Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жұмыс сапарымен келгенде «Қызылжар-Сүт» фермасындағы сауын цехы мен мал бордақылау алаңы көрсетіліп, қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды. Мемлекет басшысы Қызылжар өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін ұлғайтуға мол мүмкіндік бар екеніне тоқтала келіп, озық өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау жасалатынын, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен несие беру өз тиімділігін көрсеткенін, қаржыландыру жағынан мәселе болмайтынын атап көрсетті. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру, сөйтіп ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен толық жабдықтау деңгейіне жету міндеттері қойылды. Жаңа фермаларды көбейту және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру есебінен сүт өндірісіне серпін беру жөнінде тапсырмалар берілді.
Облыста жыл сайын 650 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл– республика бойынша сүт көлемінің 10 пайызы. Соңғы бес жылда 16,5 мың бас ірі қараға есептелген 30 заманауи сүт кешені іске қосылды. Қазіргі таңда жүзден астам тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, 17 нысан ашу үшін қосымша 54,9 млрд. теңге бөлінді. Жергілікті кешенді дамыту бағдарламасы аясында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 35 млрд. теңгенің 35 жобасы қаржыландырылды. Сөйтіп, 21 сүт фермасы мен 2 құс фабрикасы бой көтерді. Жергілікті шаруалар алыс-жақын шетелден 10 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуды жоспарлап отыр. Былтыр өндірілген өнімнің 362 мың тоннасы өңдеу кәсіпорындарына жіберілді. Сүт өнімдерінің 150 түрі шығарылады. Басты мақсат–ішкі нарықты жергілікті азық-түлік тағамдарымен толық қамтып, импортқа қарай бет бұру. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 38 жоба қолға алынып, бөлінген инвестициялық қаражаттың мөлшері 83 млрд. теңге екенін ескерсек, бұл да орындалатын меже екені айдан анық.
Қазақстанда сүт өндірушілердің рейтингін «Зенченко және К» КС мен «Родина» агрофирмасы бастап тұрса, «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі де «ТОП-50» тобынан көріне білді. Шаруашылықтың сол кездегі бас директоры Еркебұлан Мәмбетов БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде мал шаруашылығы–бизнес емес, өмір салты деп айтқаны бар. Осы саладағы жетістіктер сол сөзінің дәлелі іспеттес. Алынған табыс ауылдардың әлеуметтік-мәдени өмірін сапалық жағынан жақсартуға бағытталды. Балаларға арналған шағын орталық аудандық білім бөліміне тегін берілді. Оқушылардың тамақтануына, мәдени және спорттық шараларды өткізуге әркез демеушілік көмек көрсетіледі.
Агроқұрылым етті-сүтті бағыттағы симменталь және голштин тұқымдас ірі қара өсірумен айналысады. Серіктестік бұл бағыттағы ісін 2012 жылы АҚШ-тан 200 бас сауын сиыр әкелуден бастаған-ды. 2013 жылы облыс аумағында тұңғыш аукцион ұйымдастырылды. 13 айлық Гарик атты ірі қараның салмағы 475 кило тартып, 1 млн. 120 мың теңгеге сатылды. Былтыр Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қостанай өңірлерінен келген аграршылар Меңгесер ауылында орналасқан тауарлы сүт фермасында болып, іс-тәжірибелермен бөлісті. Оларды ұрғашы бұзаудың сауын сиырға дейін жетілу үдерісі қатты қызықтырды. Зеңгі баба төлі алдымен кептіру қосынына жөнелтіледі. Сосын он күн бойы арнайы қорада бөлек күтіледі. Ал селекциялық жұмыстың басты бағыты– мал тұқымын асылдандыру ісін одан әрі жетілдіру, ең бастысы, сауын сиырлардың генетикасына зор мән беру.
Шаруашылықтың бас технологы Дулат Темірұлы табыстың басты кілті –сиырдың тілінде екенін, сондықтан азықтандыру рационы түрлі жемшөп қоспаларымен, концентраттармен байытылып отыратынын жеткізді. Сүтті малды азықтандыру үдерісін арнайы мамандар бақылайды. Сүт мөлшерін арттыруға қатысты басқа да мүмкіндіктер жете ескеріледі.
Округ орталығы жылдан жылға көркейіп келеді. Соңғы жылдардың өзінде ғана бірнеше әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Мұнда көшіп келуге тілек білдірушілер көп. Нәтижесінде 50 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, тоғызы– сауыншылар. Былтырлары Қазақстан бойынша бір сиырдың жылдық орташа сауымы 2360 литрді құраса, мұндағы көрсеткіш төрт есеге артық. 3,2 млрд. теңгеге тұрғызылып, 2019 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан кешенде 453 сиыр сауылады. Күндік сауылым мөлшері– 23,5 литр. Тәулік сайын 10 тоннаға жуық сүт «Евразиан-Милк» кәсіпорнына жөнелтіліп тұрады. Сауыншылардың орташа жалақысы 280-300 мың теңгеге жуықтайды.
2022 жылы «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы жүлдесін жеңіп алған «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі сауын сиырларды күтіп-бағу мен азықтандырудың озық технологияларына сүйене отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізу жолдарын жүйелі түрде қарастырып келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.