«Мен үлкен жұмыс атқарып жатырмын. Өңірдегі өрелі журналистің бірімін, еңбегім еленбейтіні қалай?» – деп емеуірін танытпаған, ондай ойы да болмаған ардақты ағамыз Дүйсенбі Әуелбековтің туғанына 95 жыл толып отыр. Елудің ар жақ-бер жағындағы кемел шағында мен ол кісімен бірге қызмет істедім. Жазғандарын оқитын диктор едім. Бұл қызметке 1969 жылы конкурстан өтіп қабылдандым. Осы жұмыстың жетегінде жүргеніме биыл 55 жыл болады екен.
Сонымен Дүйсекеңе көшейін, мектепті алтын медальға, КазГУ-ді қызыл дипломға бітірген Дүйсенбі ағаның өз аузынан бұл жетістіктерін естіген емеспін. Себебі ол кісі өзі жайлы көп айтпайтын. Дүйсекең – екі тілде (қазақ, орыс) бірдей жазатын қаламы жүрдек журналист еді. Сол кезде облыстық радио мен теледидарда кілең ығай мен сығайлар, яғни беделді де білікті журналистер жиналды. Жанәбіл Оспанов, Тұрсынбай Кәкімов, Ғазез Балтабаев, Сәркен Барқытов, Ермек Құсайынов, Ерғали Әбілмәжінов, Мүтәлләп Қанғожин. Осы журналистердің әрбірінің оң жамбасына келетін, көсіліп кететін сүйікті тақырыптары болды. Бірі «одалаған» композицияларды күйіне келтіре күмбірлетсе, бірі дала дүлдүлдері – комбайншыларды, құт таяқты қойшыларды, теңіздей толқыған дәнді алқапты айызы қана айғақтап жазатын журналистер еді. Солардың жазғандарын эфирге жіберуге қол қойып, жонатын жерлерін жонып, иін қандырып жіберетін адам Дүйсекең болатын. Тіпті орыс тілді журналистер де жазғандарымен имене кіріп, қызара шыққандарына талай куә болғаным бар. Ол кісі бір жылдары радионы да басқарды, облыстық газетте де қызмет етті.
Дүйсекең жақсы жазылған материалды «жақсы» деп мақтайтын да, нашар шыққанын (табақтас, дәмдес болып жүрген адамы болса да) «Асығыс жазыпсың ғой, бір қарап шық», – деп қайтарып беріп жіберетін. Мына бір жай есімде қалғанын қарашы. Бірде Тұрсынбай Кәкімов ағай ауылдың озат еңбеккерлері жайлы очерк әкелді. Дүйсекең қарады да, «Не, не деп бастағаның?» – деп ежіктеп оқыды. «Есілдің көбесіне иек арта орналасқан». Көбе, тырнақтың көбесі… Есілдің көбесі оған иек артады… Ғажап, тамаша теңеу, тіпті ар жағын оқымаймын. Ә, не дегенсің, ә»? – деп біраз әңгіме қылды. Жүзі нұрланды. Рақаттанды. Қайта-қайта тамсанды. Ләззат алды. Бұл мен үшін мектеп еді. Дүйсенбі Әуелбеков – ұстазымыз еді. Ол кісі өз-өзіне айтып тұрған жоқ, маған айтып тұрғандай болды. Өйткені оқитын, жұртқа жеткізетін мен. Сонда Дүйсекең: «Қанша шақырым жер жүріп, үйіне келіп, күні-түні теңеу іздеп, тер төгіп, ізденіп жазғанын қалай болса солай оқи салуыңа жол жоқ», – деп маған сес көрсеткендей ойда қалдым. Кешке қарай эфирге оқығанда Дүйсекең тамсанған сөздерге екпін бере (өзімше) жақсы оқыдым-ау шамасы!
Бірде көкөніс деп оқығанымда «К» әрпін «г» қылып жібермедің бе, көгөніс», – дегені бар. Ол кісі «Мынаны былай оқы, былай жаз» демейтін, «Сөйте салмадың ба?», – деп сүйкей қамшылайтын еді. Осыдан соң үндестік заңына мән беретін болдым.
Білімді адам жан-жақты келеді ғой. Жұрт сондықтан да «білімді» дейтін шығар. Дүйсекең де сондай еді. Ол кісі – шахмат ойнаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, кезіндегі кеңес одағының көптеген шахматшыларымен күш сынасқан (жазбаша) әйгілі шахмат шебері болған адам. Столының бір жақ шетінде шахмат тақтасы жаюлы тұратын. Жаңалықтарды аударып отырып, қарсылас ойыншыны ойсырата жеңе беруші еді. Мен күнде ойнап, күнде жеңілетінмін. Кәсіподақтар ұйымдастырған облыстық спартакиадада сәтін салып, үшінші орын алғанымды айта кетейін. Яғни мен де қаражаяу емес едім.
Айтпақшы, аударма дедім ғой бір сөзімде. Ол кісі қолмен жазып аударып жатпайтын. Өте бір биязы апай, Ермек Құсайынов ағайдың зайыбы Қалида деген кісі машинка басушы болды. Өз ісінің асқан шебері еді. Саусақтары пианинода ойнап отырғандай жорғалай жөнелетін. Сол кісіге бірден ауызша аударып жазғызатын. Қайталау деген болмайды, айтты болды жазылды. Ол кісінің екі тілге де (қазақ, орыс) сауаттылығы әріптестерінің алдында беделін көтере түсетін.
«Миллиардтап дән құйыңдар, миллиондап қой өсіріңдер», – деген Мәскеудің пәрменін жүзеге асыруда жан-тәнімен еңбек еткен азамат, соларды Қызылжар өңірінде өзгелерге өнеге етіп, өнімді еңбектерін жұртқа жариялай білген, облыстың телерадио комитеті қызметкерлерінің ішінде 30-40 жылдық еселі еңбегі бар Дүйсенбі Әуелбеков көзі тірі болғанда биыл 95 жасқа толар еді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – дейді қазақ. Өзінен кейінгі толқынға ұстаз, басшы бола білген Дүйсекеңнің сыпайы да, салиқалы бейнесі ол кісіні көріп, білген көпшіліктің есінде сақталары сөзсіз.
Иә, мен білетін Дүйсенбі аға бар болса тасымаған, жоқ болса жасымаған, қолы ашық, өмірге ғашық жан еді. Басшымын деп кеуде қақпайтын, жақсы журналистерді жылы сөзімен жақтайтын, жан-жақты білімді де беделді, Қызылжар өңірінде 1960-90 жылдар аралығында «журналист» деген қызметті абыроймен атқарған ашық-жарқын дарынды азамат еді.
Дүйсенбі ағаның жан-жары Қалима жеңгей телеарнадағы дикторлардың бірі болды. Ол кісіні мен ауыстырдым. Ал радиода бұлбұл дауысты, дүлдүл дауысты Бәткен Сұлтанова деген апаймен бірге қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Айтайын дегенім, Дүйсекеңнің үйінде Қалима жеңгейдің дастарқанынан бірнеше рет дәм татқаным бар. «Қонақ аз отырып, көп сынайды», – дейді ғо аталарымыз. Сынағаным емес, байқағаным – орнықты отбасы екендігі. Дүйсекеңнің беделі үйінде де білініп тұрды. Бір-бірінің көңілдеріне қарасқан, сыйластықтары жарасқан шаңырақ екендіктеріне куәгер болғаным бар.
Құрдасы болмасам да, заманымыз бір болған әріптесім, «жассың» демеген басшым – Дүйсенбі Әуелбеков ерке Есіл өңірінде еске аларлық еселі еңбек еткен ардақты ағалардың бірі еді.
Бүркіт БЕКМАҒАМБЕТОВ,
ардагер диктор,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.