«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛҒАН ҚАЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы  су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты республика халқына арнаған Үндеуінде атап өткендей,  көлемі жағынан  соңғы 80 жылдан астам бергі ең ірі табиғи  апатты еңсерудің   қажетті шаралары қабылданып,  зардап шеккен аймақтарға барлық ресурс тартылған. Аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде. Су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ оған қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелерін нығайту, адамдарды қауіпсіз жерлерге  эвакуациялау қарқынды түрде жалғаса түскен. Төтенше жағдайлар министрлігінің  ақпаратына қарағанда, зардап шеккен өңірлерге 1400 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 870 жеке тұрғын үй, 1264 аула аумағы су астында қалды. Бірлескен күштермен 9,3 млн.-нан астам текше метр еріген қар суы сорылды, 1,9 млн. қапшық және 1,2 млн. тонна инертті материал төселді. 3402 тұрғын үй мен 2 041 аула аумағынан су бұрылды. 107119 адам, оның ішінде 38 457 бала эвакуацияланды. Әуе кемелері арқылы 3458  адам, оның ішінде 1138  бала құтқарылды. 11674 адам үйлеріне оралды.  Уақытша орналасу пунктеріне 7414 адам, оның ішінде 3173 бала орналастырылды. Су шайған 109 автожол, 9 көпір және 100 жол төсемі бақылауға алынды. Қазіргі уақытта 84 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Ақмола облысында Жабай, Қалқұтан, Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Сандықтау ауданының Быстрымовка, Сандықтау, Каменка, Балкашино ауылдарында, Астрахан ауданының Еңбек, Ягодное ауылдарында, Атбасар ауданының Самара ауылында жеке тұрғын үйлерді су басты. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 35 339 адам,  3 450 бірлік техника, 744 су сору және 257 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды.

Үкімет басшысы  Олжас  Бектенов  су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру үшін Орал қаласына барды.  Мұнда Жайық өзенінің жағалауын нығайту және бөгет құрылыстарын салу жұмыстарының барысын тексерді.  Жайық өзенінің су деңгейі 7,58 метрге дейін көтерілді. Сарапшылар  су тасқынының шарықтау шегі 20-21 сәуірде болады деп болжауда.  Премьер-Министр  су тасқыны қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмағанын айтты. Әсіресе,  солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа кезеңі басталады. Табиғи апатқа алып келген негізгі фактор –  қалың қар, топырақтың тоң болып қатып қалуы, күннің күрт жылынуы мен жауын-жашынның молдығы. Арқалық қаласына Үкіметтің төтенше резервінен 405 млн. теңге бөлінді. Қостанай облысында  үлкен судың қарқыны қайта бастады.

Атқарылып жатқан кешенді шараларға қарамастан  Қызылжар өңірінде жағдай әлі күрделі. Петропавл қаласында, Ғ. Мүсірепов атындағы, Шал ақын, М. Жұмабаев, Айыртау, Есіл, Тимирязев, Қызылжар  аудандарының елді мекендерінде  бір мыңнан астам  жеке тұрғын үй, 1010 аула аумағы су астында, 73 ауыл  көлік қатынасынсыз қалды. Олардағы тұрғындармен байланыс орнату мақсатымен  қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорлары құрылды. Қарғын су Бескөл кенті маңындағы бөгетті жарып өтіп, Жамбыл,  Береговой, Киров, Қарасай батыр, Баукенов, Разин  көшелерінің тұрғындары жедел түрде қауіпсіз жерлерге көшірілді. Тепличное  ауылында  коттедждер мен таунхаустар суда тұр. Қарғын су Вишневка, Ольшанка, Большая Малышка, Соколовканы ендей өтіп, Бескөлге шыға берістегі  МАИ бекетін жабуға тура келді.

Бас шаhарды айнала  су құрсаулап,  ахуал тіпті қиындап кетті. Бөгеттер қатты ағысқа шыдас берер емес. Су тасқынының екпіні жаман, шарықтау шегіне жетіп, Былғары зауыты, Ойқала шағынаудандарында, Заречный кентінде  1068 жеке баспана су астында қалды. Судың биіктегені соншалық, кей үйлердің төбесі ғана көрінеді. 10345 адам эвакуацияланды, 2328-і–балалар. 688 адам эвакуациялық орталықтарға,  9613 адам туған-туыстарына қоныстанды. 695759 текше метр су сорылды. Өкінішке қарай,  22458 метр бөгет нығайтылып,  8401 метр бөгет салынып,  204036 қапшық төселгенімен, көбін су ағызып әкетті. Су тасқынына қарсы шараларға 4545 адам,  850 техника,   481 су сору құрылғысы,   117 жүзу құралы, 3 әуе кемесі, сондай-ақ Астана, Алматы қалаларынан, Түркістан, Қарағанды, Павлодар облыстарынан  жедел күштер жұмылдырылған.  

Су тасқынының «Қызылжар су» ЖШС-нің сорғы станциясына  зор залал келтіргені соншалық, қала тұрғындары бірнеше күн тіршілік нәрінсіз  қалды. Оған мұздардың электр бағаналарын қиратуы себеп болды. «Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ-ның мамандары ақауды қалпына келтірді. Оған дейін су таситын  арнайы 50 көлік күні-түні қызмет етті. Бастапқыда қала әкімдігі  ауыз су 4 сағат ішінде  берілетініне  сендірген. Алайда апат ауқымы жағдайды күрделендіріп жіберді. Дегенмен, 14 сәуірге қараған түні су үздіксіз  келе бастады. Электр жарығы да қосылып, қала тіршілігі қайтадан жанданды. Тұрғындар да барынша төзімділік, сабырлылық танытып бақты. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда 69  қарғын су оқиғасы тіркелді.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың әр күні қауырт қимылдарға толы болды. Аумақты суретке түсіру және деректерді ішкі радиобайланысы  бар картаға 2D форматында  лезде  жіберу үшін  барлау дрондарын белсенді пайдалану тапсырмасын Петропавл ауыр машина жасау кәсіпорны орындап, ұшқышсыз ұшу аппараттарын іске қосты. «KEGOC» АҚ авариялық-құтқару жасақтарымен  ынтымақтасудың маңыздылығы аталды.

Өңірде тасқын су қаупі күшейе түпесе, әзірге сейілер түрі көрінбейді. Бір күнде 400-ден астам үйдің су астында қалуы жағдайдың  өте күрделі екенін аңғартады. Қалаға кіре берістегі Пестрое көлінің жағалауын қарғын судың шаюы салдарынан жол қатынасы кесіліп қалды. Мұндай жайт бірінші рет кездесіп  отыр.  Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған жедел ақпараттар бойынша  Сергеев су қоймасына– 1051,8 млн. (151,77 пайыз), Петропавл су қоймасына–28,12 млн.  (114,78 пайыз), Сілетіде–230,40 млн. ( 100,17 пайыз), Шағалалыда   25 млн. текше метр (89,29 пайыз )  су жиналған.

                                                                                                                             Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp