той дастарқанында төрде төбе­дей болып отырар еді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp