«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дипфейк: алаяқтықтың жаңа деңгейі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары алаяқтар азаматтарды алдау үшін жаңа технологияларды белсенді қолдануда.  Дипфейк – бұл кибершабуылдар мен азаматтардың құпия деректерін ұрлаудың тамаша құралы, ол жоқ адамдарды «тірілтуге», кез келген дауысты, мимиканы бұрмалауға, сөйлеуге, адам ешқашан айтпаған сөздерді қосуға мүмкіндік береді.

«Дипфейк технологиясы ең қуатты нейрондық желілерге негізделген, олардың көмегімен кез келген фото және бейнекескіндер жасалады, дауыстың тоналдылығы, адамның бет әлпеті сияқты биометриялық деректерді басқаруға болады. Дипфейк арқылы ешқашан болмаған оқиғаларды жасауға, адамға жас қосып, егде адам қылып көрсетуге немесе керісінше, бірнеше ондаған жылдарға бейнесін жасартуға, қайтыс болған актермен фильм түсіруге, фотосуретті жандандыруға болады. Мұны продюсерлер, режиссерлер, маркетологтар, жарнама берушілер және   алаяқтар белсенді түрде пайдаланады», – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі  басқармасының басшысы Алма Дәуренбекова.

Ресми түрде «Дипфейк» технологиясы 2014 жылы пайда болды деп саналады. Бұл технологияның негізгі алгоритмін Стэнфорд университетінің студенті Ян Гудфеллоу әзірлеген, ол қазірдің өзінде жасанды нейрондық желілер мен терең оқыту саласындағы жұмыстарымен танымал американдық ғалым.

 Маманның айтуынша, «дипфейк» деген ұғым бұл адамның бет-әлпетін немесе дауысын синтездеуге арналған бірқатар алгоритмдердің нәтижесі. Бұл мәселені шешу үшін қолданылатын негізгі алгоритмдер генеративті-қарсылас желілерге негізделген. Осы инновациялық технология арқылы бар адамды, мимиканы және дауысты көшіруге болады. Бұл технология теледидар мен әлеуметтік желілерде адамның жасанды digital-көшірмесі тележүргізуші мен блогер бола алатын кезде қолданылады.

Алаяқтар жеке деректерді, digital-тұлғаны, мысалы жақын туысын, танысын, қоғамдық инфлюенсерді ұрлау үшін, қоғамда жалған ақпарат тарату, қаржылық бопсалау және автоматтандырылған кибершабуылдар жасау үшін дипфейктерді өздерінің жеке мүдделері үшін пайдаланады екен.

«Қаскүнемдер дипфейктердің көмегімен: банктік шотқа қол жеткізу, оны қолма-қол ақшаға айналдырып, жалған кредиттер ресімдеу үшін басқа адамның жеке басын қолдан жасайды; ірі қаржылық транзакциялар мен күрделі кредиттік алаяқтық схемаларын іске асыру мақсатында өмірде жоқ жаңа «адамды» жасап шығарады.

Сонымен қатар, алаяқтар онлайн-сервистер мен есептік жазбаларға немесе банктік карталар, кредиттер және т.б. қол жеткізу үшін қайтыс болған адамның деректерін пайдаланулары мүмкін», – дейді Алма Дәуренбекова.  

Ол дипфейкті танып-білуге болатынын айтты.  Бірінші кезекте, адамның жасанды мимикасына және көзін біртүрлі жыпылықтатуына не керісінше оның мүлдем жоқтығына,  қисынсыз сөйлемдер құрастыруына, аздап тұтығуына немесе робот іспеттес сөйлеуіне назар аудару керек екен.  Яғни жасанды болып көрінгеннің барлығына  күдікпен қарау қажет.

 Интернетте танымал тұлғаның аса көп күш салмай көп ақша табудың жолын айтатын роликтер көруге болады. Мәселен, алаяқтар өздерінің мақсаттарын жүзеге асыру үшін қарапайым азаматтардың сенімі мен назарын барынша тарта отырып, белгілі және беделді тұлғалардың digital-көшірмелерін пайдаланады. Қаскүнемдер түрлі инвестициялық онлайн-платформаларда ақша табу жолдарын ұсынады, оларға қатысу үшін жалған сайттарда өз деректеріңді қалдырып, ұйымдастырушыларға  шамалы сома аударсаңыз болды деп сендіреді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp