«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бағдаршамның сары белгісіне өтсе, айыппұл салына ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бұдан былай бағдаршамның сары белгісіне өткен жүргізушілерге айыппұл салынатыны жайлы естіп-біліп жатырмыз. Тиісті ереже қабылданды ма әлде талқыланып жатыр ма? Мен мұндай ұсынысты қолдайтындардың қатарындамын. Бұл әрекетті жол-көлік апаттарын барынша азайтудың тиімді жолы деп түсінемін”, – депті редакцияға жолдаған сауалында 30 жылдық өтілі бар жүргізуші Сәркен Аймұқанов.

Сұрақ иесіне облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжанов жауап берді.

“Жасыратыны жоқ, көлік құралдарын басқару кезінде жол ережелерін өрескел бұзу фактілері азаймай отыр. Әсіресе, үлкен қалаларда бағдаршамның тыйым салған түсіне қарамай өтіп кету адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін жүргізушілердің ескере бермейтіні өкінішті.

Жылдамдықты үдеткен күйі өтіп үлгеремін деп ойлайды. Республика бойынша соңғы бір жылда бағдаршамның тыйым салынған сигналына (қызыл, сары) өтіп кету салдарынан 3 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Былтыр өңір аумағында реттелетін қиылыстарда 99 жол-көлік оқиғасы болып, 6 адам тіл тартпай кетті, 145 адам түрлі дене жарақатын алды. Биыл 54 жол-көлік оқиғасы орын алып, 9 кісі жантәсілім етті, 88 адам жарақаттанды.

Соңғы жылдары бағдаршамның сары түсі жанған кезде көліктердің тоқтамауы жиілеп барады. Осы себепті Қазақстанның жол жүру ережесіне өзгеріс енгізілді. Бұдан былай бағдаршамның сары белгісі қозғалысқа тыйым салады. Ал жыпылықтаған жасыл белгі тыйым салу белгісінің іске қосылғанын ескертеді. Мұндай заң бұзушылықтарды бейнебақылау камералары автоматты түрде тіркейтін болады. Осыған байланысты жүргізушілер жол ережесін бұлжытпай сақтауға мүдделі болуы қажет. Жалпы сары белгі жанғанда өтуге тыйым бұрыннан бар. Ал айыппұлдың енгізілуі тәртіпті қатаңдатары сөзсіз.

“Жол қозғалысы туралы” ереженің 5-ші тарауы 2-ші тармағы 3-ші тармақшасына сәйкес, сары сигнал осы бөлімнің 14-ші тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қозғалысқа тыйым салады және бағдаршам сигналының алдағы ауысуы туралы ескертеді. Жол қозғалысы барлық азаматтар үшін бірдей және бүкіл республика бойынша қолданылады. Бағдаршамның тыйым салу сигналына немесе реттеушінің тыйым салу қимылына қарамастан жүргені үшін “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 599-шы бабы 1-ші бөлігінің талаптары негізінде 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 36920 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза қарастырылған. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 15 АЕК, яғни 55380 теңге болады.

Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерінің 3-ші тарауы 16-шы тармағына “қозғалыс реттелетін жерлерде жаяу жүргіншілер реттеушінің болмаса жаяу жүргіншілер бағдаршамының сигналдарын басшылыққа алады. Олар болмаған кезде көлік бағдаршамы, бағдаршамның немесе реттеушінің рұқсат беру сигналы іске қосылған кезде жаяу жүргінші жол қиылысы арқылы бұрын басталған қозғалысқа тыйым салатын көлік құралдарына жол береді” деген өзгерістер енгізу ұсынылған. Яғни көрсетілген тармаққа орай жаяу жүргінші жаяу жүргіншілер өткелінде бұрылыс маневрін аяқтай алмаған көлікке жол беруге тиісті. Аталған норма жалпыға бірдей талқылау үшін порталға орналастырылып, қоғамдық және сараптамалық пікірлер қорытындысы бойынша түзету қабылданбады”.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp