Облыс орталығында “Еріктілік – елді сүю” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Шарада жастар арасындағы еріктілер қозғалысын дамыту, ұйымдарға қолдау көрсету, мемлекеттік демеу шаралары туралы айтылды.
Жиынға қатысқан Қазақстан халық партиясының өңірдегі филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметовтің сөзінше, өңірде еріктілер қозғалысы кең етек алу үшін жастар ұйымдарының басын бір арнаға тоғыстыру керек.
– Біз тек саяси, экономикалық реформаларға ғана емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға, құндылықтар қалыптастыруға да мән беруіміз керек. Мұның бір жолы еріктілер қозғалысын дамытумен сабақтасады. Адамдардың бір-біріне ешқандай есепсіз, шын ниетімен көмектескені маңызды. Осылайша жастардың бойында жауапкершілік, еңбексүйгіштік қасиеттер қалыптасады. Өңірде қарттарға көмектесетін, жоғалғандарды іздейтін, тағы басқа бағыттарда жұмыс істейтін ұйымдар көп. Бүгін осы ұйымдардың бәрінің басын қосып, ортақ мақсат жолында күш қосуды талқылау үшін жиналдық, – деді Болат Қожахметов.
Облыс орталығында 6 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Жиынға қатысқан ұйым өкілдері өздерінің жұмыстары жөнінде айтып, жастардың белсенділігін арттыру жолдарын талқылады. Қайырымдылық шараларымен қатар білім беру бағытындағы еріктілікті дамыту жайы да сөз болды.
– Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы жастар қанатының 50-ге жуық мүшесі бар. Олармен бірлесіп жоспар құрып, түрлі шаралар өткіземіз. Қыс ішінде 10 зейнеткердің ауласынан қар шығардық. Ұстазымыз, ата-анамыз қоршаған ортаңды аяла, үлкендерге көмектес деп үнемі айтатын. Маған адамдарға қол ұшын созған ұнайды. Сондықтан да ұйымға жетекшілік етіп, түрлі игі істерге атсалысып келемін, – деді ұйым төрайымы Дариға Смаилова.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.