Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысымен танысу үшін Премьер-Министр Олжас Бектенов Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы бағдарлама шеңберінде коммуналдық-энергетикалық сектор және жол инфрақұрылымы нысандарының, жеңіл және өңдеу өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, ауыл шаруашылығы машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Премьер-Министр өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне ерекше басымдық берді. Солтүстік Қазақстан – қарғын су қаупі бар өңірлердің бірі. Есіл өзенінен келетін негізгі су көзі Астана, Сергеев және Петропавл су тораптары арқылы реттеліп отырады.
Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының жағдайын тексерді. Қазіргі уақытта су реттегіш құрылым қалыпты жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде алгоритмге сәйкес “транзиттік режімге” ауыстырылады.
Олжас Бектенов өткен жылдың сәуір айында шамадан тыс толып кеткен Сергеев су қоймасын бақылауда ұстауды, саяжай учаскелерін қарғын судың шайып кетпеуін айрықша назарға алуды тапсырды.
Су қоймалары бар Сергеев және Петропавл су тораптары республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген, бұдан бөлек, стратегиялық маңызды объектілер саналады. Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі 82 пайызды құрайды. Оның жалпы сыйымдылығы – 693 млн. текше метр. 2022 жылы республикалық қазынадан қаржы бөлініп, тораптар сараптамадан өткен. Қоймалардың техникалық жағдайына қанағаттанарлық деген қорытынды берілген. Осы жылы барлығы 2 млрд. 400 млн. текше метр су жиналады деп күтілуде. Болжам бойынша Есіл өзенінің су деңгейі сәуір айында айтарлықтай жоғарылайды.
“Қазсушар” РМК облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллинның айтуынша, автожолдағы көпірлердің жекелеген конструкциялары апатты жағдайда. Осыған байланысты өзге баламалы жолдар арқылы көлік ағынын қайта бағыттау мәселелерін қарастыруға тура келеді. Өңірде су тасқынының ықтималдығы жоғары 87 елді мекен есепке алынған. 24 қаңтардан бастап облыс күшейтілген дайындыққа көшірілген, жедел штаб жұмыс істейді.
Үкімет басшысы облыс әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, Төтенше жағдайлар министрлігіне су тасқыны қауіп төндірген жағдайда құрылымдық күштер мен техникаларды толық іске қосуды жүктеді.
“Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар аймақтарында су деңгейі көтеріліп, күрделі ахуал қалыптасып отыр. Барлық күштер осы мақсатқа бағытталып, республикалық және жергілікті штабтардың жұмысы тәулік бойы ұйымдастырылады. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары, барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылған. Жол қатынасы қиын учаскелерде адамдар тікұшақтармен қауіпсіз жерлерге көшіріледі. Жағдай қатаң бақылауда. Зардап шеккендерге Үкімет пен әкімдік тарапынан қажетті көмектер көрсетіледі”, – деді Олжас Бектенов.
Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы өнімдері ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, темір жол салаларында кеңінен қолданылатын бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралады. Алдымен ғасырлық тарихы бар С.Киров атындағы зауытқа соғып, әлеуетімен танысты.
Отандық машина жасау саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын өндіріс ошағында электронды жабдықтарды әзірлеу мен өндірудің толық жүйесі іске қосылған. Осы жылдың екі айында өндіріс көлемі 9,5 пайызға өсіп, 193,7 млн. теңгеге жуықтаған. 487 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Қазақстандық кәсіпорында шығарылатын “Lenovo” серверлерін құрастыруға индустриялық сертификат алынған. Электронды компоненттерді орнатуға арналған 5+ дәлдік класындағы 16 қабатты баспа платасы да үлкен сұранысқа ие.
Премьер-Министрге қорғаныс және азаматтық мақсаттарға арналған жоғары технологиялық өнімдердің әркелкі түрлерін дайындау үдерісі, желіні кеңейту, өндірістік қуаттарды арттыру бойынша алдағы мақсат-міндеттер туралы хабар берілді.
Кәсіпорынның бас директоры Алмаз Нұрмағамбетов Үкімет басшысына жаңа өндірістер игеріліп жатқанын, атап айтқанда, электромобильдерге арналған қуаттағыштарды шығару жоспарланып отырғанын баяндады. Тағы бір тың жоба – арнаулы мекемелерде орнатылған антивандалды телефондар шығару. Мұның өзі жергілікті жерлерде компьютерлік технология нарығындағы еркін бәсекелестіктің дұрыс жолға қойылғанын білдіреді. Былтыр 4 мыңға жуық компьютер сатылыпты.
Олжас Бектенов Петропавл ауыр машина жасау зауытында технологиялық жаңғырту мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда мұнай-газ, энергетика және темір жол салаларында қолданылатын өнімдердің кең желісі шығарылады, мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары қабылданады. Премьер-Министрге жаңа өнім – ұшқышсыз ұшу аппараттары көрсетілді. Оның өртке қарсы екі моделі жинақталыпты. Бірінші модель орманды дала өрттерін жою үшін мамандандырылған баллондар жүйесімен жабдықталған. Екінші модель көпқабатты ғимараттардағы жалынды ауыздықтауға арналған. Алдағы уақытта дрондардың жекелеген түрлері жетілдірілмек.
“Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап көрсетті. Елімізде жоғары әскери мақсаттағы өнімдерді көптеп өндіру импортқа тәуелділікті азайта түспек. Сонымен қатар кәсіпорынның ішкі резервтерін темір жол және мұнай-газ саласындағы қажеттіліктерді өтеуге де пайдалану керек. Үкімет отандық кәсіпорындар өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыратын болады”, – деді Олжас Бектенов.
Келесі нысан мұнай өнеркәсібіне сорғыш штангалар шығаратын “Мұнаймаш” АҚ болды. Оның ішкі нарықтағы үлесі 90 пайызды құрайды. Үкімет басшысы өндіріс қарқынын ұлғайтып, терең ұңғымалар сорғыларының импортынан толық бас тарту үшін мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындармен өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастыру керектігін айтты. Бүгінде Үкімет пен бизнестің алдында жергілікті өнім түрлерін көбейту міндеті тұр.
Полипропилен қап шығаратын “SMBGROUP Family” ЖШС-ға ат басын тіреген Олжас Бектенов еліміздің жеңіл өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, сыртқы нарыққа шығу қажеттігіне тоқталды. Бүгінде қазақстандық өндірушілердің контейнерлері әртүрлі жүк түрлерін тасымалдауға, сақтауға, сонымен қатар өнеркәсіп пен логистикада кеңінен қолданылады. Жыл басынан бері мұнда жалпы құны 580 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс көлемі 13,8 пайызға ұлғайған.
Солтүстік фанер комбинаты ламинатталған фанермен қазақстандық нарықтың бестен бірін қамтамасыз етеді және шетелге де экспорттайды. Былтыр өндіріс көлемі 4,3 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 32,6 пайызға артқан. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 30 мың текше метр өнім шығаруға лайықталған. Осында еңбек ететін 250 жұмысшының орташа жалақысы 250 мың теңгеден асады. Келешекте ламинатталған бөлшектер тақтасын шығару мақсатымен жаңа зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті материалдар Қытай, Түркия, Жапониядан әкелінбек. Инвестиция мөлшері – 8 млрд. теңге.
“РимҚазАгро” ЖШС қағаз өнімдері зауытында Үкімет басшысына макулатураны қайта өңдеудің белгіленген циклі көрсетіліп, кластерді одан әрі дамыту жоспарлары баяндалды. Фабрикада 30-дан астам өнім түрі шығарылады, олар еліміздің өңірлеріне және Ресейге жөнелтіледі. Премьер-Министр кәсіпорын басшылығына халық тұтынатын тауарлардың экспортын ұлғайтып, ішкі нарықтағы үлесті кемітпеу, мемлекет пен отандық бизнестің белсенді ынтымақтастығының жаңа түрлерін жетілдіру міндеттерін жүктеді.
