1995 жылдың 7 сәуірі – ел тарихындағы қаралы күндердің бірі. Осыдан 29 жыл бұрын Тәжікстанның Пшихавр таулы шатқалында әскерилер мен моджахедтер арасында 4 сағаттан аса уақытқа созылған ауыр ұрыс болып, қазақстандық 17 жауынгер қаза тауып, 40-қа жуық сарбаз түрлі ауыр жарақат алды. Моджахедтердің тұтқиылдан жасаған шабуылынан Пшихавр шатқалында болған қанды шайқастың тікелей қатысушысы, тәжік-ауған ардагері Сайранбай Ермекұлы Каженовты әңгімеге тарттық.
Сайранбай Каженов 1975 жылдың 24 қазанында бұрынғы Көкшетау облысының Тайынша ауданына қарасты Тапшыл ауылында дүниеге келген. Он құрсақ көтерген анасы Уәзира Каженова КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Батыр ана» атағын алған. Кейіпкеріміз – алты ұл, төрт қыздың ішіндегі сегізінші перзент. Балаларын адалдық пен әділдік ұстанымына сай тәрбиелеген отағасы Ермек Каженовтың өткір мінезі ұл балаларының ержүрек, намысшыл болуына ықпалын тигізбей қоймапты.
Сегізінші сыныпқа дейін Тайынша ауданының Терновка ауылындағы мектепте білім алған Сайранбай Ермекұлы орта кәсіптік техникалық училищесін электр-газ дәнекерлеушісі және жүргізуші мамандығы бойынша тамамдап, Терновка ауылында мамандығына сай дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. 18-ге толғасын әскерге шақырту алып, Шымкент қаласындағы оперативті мақсаттағы 5485 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
Кейіпкеріміз сол бір күнді еске алғанда қабырғасы қайысардай ауыр күрсініп, сәл кідіріс жасап барып, Тәжікстан жеріне қалай барғаны туралы толық әңгімелеп берді.
«Үйге кетуге бір жарым ай уақыт қалғанда командирлеріміз ТМД елдері қабылдаған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісімшартқа сәйкес бітімгершілік бағытта тәжік-ауған шекарасына қызмет ету туралы ұсыныс жасады. Мен секілді өз еркіммен баруға ниет білдірген 100-ге жуық жауынгері бар біздің 7-ші ротаны Шымкент қаласынан Душанбеге, одан әрі тәжік-ауған шекарасына жөнелтті. Келген жеріміз қиыр-шеті жоқ, бір-біріне жалғасып жатқан биік таулар. Мал қора салатын тастардан тұратын бекеттер тұр. Айнала құм, толған қиыршық тастар. Сары далада өскен бізге ә дегенде 800 метр биіктіктегі тау шатқалдарына көтерілу оңай болған жоқ. Су алу үшін асынған қару-жарақтарымызбен Пяндж өзеніне түсетінбіз», – дейді ол.
Ауған содырларының шекара арқылы есірткі мен қару-жарақ өткізуіне тосқауыл жасау 7-ші ротаның міндетіне кірді. Пяндж өзені жағасындағы Калаихумб ауылынан 100 шақырым жердегі Карох бағытына жол тартқан оннан астам автокөлік легі түс кезінде Пшихавр таулы шатқалына тоқтайды.
«Бұл жерде біздің бір взвод күзет бекеттеріне қалуы тиіс болып, командирлер бекеттерді қарауға кеткен. Осы кезде моджахедтер тұтқиылдан щабуыл жасап, таудың жоғары жағынан граната атқыштан атылған оқ алдыңғы қатардағы санитарлық дәрігер отырған көлікке тиді. Командиріміз «к бою!» деп бұйрық берді. Алдымыз Пяндж өзені, артымыз тау, жасырынатын жер жоқ. Барлығымыз секіріп түсіп, көліктердің астына, тасасына жасырынып, командирдің пәрменімен оқ аттық. Айнала көк түтін. Ештеңені болжап болмайсың. Дегенмен, шабуылшылардың дайындығы өте күшті болғаны көрініп тұр: снайпермен де, минометпен де оқты жаңбырша жаудырып жатыр», – дейді кейіпкеріміз.
Дәл осы тұста миномет снарядының екі жарғышағы Сайранбай Ермекұлының аяғына кірген. Алған жарақатын сезініп үлгерместен, жанындағы көлікке тиген гранатомет снарядынан ұшқан шыны мойнына қадалады. Сайранбай Каженов командирдің «Автомобиль сейчас взорвется! Отойди подальше!» деген бұйрығын естіген бойда, жақын жердегі үлкендеу тасқа жасырынуды ойлаған. «Қарсы оқ атуға басымды көтере бергенім сол еді, тұтқиылдан атылған оқ баскиімімді ұшырып әкетті. Осы кезде қасымда оқ тиіп, ауыр жаралы жатқан қарулас досым: «Ана-әкеме сәлем айтшы!» деуге шамасы келіп, өз қолымда көз жұмды. Жалпы қаруластарымның көбісі ауыр жарақат алды ғой. Соның ішінде басының жартысын моджахедтердің оғы жұлып әкеткен бір қаруласым 29 жыл дәрігерлер орнатып берген титанды дискпен өмір сүріп жүр», – дейді ол.
Ауған моджахедтерінің жасаған шабуылына тойтарыс беріп, қайсарлық көрсеткені үшін Сайранбай бірқатар медальдармен марапатталған. Ол үшін мерекелер, атаулы күндер сайын кеудесіне жарқырата тағатын «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі ерекше қымбат. Одан өзге Тәжікстан республикасының президенті Эмомали Рахмонның госпитальге арнайы келіп, өз қолымен табыстаған «Үздік әскери қызметі үшін» медалін көзінің қарашығындай көреді.
Арада 29 жыл өтсе де, Сайранбай Каженов тәжік-ауған шайқасынан алған ауыр жарақатының салдарын әлі арқалап жүр.
Миномет снарядының екі жарғышағы тізенің астына кіріп, қан тамырларына жақын жерде болғандықтан және гранатомет снарядынан ұшқан шыны мойнына кіргендіктен, дәрігерлер ота жасауға кеңес бермепті.
Жат елде жатырқамай, жауға қарсы тұра білген жауынгер Отанға қызмет етуін тоқтатқан емес. 2005 жылы Петропавл қаласындағы Әскери академияға қызметке орналасып, 2020 жылы оқу үдерісін материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының старшинасы лауазымынан зейнет демалысына шығады.
«Отан алдындағы борышымды өтеу азаматтық парызым екенін білсем де, тағдырдың қарулы қақтығыстың қатысушысы болуды жазатынын сезбеппін. Дегенмен, осы шайқасқа қатысып, өзімді өмірдің тағы бір мектебінен өткізгеніме өкінбеймін. Тәжік-ауған шекарасында өткізген әр сәтімді ғасырдан да ұзақ түнге балар едім»,- дейді Сайранбай Каженов.
Әскери өмірдің қыр-сырын жақсы меңгергенімен қоса, қанды қақтығыста нағыз жауынгерлік көрсеткен тәжік-ауған ардагері бүгінде шақыртуларға байланысты өңірдегі патриоттық клубтарда, мектептерде және әскери бөлімдер мен әскери академияда патриоттық бағыттағы сұхбаттасуларға қатысып, ерлік тақырыбындағы әңгімелерді қозғап жүр. Жұбайы Салтанат екеуі Ануар есімді ұл, Сабина, Роза есімді қызғалдақтай қыздарды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltústіk Qazaqstan».