Қазақ “Ақыл – жастан, асыл – тастан” деп тегін айтпаған ғой. Небір қилы замандарда жастарымыз еліне қорған болып, қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Ұлт тарихындағы елеулі оқиғалардың бәріне жастарымыз белсене қатысты. Заманның тамыр соғысын тап басатын, келер күнді қорықпай қарсы алатын да – осы буын. Содан да болар, өткен ғасырдың басында даламызда құрылған алғашқы ұйымдар да жастардың жетекшілігімен ашылды. “Жас қазақ”, “Жанар”, “Талап”, “Бірлік” сынды ұйымдар төңкерістен кейінгі ел өміріне белсенді араласты. Ұрпақ бойындағы рух жалыны кейін де өшпей, талай жерде жарқылдай көрінді. Әсіресе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мәскеуде “Жас тұлпар” ұйымының құрылуы елдің рухани өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болды.
Кеңестік режім ұлтымызды талай асыл қазынасынан айырып, халықтар достығын ұран еткен саяси құрылым қазақ халқына өткенін ұмыттыруға тырысты. Зұлмат соғыс, сталиндік қуғын-сүргіннен өткен ел жылымық жылдардан кейін ес жиғандай болып, бар-жоғын түгендей бастады. Осындай уақытта одақтың кіндік қаласында қазақ азаматтары бас қосып, “Жас тұлпар” ұйымы құрылды. 1963 жылы ресми құрылып, негізгі жұмысын 1964 жылы бастаған ұйымның ашылғанына да алпыс жыл толған екен.
Ол кезде қазақтың талапты жастары Алматыда, қабілеті жеткендері Мәскеуде, одақтың ірі қалаларында білім алды. Бір ғана Мәскеудің өзінде оқитын студенттер мыңдап саналды. Ондағы білім алушылар Қазақстаннан шетте жүрсе де тіл, тарих, салт-дәстүр, мәдениет мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. Ана тіліміздің аясы тарылып, құндылықтарымыздың ұмыт қалып, ұлтымыздың солақай саясаттың аранына жұтылып бара жатқанына алаңдаған жастар аталған ұйымның аясына топтасты. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыс тілдері институтында оқитын Мұрат Әуезов еді. Ұлттық мүдде аясында жиылған бір топ жастың бұл бастамасы көпке жайылып, қазақтың ұл-қыздарынан үлкен қолдау тапты. Айналасы бірнеше жылдың ішінде ұйымның Ленинград, Рига, Киев, Харьков қалаларында бөлімшелері ашылып, олардың жұмысына қазақ студенттері белсенді араласты. Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов және Сәбит Ақатаев сынды белсенділер қалғыған рухты оятып, санадағы өзгеріске қозғау салуға барын салды. Жігіт шағында аталған қозғалысқа қатысқандар кейін өз саласының білікті маманына айналып, ел тарихында іздерін қалдырды. Мәскеудегі “Жас тұлпар” мүшелерінің қатарында қызылжарлық Мұрат Айтқожин де белсенді жұмыс істеді.
Жастұлпарлықтар кеңестік жүйе сызып берген жолмен жүргендей болып, өз идеяларына адалдығын жоғалтпады. Концерт қоямыз деген желеумен қаржы алып, қалаларда дәріс оқып, қазақ өнерін насихаттады. Мәскеуде ұйыммен аттас қабырға газеті шығып тұрды. Жастар елге келген сапарларында концерт арасында өткір тақырыптар бойынша баяндамалар оқыды. Олардың бұл қозғалысына Шәмші Қалдаяқов та қолдау көрсетті. Ұйым мүшелері композитордың “Менің Қазақстаным” әнін асқақ рухпен шырқады. Кейін бұл ән еліміздің әнұранына айналды. Ел аралаған жастар саяси жұмыс жүргізумен қатар қуғын-сүргін, ашаршылық туралы мәліметтер жинады. Ұйымның бағыты туралы Мұрат Әуезов өз естелігінде: “Біз өзіміздің кім екенімізді, тарихымызды білгіміз келді. Қазақ ұлтына жасалып отырған әділетсіздікті көрдік. Сол уақыттарда қазақ мектептері жабыла бастады. Семей полигонында ядролық жарылыс жүргізілді. Қазақстанның бес облысын қамтитын Тың өлкесі құрылып, оған сырттан неше түрлі адамдар әкелінді. Бес облыс үшін бір ғана қазақ газеті шығарылды. Оның өзі орысша басылымның аудармасы. Ашаршылық туралы естігеніміз бар…”. – дейді. Ұйымның аты қазақ даласына кең тарап, оның негізінде Қазақстанда “Оян, Қазақ!”, “Ұшқын”, “Жас ұлан” сынды жергілікті бірлестіктер ашылып, кейбіреуі жасырын жұмыс істеді. Ондағы белсенділер де қазақ тілі, қала аттарын қазақшалау мәселелерін көтере бастады.
“Жас тұлпардың” жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Ондағы жастар талай кедергіге ұрынып, партиялық қатаң тәртіп пен бюрократиямен күресуге тура келді. Тарихи шындықты ашу, ашаршылық мәселелерін жасырмай айту туралы жазылған көп өтініштері жауапсыз қалды. Билік басындағылар “Жас тұлпарға” тұсау салып, арынын басуға тырысты. Тіпті ұйым құрамына КГБ жансыздары алынып, ақпараттың бәрі Алматыға жіберіліп отырды. Архивтердегі бұл құжаттар егемендік алған жылдары да құпия сақталып келді.
Сол жылдары ешкімнің нұсқауынсыз, ұйымдастыруынсыз жастардың өздері бас болып, ұйым құруы – таңғаларлық құбылыс. Аға буынның көбі Сталин кезеңінен ес жия алмай жатқанда бойында Алаш рухы ойнап, қаны қайнаған студенттер ұлттың туын көтеріп, ұран салды. “Жас тұлпарды” құрғанда бізде аға буын өкілі болған жоқ. Қайта олар заманның қаталдығынан жасқанып, “бұларыңды қойыңдар, ұлтшыл атанасыңдар” деумен болды. Соған қарамастан біз өз бетімізше қалыптастық”, – деп жазады Мұрат Әуезов.
“Жас тұлпарды” тақыр жерге өсіп шықты дей алмаймыз. Оның алдында ел үшін жазықсыз атылып кеткен Алаш арыстары, елдіктің туын көтерген жастар ұйымдары бар еді. Ұйым жастары үнемі Алаш идеясына адал болуға тырысты. Әлі ақталмаған арыстарымыздың мұрасын зерттеп, насихаттауға күш салды. Мысалы, Мұрат Әуезов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаевтар Зылиха анамызбен кездесіп, Мағжанның өлеңдерін жинаған. Қаражат тапшылығынан әдеби қордың төрағасы, “Ара-Шмель” журналының редакторы Ғаббас Қабышев ереже бұзып, келісілген адамдардың атына ақша жазып, ол қаржыға Мағжан ақынның машинкаға басылған жинақтарын көбейтіп, таратқан. Бұл – 1972-1973 жылдары болған оқиға.
Бүгін “Жас тұлпар” мүшелерінің арманы орындалып, еліміз егемендікке жетті. Алайда жастарымызға әлі де бірлікті, іскерлікті жоғалтуға болмайды. Еліміздің іргесін берік ету жолында жалынды жастардың қайраты керек. Шетелде де мыңдаған ұл-қызымыз білім алуда. Олар да осы ұйымның үлгісімен бір ортаға бірігіп, ұлттық мәдениетімізді, құндылықтарымызды насихаттаса құба-құп. Қатал жүйенің қыспағына қарамай қазақ үшін атой салған “Жас тұлпардың” ісінің жалғасқаны осы болар еді.
Ақаділ ТАЛАПБЕКОВ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.