Премьер-Министр Үкіметтің соңғы отырысында қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қолданатын техникалардың 75 пайызының тозығы жеткенін айта келіп, жаңалауға бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл мәселе көктемгі егіс науқаны қарсаңында өте өзекті. “AVAGRO” ЖШС-да Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы техникаларын шығару үдерісімен танысты. Серіктестік жергілікті нарықта ширек ғасырдан астам жұмыс істеп келеді. Мұнда құрастырылатын тасымалдаушы кешенді тіркеме ретінде пайдалануға да, жүк көлігіне орнатуға да болады. Үкімет басшысы салалық министрліктерге техникаларды жаңартуды қажет ететін шаруашылықтарды отандық өндірушілермен тіке байланыстыруды тапсырды. “Бәйтерек” холдингі арнайы бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерге жәрдемдесуі тиіс. Президенттің тапсырмасымен отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникалары үшін жеңілдетілген лизингке 450 млрд. теңге бөлінбек.
“Масло Дел” ЖШС өткен жылы 104,8 мың тонна сүт өнімдерін шығарып, еліміздің ірі қалаларына жіберген. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеу және алыс-жақын шетелдерге экспорттау әлеуетін тиімді пайдаланудың, сүт өңдеу кәсіпорындарына жеңілдікті субсидия берудің маңыздылығын атап өтті.
Нысандарды аралап шыққан Премьер-Министр мемлекет өңдеу өнеркәсібін және халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын, бұл ретте отандық өнімнің сапасына ерекше мән беріп, бизнес үздіксіз дамып, жаңа өндірістерді игеру керек екенін айтты.
Олжас Бектенов Жұмысшы кенті мен облыс орталығын байланыстыратын темір жол арқылы өтетін жол өткелінің құрылысымен танысты. Нысанның ұзындығы –1,2 шақырым. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, 2025 жылы іске қосу жоспарланған. Жол-көлік инфрақұрылымы – басым бағыттардың бірі. Өңірде республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды салуға және жөндеуге 39 млрд. теңге қарастырылған.
Агроөнеркәсіп кешені объектілерін аралау барысында Премьер-Министрге көктемгі дала жұмыстарына әзірлік, майлы және жемшөп дақылдарын көбейту, астық өндірісін әртараптандыру, суармалы егіншілікті дамыту, су үнемдеу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар баяндалды. Чапаев ауылында орналасқан “Қызылжар Сүт” ЖШС-ның малды азықтандырудан бастап, сүт саууға дейінгі үдерісі озық технологияға негізделгені жайлы толыққанды ақпарат берілді. Мұнда үш жылдың ішінде сауын сиырдың саны екі есе өсіп, былтыр 6 мың тоннадан астам сүт өндірілген.
Осында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен өндірісті ұлғайту перспективалары, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов алда агроөнеркәсіп кешені өнімінің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндеті тұрғанын еске салды.
Премьер-Министр “СевКазЭнерго” АҚ-ға қарасты №2 Петропавл жылу-электр орталығына аялдап, коммуналдық- энергетикалық секторды жаңғырту, тұрғындарды жылу энергиясымен үздіксіз әрі сапалы қамту мәселесіне айрықша назар аударды.
Акционерлік қоғамның бас директоры Анатолий Казановскийдың сөзіне қарағанда, станцияның тозуы 57,4, жылу желілері 77,5 пайызға жеткен. 12 қазандық пен 7 турбоагрегатты жаңалауға 17,6 млрд. теңге инвестиция бөлінген.
Үкімет басшысы халықты жылу және электр энергиясымен тиісті деңгейде қамтамасыз ету басты талап екенін қадап айтты.
“Стансада жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі толық орындап, жылдың соңына дейін түтін мұржасын пайдалануға беру қажет. Ең маңызды жобаларды қаржыландыруға қолдау көрсететін боламыз”, – деді Олжас Бектенов.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.