Осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткен көрнекті тарихшы, ұлағатты ұстаз, Тарих және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуовтың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Келлеров ауданына қарасты Талап ауылы. Ағамыз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде профессор, тарих кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, Отан тарихы мен өңір шежіресін ұлттық таным тұрғысынан зерделеп, тарихымыздың көмескі тартқан ақтаңдақ беттерін жаңаша ойлау арқылы тарқатты. Айтулы ғалымның бірқатар еңбектері қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған ұлтазаттық көтерілістеріне, аумақтық тұтастық үшін күрескен жергілікті тұлғаларға арналған. Абылай хан, Кенесары Қасымов, Шыңғыс Уәлиханов, Андығожа, Жәпек, Ағыбай батырлар, Науан хазірет, Бопай ханшайым, Ғазы Уәлиханов, Мәмбетәлі Сердалин, Айдархан Тұрлыбаев, Шаймерден Қосшығұлов, тағы басқалар жайлы еңбектері назар аударарлық. 200-ден астам монографиялар мен ғылыми мақалалары жан-жақты талдаумен, архивтік мәліметтердің молдығымен ерекшеленеді.
Қадыржан Қабиденұлы өз зерттеулерінде Айыртау, Зеренді аймақтарын мекен еткен жеті Момыннан тарайтын Атығай-Қарауыл тармағын жан-жақты саралайды. Байсарыдан – Құлмырза, Төлебай, Шөбек, Сарт. Алтыншы атасы – елге белгілі, сыйлы, Сырымбеттегі хан ордасымен, Шыңғыс төремен дәмдес, аралас-құралас болған Байсары би. Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары деген аталарынан тараған ұрпақтары Қазан төңкерісіне дейін Омбы уезінде тұрған. Құрманғожадан өрбіген Қараша, Есенбай, Қоңырша, Ананай әулеттері Мезгіл, Шалқар, Зеренді болыстарын жайлаған. Көпшілігі “Кіші Қазан” кәмпескесі уақытында қудалауға ұшырап, Түмен облысын паналаған. Қабиден ақсақал да көп теперіш көрген. Жерлес ғалым Оғазы Арыстанғалиұлы 2015 жылы жарық көрген “Көкшетау өңірінің жер-су атаулары” сөздігінде Байсары бидің қонысы қазіргі Лобаново елді мекенінің маңы, Байсары көлінің жағасы болғаны, бидің халық арасына кеңінен танымал екі баласы туралы деректер келтіреді. Байсарының үлкен ұлы Сарт би жөнінде Сәбит Мұқанов “Аққан жұлдыз” романында “Байсары да, Шөбек те Айғаныммен досжар екен. Олар жаз – бір, күз – бір, қыс – бір үйіне қонаққа шақырып, сыбағасын жегізеді екен”, – деп жазады. Айғаным ханша – Орта жүздің соңғы ханы Уәли ханның жары, Шоқанның туған әжесі. Сәкен Жүнісов “Ақан сері” дилогиясында Шөбек тұқымына арнайы тоқталады.
Қадыржан ағамыздың “Науан хазірет” атты кітабында арғы атасы Шөбек Байсарин туралы тың деректер ұшырасады. Өз төңірегінің беделді адамы ретінде бірнеше рет болыстыққа сайланған. Ресей императоры Александр ІІ-нің тәж кию рәсіміне қатысқан 9 қазақтың бірі болған. Империялық ұлыдержавалық саясат, отаршылдық идеология императордың таққа отыру рәсіміне өте қатты мән берген. Себебі бұл дәстүр мемлекет пен шіркеудің, діннің беріктігін, империяның күшін, патшаның шексіз билігін, қарамағындағы халықтарға сұсын көрсетіп, патшаның жердегі құдайдың өкілі ретінде танымын қалыптастыруға ұмтылған. Қазақ қоғамының өкілдері 4 инаугурация (тәж кию) рәсіміне қатысқан. Олардың арасында Жәңгір хан Бөкейханов, Фатима ханша, Шүке сұлтан, Нұралы хан, Қайыпқали сұлтан Есімұлы, Шыңғыс сұлтан Уәлиханов, Мұса би Шорманұлы, атақты композиторлар – Дәулеткерей, Тәттімбет, Сұлтанмахмұт Жантөрин, сұлтан Ахмет Кенесарыұлы, Сұлтанғазы Уәлиханов, сұлтан Ғұбайдолла Жәңгірұлы, Нұрмұхамед Сағынаев (паң Нұрмағанбет), тағы басқалары бар.
Тарихшы ағамыздың айтуынша, Шөбек ұрпақтарының бірі – Сердалы Шөбеков қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген. Ол Ақан серімен замандас болған. Қисса-жырлар жазып, “Шахнаманы” аударған. 1901 жылы “Рүстем-Дастанды” тәржімалап, Қазан қаласында “Қисса-и-Рүстем” деген атпен бастырып шығарған. Мәмбетәлі Сердалин – Бурабай төңірегіндегі Бағыс ішінде Әйтімбет атасына жататын атақты Қожағұл бидің жиені, яғни Сердалы Қожағұл бидің туған күйеу баласы болып шығады. Ол Кіші Қоскөл деген жерде туған. Ауқатты әулеттен шыққан. 1886 жылы Петербург университетінде оқыған. Бірақ “Жерлестер одағы” атты студенттік ұйымға қатысқаны үшін оқудан шығарылған. 1888 жылы Омбы техникалық училищесіне түскен. Алайда саяси сенімсіз адамдармен байланыс жасады деген желеумен одан да қуылған. Мұнан кейін ел ішінде әкімшілік орындарда түрлі қызметтер атқарады. Үнемі полиция бақылауында болады. Ол өз еңбектерінде қазақ жерін шетел капиталистеріне беруге наразылық білдіреді, қазақ елінің экономикасы мен мәдениетін өркендету мәселелерін көтереді. Өкінішке қарай, ғылыми еңбектері мен қоғамдық белсенді қызметі толық зерттелмеген. Көкше еліне әйгілі Науан хазірет пен молла Шәймерден Қосшығұловты Шығыс Сібірде айдауда жүрген жерінен босатып алуының өзі неге тұрады?
Қазақтың “Плевакосы” атанған Айдархан Тұрлыбаев – Қадыржан ағамыздың жерлесі, ауылдасы. 1877 жылы 25 тамызда дүниеге келген. Сүйегі Қарауыл-Шұңқырша, Шөбек ұрпағы, Қадекеңе немере аталас болып келеді. Көкшетау қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектеп-интернатын бітірген. Омбы классикалық гимназиясында алаш арыстары Жақып Ақпаевпен, Райымжан Мәрсековпен бірге оқыған. 1897 жылы 19 жастағы Айдархан Омбы облысының стипендиаты ретінде Санкт-Петербург императорлық университетінің заң факультетіне түседі. Сол заманның көреген қазақтары балаларын Ресейдің, тіпті шетелдің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп отырған. Мұны қысым көрген құқықтарын қорғаудың ең үздік әрі сенімді тәсілі санаған. Қазақ жастарының көпшілігінің заң факультеттерін таңдауы кездейсоқтық емес. Мысалы, XIX – XX ғасырлар аралығында тек бір ғана Қазанда (Императорлық Қазан университеті, Қазан малдәрігерлік институты, Қазан мұғалімдер семинариясы) 100-ге жуық қазақ студенттері оқыған.
Назар аударатын бір жайт, А.Тұрлыбаевтың 1897 жылғы 9 қыркүйекте жазған өтініші сақталған. Онда оған ешбір құпия қауымдастықтарға кірмеуге және ақша жинаумен айналыспауға міндеттелген.
Тәжірибелі адвокат “Алаш” халық милициясын ұйымдастыруға да белсене атсалысқан. 1920 жылдан 1923 жылға дейін ҚазКСР-дің Омбыдағы уәкілетті өкілі болған. Ашаршылықпен күресіп, Омбыдағы қазақ студенттеріне көмек көрсеткен. 1937 жылы 4 шілдеде 60 жастағы азаматты НКВД (ІІХК) органдары тұтқындап, “белсенді алашордашы”, Сібірдегі ақгвардияшыларға совет үкіметіне жаны ашитындарды ұстап берген, жергілікті билікке қарсы жігіттерді жасақтаған, ұлтшылдық іспен және пантүркілік мемлекет құрумен айналысуын жалғастырған, әскери шиеленістер кезінде көтеріліске көтеру үшін кадрлар даярлаған деген сияқты айыптаулар тағылған. А.Тұрлыбаев өзін кінәлімін деп мойындамаған. 1937 жылдың 17 қарашасында ату жазасына кесіледі. Тек 1957 жылдың 13 тамызында Сібір әскери округінің әскери трибуналы қылмыстық құрам болмауына байланысты толығымен ақтайды.
Қадекең нағашысы, анасы Ажардың немере інісі, Кеңес Одағының Батыры, белгілі қоғам қайраткері Жәлел Қизатов туралы да толғана әңгімелейтін. “Нағашым 1920 жылы бұрынғы Көкшетау уезі Аяқкөл (Қарағай) ауылында қарапайым шаруаның отбасында өскен. Әкесінен ерте айрылып, атасы Бекмағамбет пен шешесі Жамалдың қолында тәрбие алған. Елдері – Жақсылық Қарауыл, жайлаулары – Тораңғыл көлі мен Қамсақты өзенінің бойы. Майда лебізді әдемі әуенді Ақан сері, асқақ әнін алты қырдан асырған Біржан сал, жиырма бес биенің сабасының қорындай Бертағының баласы Орынбай ақын, Тораңғұлдың аққуына үн қосқан Үкілі Ыбырай, адамзаттың ділмары Шөже, арыстан білекті, жолбарыс жүректі, бұлбұлдай сайраған Балуан Шолақ жайлы айтары таусылмайтын”, – деп отыратын. 1944 жылы Днепр өзенінен өтер кезде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Басшылық қызметте жүргенде тік мінезі үшін басы ноқтаға сыймай өткендердің бірі.
Міне, ұстазымыз, Көкше жеріндегі тарих мектебінің негізін қалаушы ғалым, қоғам қайраткері, Абылай-шоқантанушы, энциклопедист, қаламыздың құрметті азаматы, еліміздің екі мәрте үздік оқытушысы Қадыржан Әбуовтің ата-тегіне қарап асылдың сынығы, тектінің тұяғы екенін айнытпай танисың.
Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарихшы-ғалым.